Жайықтың тағдыры - халықтың тағдыры

«Жайық-Орал» экспедициясы Сарайшықта мәресіне жетті.

Дәстүрлі «Жайық – Орал» тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық, туристік экспедициясы өткен сенбіде ауданымызға аялдады. Орынбор және Батыс Қазақстан облысының спортшы-туристерінен, ғалымдар мен халық қалаулыларынан құралған экспедиция құрамы байдарка қайығымен Оралдан – Сарайшыққа дейінгі 400 шақырымнан асатын су жолын жүзіп өтті. Экспедицияның басты мақсаты – Жайық өзені бассейнінің экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайына билік өкілдері мен қауым назарын аударту, мемлекетаралық деңгейде шешу. Екі елдің достығын нығайтар, ортақ өзен – ақ Жайықтың жағдайын бағамдар жолсапарға экспедицияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер ісі және демографиялық саясат палатасы төрағасының орынбасары, «Біздің Жайық» экологиялық-туристік қозғалысының басшысы Елена Тарасенко бастап келді. Осымен 22-рет Жайық бойымен жүзіп отырған Қазақстан – Ресей өкілдерін махамбеттіктер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Құрамында Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстарының мемлекеттік орган өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен жастар ұйымдары, депутаттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ғалым-жазушылар мен журналистері және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілі бар барлығы 50 адамнан жасақталған топты аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов бастаған махамбеттіктер Ақтоғай ауылының тұсынан қазақы дәстүрмен күтіп алды. Арнайы жасақталған орыннан ақтан ауыз тиіп, бауырсақтан дәм татып, ақтоғайлық өнерпаз әжелердің ән шашуын қабыл алған соң туристер Жалғансай ауылдық округіне қарасты «Бақлан» демалыс орнын тамашалады. Осы жерде экспедиция мүшелерінің және «Жасыл ел» жастар жасағының қатысуымен «Таза жаға- лау» акциясы өткізіліп, Жайықтың жағасында таза- лық жұмыстары жүргізілді. «Бақлан» демалыс орнының ақ шаңқан киіз үйінде меймандар үшін түскі ас ұйымдастырылды. Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы топ мүшелерін экспедиция сапарының мәресіне жетуімен құттықтады.

— Өзеннің экологиялық ахуалын зерттеп, қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеріп келе жатқан сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Жайықтың мәселесі өзен бойын жағалай қоныстанған халықтың мәселесі. Сіздердің жұмыстарыңыздың екі елдің тарихының терең қатпарларын ашуда, мәдени мұраны сақтауда орны зор, – деген аудан басшысы Орынбор қалалық кеңесінің төрайымы Ольга Петровнаға «Алғыс хат» пен баһадүр батыр бабамыз Махамбеттің бейнесі салынған кілемшені сыйға тартты. Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы қоғамдық кеңестің өкілі Асқар Құрманбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Марат Мырзашев та ақжарма тілектерін арнады. Экспедиция басшысы Елена Тарасенко Махамбет өлкесі өзі үшін ыстық екенін, өйткені, өзінің де Сарайшықта туып-өскенін айтып, жыл сайын құшақ жая қарсы алатын махамбеттіктерге алғысын білдіріп, «Жайық – өмір өзені» атты кітабы мен естелік сыйлықтарын ұсынды. Махамбеттің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, Жайық жағасын думанға бөледі.

Түскі астан соң Орынбор және Батыс Қазақстан облысының делегациясы «Бақлан» демалыс орнының жағалауынан өздерінің ескекті қайықтарын суға жіберді. Экспедиция қатысушылары сол жерден бас- тап Сарайшықтағы бекітілген жағалауға дейін жүзіп барды. Оларды Атырау облыстық байдарка мен каноэде есу спортының тәрбиеленушілері алып жүрді.

Аталмыш экспедиция ке- зінде Төтенше жағдайлар департаменті мен Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Судағы саяхаттан соң туристер үшін Хан ордалы Сарайшық музейінің қақпасы айқара ашылды. Музей қызметкері Молдаш Бердімұратов келушілерді көне Сарайшықтың арғы-бергі тарихымен таныстырды. Экспедицияның сапары Сарайшықта мәресіне жетті.

Елена Ивановна, экспедиция жетекшісі:

- Бұл экспедиция өз жұмысын бастағалы 22 жыл болды. Мен және менің әріптестерім алғашқы жылдарынан бастап мұндай игілікті іске қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз. Жайықтың тағдыры, біздің тағдырымыз. Сондықтан осы қоғамда өмір сүріп жатқан бірде-бір адам ерке өзеніміздің күннен-күнге тартылып бара жатқанына бей-жай қарай алмайды. Өзім Жайықтың жағасында туып-өскен соң Жайықтың қиындығына биліктің назарын аударту үшін барымды салудамын. Өзіммен бірге немерем Кирилді де ертіп жүрмін. Оның туған жерімнің тарихымен танысқанын қалаймын. Біз жүрген жерімізде, халықтар достығын, бірлігін, ата-бабаларымыздың еңбегін, ерлігін әспеттеуді ешқашан естен шығарған емеспіз. Биыл Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің, ЕҚЫҰ Орталығының және Ресей Федерациясының Орынбор облысы басшылығының қолдауымен алғаш рет Жайық өзені күні аталып өтті. Бұл күн Жайық өзені бойынша Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық-туристтік экспедициясы мүшелерінің бастамасымен бекітілді. Аталмыш шара аясында өзен жағалауында Жайық күні құрметіне арнайы ескерткіш белгісінің ашылу салтанаты өтті. Бұдан кейін Жайық өзенінде 22-ші Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық және спорттық-туристік экспедициясы басталды. Жағалай қонған халықтың тіршілік көзі болып отырған Жайықтың экологиялық жағдайы қос мемлекет үшін ортақ. Осы табиғаттың мол сыйын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу, жеткізіп қана емес, байлығын толтырып жеткізу – бүгінгі адамзатқа міндет.

Кирилл ТАРАСЕНКО, экспедицияның ең жас қатысушысы:

- Мен жазғы каникулда Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық және спорттық-туристік экспедициясының құрамында әжеммен бірге саяхатқа шыққанды ұнатамын. Үш жылдан бері экспедиция мүшесімін. Бұл сапардан мен көп нәрсе үйрендім. Әжемнің ата-бабалары жатқан топырақтың қасиетін ұғындым. Қазақ халқының қонақжайлығының куәсі болдым. Анамның кішкене кезінде тәрбиеленген балабақшасын көрдім. Оқу жылы басталғанда ұстазыма айтатын жаңалығым, достарыммен бөлісетін қызықтарым өте көп.

Жайық Ресей мен Қазақстан үшін маңызды өзен. Сондықтан біздер өзенге шомылғаннан кейін жағасында демалғаннан соң қоқыстарымызды өзімізбен бірге ала кетуіміз керек. Егер біз үнемі осылай жасап жүрсек, басқа адамдар да бізге қарап, солай жасайтын болады. Бүгін мен де «Таза жағалау» акциясына қатыстым. Осындай шаралар арқылы біз екі елдің миллиондаған адамдарының назарын Жайыққа аударатын боламыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521