Мүгедектің жағдайын мейірімді жан түсінер

Аудан әкімінің қабылдауына Ортақшылдан қатысқан "Сәуір" шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Дютмағамбетов бір мүгедек жанға қол арба сыйлайтынын айтқан болатын.

Аудан басшысы Ж.Ахметов көптің алдында есболдық кәсіпкер Ж.Дютмағамбетовтің мүмкіндігі шектеулі жан Александр Чечинге қайырымдылық көмегін көрсетіп, оған көбейінді мүгедек арбасын сыйлап отырғанын айтып, оны ортаға шақырды. Бұл қалған кәсіпкерлерге ой салсын деген мақсатта сыйлықты жұрттың көзінше беруді жөн көргенін тілге тиек етті. Келесі кезекте сөз алған қожалық басшысы Ж.Дютмағамбетов қайырым- дылықтың үлкен-кішісі болмайтынын, өзінің Ортақшыл ауылынан келгенін, ауылдан 1997 жылы «Сәуір» шаруа қожалығын ашқанын, жиырма бір жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатынын жеткізді.

-«Өмірге көңіліміз толмай, жалған дүниенің тұщы екенін, оның қадіріне жете бермейтініміз рас. Аяқ-қолымыз сау, шапқылап жүріп жатқанымызға шүкіршілік етпейміз. Барға қанағат етпейміз, тіпті өзгелерді күндейтініміз бар. Мына жалған өмірде мүмкіндігі шектеулі жандар барын сезіп, оларға қайырымдылық көмегін ұсынбаймыз. Жаратқанға шүкіршілік еткеніміз жөн. Барлығыңызға Алланың нұры жаусын. Бізді қолдап жатқан аудан әкіміне, ауылдық округ әкімі, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне дән ризамыз. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деп жатады. Тек тәуір болып, аяқтан тұрып кеткейсіз. Сауапты іс болсын деп жанұямыз атынан сізге осы мүгедек арбасын сыйлап отырмыз»,-деді кәсіпкер Жолдасқали Дютмағамбетов жігіттің қолын алып. А.В.Чичин жігіттердің демеуімен құрылған су жаңа арбасына ауысып мінді. Қазақ тілінде сөйлегенде біраз адамды шаң қаптыратын Александр Викторұлы Жолдасқалиға алғысын жаудырды.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектер жөніндегі маман Г.Үмбетованың айтуынша, Александр Викторович Чичин 2010 жылдан мүгедектік алады. Жеке көмекшілік қызметін де алып отыр. Жігіт ата-анасының үйінде бауырларымен бірге тұрады. Спорттық, мәдени шараларға белсене қатысып жүр. Бөлім жанынан берілетін сурдотехникалық, теплотехникалық, гигиеналық құралдарды алып, Атырау қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығына да барады. Оған демеушілік көмектер де көрсетіліп келеді. Мәселен, ораза кезінде ауыл таксистері азық-түліктермен көмек қолын созды. Санаторий-курорттарға жолдама беріп отырамыз. «Маған электронды арба керек» деп сұрағандықтан кәсіпкер оның тілегін орындады, - дейді бас маман Г.Үмбетова.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521