Жүйелі жұмыс жоқ

Аудандық әкімдікте аудан әкімі Ж.Ахметовтың төрағалығымен бруцеллездің және құтырудың эпизоотологиялық-эпидемиологиялық ахуалы туралы мәселе талқыланды.

Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Ажығалиеваның айтуынша, 2018 жылдың 7 айында аудан бойынша 22174 бас ірі мүйізді мал, 47300 бас қой-ешкі малы бруцеллезге тексеріліп, оң нәтижемен 49 бас ірі мүйізді мал, 531 бас қой-ешкі малы анықталған. -Жеке секторларда малдардың қозғалысын бақылау қиын болып тұр. Ауылшаруашылық малдары малдәрігерлік қызметпен арнайы базаға енгізіліп, есепке алынады. Алайда көп жағдайда жеке тұлғалар бұл мәселеге немқұрайлы қарайтыны анықталып отыр. Мал иелері сатып алған малдарын дер кезінде малдәрігерлік қызметке хабарламайды. Соңғы жылдары ауылшаруашылық малдарының қозғалысына бақылаудың жоқтығы аудан аумағында бруцеллездің эпизоотологиялық жағдайына әсер етіп отыр – деді Г.Ажығалиева.

Хабарламада нақтыланғанындай, аудан аумағында 2018 жылдың 7 айында құтырудың эпизоотологиялық жағдайы күрделі күйінде қалып отыр. Облыста жануарлар арасынан 10 жағдайда құтыру диагнозы расталып, оның ішінде 5 жағдай Махамбет ауданында тіркелген. Оның ішінде 3 мүйізді ірі қара малында, 1 түлкіде, 1 итте құтыру диагнозы расталған. Ауданда құтырудан қалыптасып отырған эпизоотологиялық жағдайдың тұрақсыздығы жабайы аңдарға, бұралқы ит-мысықтарға қарсы күрес жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді, малдәрігерлік қызметпен үй жануарларының нақты есебін анықтап, толық паспортизациялау мәселелерін шешуді қажет етеді. 2018 жылдың 7 айында 910 ит, 80 мысық құтыруға қарсы егілген. Соған қарамастан малдәрігерлік қызметпен тек 317 ит, 52 мысық есепке алынып, паспортталған. Тамыз айында Алға округінде құтыруға күмәнді мал анықталса да, малдәрігерлік қызмет тарапынан жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хабарланбаған.

Қаралып отырған мәселеге байланысты аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М.Сидеғалиев қосымша хабарлама жасады. Оның айтуынша, шаруа қожалықтарының малы Махамбеттегі базаға тіркелгенімен ауданнан жүздеген шақырым қашықтықтағы көршілес Батыс Қазақстан облысының аудандарының жерінде, Қызылқоға, Тайсойған өңірінде жайылып бағылады. Соның салдарынан мал қозғалысын бақылау мүмкін болмай отырған көрінеді. Тағы бір ескеретін жәйт, 2017 жылы құтыру ауруына қарсы егілетін вакцинамен бар-жоғы он пайыз қамтылған. Ал, 2018 жылы мал басына шаққандағы қажетті вакцинаның 27 пайызы бөлініп отыр. Хабарламашы М.Сидеғалиев мұның себебін алдыңғы жылдары аудан бойынша малдан ауру шықпағандықтан аз бөлінген деп түсіндірді. Әрине, құтыру ауруы шықпағаны жақсы, бірақ солай екен деп арқаны кеңге салуға бола ма? Бруцеллезге шалдыққан қой-ешкіні сойып, өткізетін орын болмағандықтан көршілес Орал қаласына апарып, ауру малды жойғанша біраз уақыт өтіп кеткен. Бұл да малдәрігерлік талаптардың орындалмай отырғандығын көрсетеді. Жиын барысында әрбір ауылдан қыруар қаржы жұмсап салдырған мал моласының аузы тар, ірі қара салу мүмкін еместігі айтылды. Осындай сын-ескертпелерге құлақ түріп, жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы мал арасындағы аурудың алдын алу жұмыстары жүргізілмегендігін, мал ауырғаннан кейін фактілерді тізбелеп отырғандығын, жалпы мал қозғалысы қадағаланбайтынына, жүйелі жұмыс жоқтығына баса назар аударды. Осындай жіберілген кемшіліктерді жоюдың шарасын алуды тапсырып, алға қарай қатаң жауапкершілік сұралатындығын шегелеп айтты.

Н.Ерғалиев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521