Адасқанның алды жөн арты соқпақ

Қаракөз бен Ақтан ажырасуға бел байлады. Қаракөз мемлекеттік мекемелердің бірінде жұмыс істейді, екеуінің орталарында шекесі торсықтай сүп-сүйкімді ұл өсіп келеді.

Қаракөз бір отбасының ұйытқысы болуға, жалпы өмір сүруге қабілетті жан екендігі сөз саптауы, өзін-өзі ұстауынан анық байқалып тұрды. Оның айтуынша, өзінің төркін жағы времянка болса да сатып алып, адам болыңдар деп қайтарымсыз әжептәуір қаржы бергенге ұқсайды.

Өкінішке қарай, осы жақсылықты сезініп, шаруаны үйлестіріп жатқан азаматты көрмей тұрмыз. Бұл жерде де үйдің асыраушы-тірегі күйеуі ішкілікке салынып кеткен. Тіпті ішіп алғанда көзі түк көрмей, қол көтеруге дейін барады.

Бір түсініксіздігі, Ақтан күні кешеге дейін мешіт жамағаты ретінде құран сүрелерін жатқа айтудан облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған имандылық, дін жолындағы адам. Неліктен аяқ астынан ішкілікке салынып кеткен? Оның себебін біз де сұрап көрдік, бірақ жартымды жауап болмады. Атам қазақ мұндайды «құдайдың қаһарына ұшыраған» деп оларға аяушылық танытып, мүсіркей қараған. Бір қарағанда «қойдан жуас» болып көрінетін Ақтанды ақтап алатын сөз таба алмай қиналдық. Қаракөздің айтуынша,күйеуі көпірдің үстінен секіріп, өмірмен қош айтысқалы тұрғанын хабарлап, біраз дүрліктірген көрінеді. Бұл да бір суға кеткен тал қармайды дегендей шарасыз жанның әрекеті ғой. Бәлкім сүйікті жарын иліктіріп, отбасын сақтап қалуға жасаған өзінше айла-шарғысы болар. Бірақ Қаракөздің көңілі біржола суыған секілді.

-Талай иттігін кешірдім, отбасын сақтап қалу үшін біраз талаптанып көрдім, бірақ ортақ тіл табыса алмадық, күйеуіміз екеуміз екі бөлек жанбыз, мінез-құлқымыз, ішкі жан дүниеміз үйлеспей қойды, қайтемін, тағдырым шығар, бәріне көнемін ғой,-дейді Қаракөз жанарына ілінген мөлдір тамшыны байқатпауға тырысып. Білімді де сымбатты, кішіпейіл де қарапайым Қаракөз қай жағынан алып қарағанда да бақытты болуға лайықты. Бірақ кіммен, қалай? Бұл әзірге басы ашық сұрақ. Ал, күйеуі Ақтан болса, жаздым жаңылдым, енді қайталанбайды, баламыздың болашағын ойлайық деп әйелінің алдында жік-жақпар болады. Оған «аузы күйіп қалған» Қаракөздің сенгісі жоқ. Екі жақтың да уәжін тыңдап, біраз ақылын айтып, болашаққа деген сенімдерін оятқаннан кейін алқа билер Кеңесінің төрағасы Сағынбай Шотпақов ағамыз екі жаққа да тиімді ортақ бір мәмлеге келгендей болды.

-Ақтан, сен бұрын бес уақ намазыңды қаза қылмаған намазхан болсаң, енді басталғалы тұрған Рамазан айының иман-сауабын жақсы білетін боларсың?

--Күні бүгін екеуің екі бөлек тұрасыңдар ғой?

-Иә, солай

-Ендеше, мұсылманның өзің білетін бес парызының бірі-отыз күн ораза тұтуға тәуекел етуге ерік жігерің жете ме?

-Өзім де осы уақытқа дейін жасаған күнәларым үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, құлшылық етіп, жалбарынуға ниеттеніп жүрмін. -Әп, бәрекелде, осы қасиетті айдың сауабы тисін сендерге, , бір үміт сәулесі жанғандай болды. Оразадан кейін тағы жолығармыз...осымен әңгіме тәмам.

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегендей, Ақтан мен Қаракөз түк болмағандай алқа билердің алдына келіп: «біз сіздерді қуантқалы келдік» деп тұрса-біздің де еңбегіміздің еш кетпегені, тәңірім соған жеткізсін деп тілейік те.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT