"Жұбайлар бар әңгімесі таусылған!"

Махамбет аудандық сотымен 2018 жылдың 9 айында 39 неке бұзу туралы азаматтық істер қаралды.

Оның ішінде 21 азаматтық істері шешім шығарумен аяқталса, 10 іс өндірістен қысқартылды. Оның ішінде 4 азаматтық істері татуласу келісімімен, 4 азаматтық іс партисипатипті келісіммен аяқталды. Талап арыздан бас тартуына байланысты 1 іс тоқтатылды. Барлығы 32 іс қаралып, 7 іс қалдықта қалды.

Сот шешімі оқылды. Екі тарапты да егжей-тегжейлі зерделеп, уәждерін тыңдаған сот төрағасы бұдан былай некені сақтап қалуға болмайтындығын бағамдап, талап арызды қанағаттандырды. Ортақ некеден пайда болған екі-он жас аралығындағы үш баланы әкесімен кездестіріп тұруға рұқсат етілді, онда да әйелінің келісімімен. Бақытты балалық шақтары бір-ақ күнде көзден бұлбұл ұшқан жаутаңкөз сәбилердің жазығы не, оларды алда тағы да қандай тағдырдың тосын сыйлары күтіп тұр?

Сәлім мен Сымбат (есімдері өзгертіліп алынды)ақыл тоқтатып, есейген шақта үйленді. Сержант шенді Сәлім ішкі істер бөлімінде қызмет істейді. Бұрын үйленіп, ажырасқан. Қызы мен әйелі басқа қалада тұрады. Олармен байланыс үзілген. Ал бұл жолы Сәлімге жолыққан Сымбат қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттерге дәріс береді. Обалы нешік, Сәлім өзі құлай сүйген Сымбатының алдында ақтарылып, бұрынғы баянсыз махаббаты туралы бар шындықты жасырмай айтып берді. Арада бір жыл өткенде екеуі ортақ шешімге келіп, отбасын құрды. Бірінен соң бірі дүниеге келген бейкүнә сәбилер шаңырақтың шаттығын толтырды. Сәлім 45 жасында Үкімет жеңілдігін пайдаланып, зейнеткерлікке шығып, шетелдік фирмаға күзетші болып орналасты. Балалары бірін-бірі бағатын, қарайтын жасқа жеткесін Сымбат та білдей бір мекеменің бас есепшісі болып, қызметін ауыстырды. Екеуі де күреп ақша тауып, отбасының материалдық жағдайы да жақсара бастады. Үш баланың анасы Сымбат та талғаммен киініп, үсті-басына қарайтын болды. Су жаңа қызмет көлігі Сымбаттың аяғын жерге тигізбейді.

Осының бәрі бұрынғы полицей Сәлімге тіпті де ұнамайды. Ал ұжым болып, атап өткен мерекелік жиындардан кейін Сымбат құшағын гүлге толтырып, үйге оралса, Сәлімнің қаны басына шабады. Айлық есеп тапсыруға дайындалып, жұмыс уақытынан кейін кеңседе отырыңқырап қалып, үйге кештеу келген күні Сымбаттың тұщы етіне «байқамай» ащы таяқ тиіп кететіні де бар. Ол аз десеңіз, күйеуі әйелінің жұмысына барып, себептен-себепсіз шу шығарып, абыройын айрандай төккен. Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады дегендей, осындай бір-бітпейтін отбасылық кикілжіңнің соңы ерлі-зайыптылардың ажырасуына әкеліп соқтырды. Кәмелетке жасы толмаған үш бала анасымен бірге қалды. Жасы біразға келгенде жападан-жалғыз қалған әумесер күйеуіне аяушылық сезімі оянды ма, Сымбат саналы түрде балаларына төленетін алименттен бас тартты. Сөйтіп, бір кездері бір-біріне ища деспей, тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешкен отбасының бір-ақ күнде ойраны шықты. Бұған кімді кінәлаймыз?

Соның бәріне араға от тастаған әзәзіл-қызғаныштың қызыл иті деп ой топшылауға болар. Жалпы біздің пайымдауымызша, бір-бірін сүйіп қосылған екі жастың сыпайы түрде қызғануы заңды нәрсе. Өйткені, бір-біріне тек қана тұрмыстық қажеттерін өтейтін қызметші ретінде қараса, онда сезім, махаббат туралы әңгіме қозғаудың өзі бос әурешілік. Ал Сәлім сияқты ақылын ашуға жеңдірген адамдар отбасының шырқын бұзады. Балаларым әкесіз өспесін деп, оған төзіп, айтқанына көніп жүре беретін терісі қалың, көнбіс әйелдер де болады. Ал Сымбат олардың «сортынан» емес. Ол әділ заң алдында өз құқығын қорғап шықты. Алайда, бұл пікірге біреулер келіспеулері де мүмкін. Өйткені, «әртүрлі әркім ойлайды, түсінбей өтсе-сол қайғы».

Бұл арада шектен шыққан тұрпайы қызғаныш жұбайлық қарым-қатынасқа сызат түсірді деп бір жақты қарауға да болмас. Кейде ақшаның буы да адамдардың санасын тұмандандырып, адастырып, мүлде өзгертіп жіберетін кездер болады. Жоғарыда айтылған ерлі-зайыптыларды күндіз-күлкіден, түнде-ұйқыдан айырған ақшаның да жағдайды ушықтыруға белгілі бір дәрежеде септігі тиген болуы мүмкін. Жаратылыс заңында балаларға әке-шешесін таңдау құқығы берілмеген. Жаман да болса, қанынан жаралған өз әкелері, жақсы әкені кім тауып береді. Сондықтан әке мейірімін сезінбей өскен бала моральдық тұрғыдан өзін-өзі жаншып, жалтақ, жасқаншақ болып өседі. Осыны ата-аналар ойланса екен!

Қазір қоғам жаңарды, заман өзгерді, сонымен бірге адамдардың тұрмыс-тірлігі де бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы ертегіні айтып, оларды еліктіре алмайсың. Өздерін элиталық топқа жатқызатын ақсүйек отбасы жалғыз ұлдарын үйлендірді. Келіндері де үлде мен бүлдеге оранған күлімкөз, қиғаш қастың нақ өзі. Айлапат үйлеріне қызметші ұстайды. Тамақ істеп, кір жуып, үй тазалау соның мойынында. Не кием, не ішем деген жоқ. Үйленгендеріне алты ай болғанда екі жас ажырасып тынды. Аяқ астынан некені бұзу туралы шешім қабылдауға не себепші болды? деген судьяның сұрағына әлгі еркетотай келін еш қымсынбастан: «он же, мамина сын» деп жауап беріпті. Бұған күлеміз бе, жылаймыз ба, қайтеміз? Сонда баласын туған анасынан қызғанып тұрғаны ма?

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Нәзік жаратылысты жандардың арын аяқққа таптап, алшаңдап жүргендер де бар. Керісінше ынжық күйеуін мұрнына бұйдалы тайлақтай жетелеп, ойына келгенін істейтін кесірлі келіндер де жоқ емес. Жалпы отбасылық қарым-қатынасты зерттеумен айналысатын институттар Қазақстанда ажырасудың негізгі себептерін атаған. Біріншісіне-бедеулік, ал екіншісіне тұрмыстағы зорлық-зомбылық, тұрмыстық жанжалдар мен материалдық кедейлік, ерлі-зайыптының бірінің денсаулығындағы кінәрат ажырасуға себеп болған көрінеді. Сондай-ақ Қазақстандағы ажырасудың басты себебі ретінде сексуалдық қанағаттанбаушылық, эгоизм, мақтаныш және жалған түсінік, бірін-бірі кешіре білмеушілік, қателер мен кінәні мойындамау, отбасылық құндылықтардық болмауы, көзге шөп салу, алкогольге тәуелділік, нашақорлық пен интернет, терең қарым-қатынастың болмауы, немқұрайлылық, өзара түсініспеушілік аталыпты.

Бұл тұжырымға толықтай келісуге болады. Өйткені, біз жаңаға еліктейміз деп бұрынғы ұлттық ерекшелігімізге сай келетін отбасылық құндылықтарымыздан ажырап қалдық. Ауылдағы жастардың бәрі қалада босып жүр. Тепсе темір үзетін азаматтар «охрана» болып, қызметке тұрғанына мәз. Олар да «көрпесіне қарай көсіліп», қолына тиын-тебен түссе, түнделетіп «қыз аулауға» шығады. Ата-анасынан алыста жүрген қыздарымыз да еркіндік деген ұғымды өздерінше түсінеді. Яғни, реті келіп тұрса, жігітпен көңіл көтеруге кет әрі емес. Ал вахталық жұмыста істейтін азаматтар да мынау бес күндік тірлікте үрлеп ішіп, шайқап төгіп, шалқып өткісі келеді. Бәлкім қателесермін, бірақ қазіргі көптеген жастардың өмір туралы түсініктері осындай. Осындай ойланбай жасаған қадамдардан отбасының ойранын шығарады.

Тасқын судай жолындағысының бәрін жайпап келе жатқан жаһанданудың да жастардың «бұзылып» кетулеріне тигізетін әсері аз емес. Бұл күнде жастардың санасын интернет деген жиһангер жаулап алды. Таңертең көзді тырнап ашқаннан түнде сол «ғажайыптың» ішіне кіріп, талмаусырап үйықтап кеткенше қолдан смартфон түспейді. Ал оның ішінде танымдық нәрселер де бар, әрине, бірақ төсек мәселесін егжей-тегжейлі түсіндіруге келгенде бір-бірінен асып түседі. Соңғы кезде халық алдында фонограммамен ән салып, материалдық жағдайларын түзеп, коттедж үй тұрғызып, қымбат көлік мінген «жұлдыздар» да ажырасу жөнінен бір-бірімен жарысқа түскен сияқты. Өйткені, кімнің некесіз туған баласы бар, қай әнші кіммен көңілдес болды, бұрын кіммен жүрген деген сияқты шатпақтарға көз сүрінеді. Тіпті осыны оқымай-ақ қояйын десең де, айқайлап тұрған тақырыптарымен еріксіз шақырып алады. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей, бұрынғының сыртқа шығармайтын отбасылық құпиясын сақтау қайда қалады. Босаға аттайтын келінге: «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген сөздің де астарында терең мағына бар. Өкінішке қарай, келін шырақтар үйдегі аз-кем ұрыс-керісті, ене мен келін арасындағы сәл келіспеушілікті сол бойда әлгі құдіреті күшті ұялы байланыстың көмегімен жан-жаққа хабарлап үлгереді. Оның арты үлкен дауға айналуы мүмкін екендігін ойламайды да. Отбасының бірлігін, тату тірлігін сақтау туралы басын ауыртпайды. Бірде енесінен өшін ала алмағасын, әй-шай жоқ күйеуіне дүрсе қоя берген шайпау келін күйеуінен қолдау таппағасын баласын көтеріп, төркініне тайып тұрған. Жігіттің де намысы бар емес пе? Дос-жарандары балаң үшін қайын-жұртыңа кешірім сұрап бар дегенде: «мен неге барам, ұрған жоқпын, үйден кет деген жоқпын » деп қарсы уәж айтып, бармай қойыпты. Көп ұзамай басқа қызға үйленіп те үлгерді. Ашумен үйден шығып кетіп, желегі желбіреп тірілей жесір қалған жас келіншек: «күйеуім алдыма келіп, кешірім сұрағанда үйге қайтып баратын едім » деп істеген ісіне өкінген көрінеді. Бірақ енді бәрі кеш еді. Айналғанда бала жетім қалды. Бұған кімді кінәлаймыз? Мұқағали ақын айтпақшы: «сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырлар» деп аяныш білдіргеннен басқа амал жоқ.

Ерлі-зайыпты адамдар арасындағы бір-біріне деген риясыз сенім, кешірім болмаған жағдайда отбасы күйрейтініне көзіміз жетіп отыр. Қазір құдайға шүкір, құқықтық сауатымыз бар. Оның енді жақсы да, жаман жағы да бар. Шыбық тисе, шыңқ етер дегендей, қазір қит етсе, сотқа жүгіретін болдық. Бұрындары сот деген тек аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты айтылатын сөз сияқты еді. Отбасылық кикілжіңдер ауыл ақсақалдарының, абысын-ажындардың, әйелдер кеңесінің талқылауымен оң шешіліп жататын. Ал байқамай хатшы қызға қырындап қойған бастықты кәсіподақ жиналысына салып, «моральдық жағынан азғындаған» деп мәселесін майшаммен қарап, тәубесіне келтіретін. Қазір ондай жоқ. Бастықтың көңілдесі болғанға мақтанып, екеуара қарым-қатынастары туралы әлеуметтік желіде жариялайтындар көбейіп кетті. Бұған не дерсің? Қазір нарықпен бірге ондай қоғамдық ұйымдар келмеске кетті. Бір қуанарлық жайт, Елбасы ұсынған 100 нақты қадамда: «алқа билер соты қолданылатын саланы кеңейту, заңды түрде алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категорияларын анықтау қажет» делінген. Осыған байланысты облыстық сот төрағасының тапсырмасымен ауданда алқа билер кеңесі құрылуда. Алға қарай сотқа дейінгі татуластыру жұмысымен алқа билер кеңесі айналысатын болады. Мұның өзі тұлан тұтып, өз-өзінен долданып, отбасындағы болмашы келіспеушілік үшін сотқа тұра шабатындарға тоқтау сала ма деген үмітіміз бар. Мынау онсызда жүйкемізді жұқартқан тұрлаусыз тірлікте бір-бірімізбен сіз-біз десіп, сыйласып өткенге не жетсін! Ақын Мұхтар Шаханов өлеңімен ой түйіндесек: «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме!...»

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521