Залды спортшыларға жалдап қойдым

Алқа билердің алдын көрген тағы бір жұп - Нұрислам мен Жұпар өз бақыттарын өздері басынан теуіп, өмірді ойыншық көріп жүрген сияқты.

Бір мекемеде техникалық қызметкер болып істейтін Жұпар тым пысық көрінді. Үлкендер айтып отыр екен-ау, менің де артық кеткен жерім бар-ау деп тіпті ойланбайды да.

Тек өзімдікі дұрыс дейді. Күйеуіңнің қандай кемшілігі бар, неліктен ажырасқың келеді деген сұрағымызға: -менің еркін жүріп-тұрғанымды, достарыммен араласқанымды күйеуім көре алмайды, ызыңдап, миымды ашытады,- дейді міз бақпай.

Ал, Нұрислам болса басқаша сайрайды: бір қыз, екі ұлымыз бар. Бұрын пәтер жалдап күн көргенбіз. Өткен жылы кезегіміз келіп, жұбайым Жұпардың атына көп қабатты жаңа үйден үш бөлмелі баспанаға ие болғандағы қуанышымызды айтып жеткізе алмаспын. Өзім қаланың жігітімін. Вахталық жұмыстамын. Бір күні үйге түнделетіп келсем, ер адамдардың шалбары самсап ілулі тұр. Әйеліме бұл қалай десем: ауданға келген спортшыларға залды жалдап қойдым деп қарап отыр. Бұған қалай ренжімессің. Енді бірде еңбекақымды түгел санап алып, әйелімді, бала-шағамды қуантайын деп үйге құстай ұшып жетсем, әйелім тағы үйде жоқ. Мейрамханалардың бірінде даяшы болып қызмет істеп жүрген көрінеді. Таңғы төрт-бестерде келеді үйге аузынан жалын бүркіп. Мына жүрісің не, балалар аш-жалаңаш, есікті іштен кілттеп алып, үрпиісіп отыр. Оларды неге қараусыз қалдырасың, ақша тауып жатырмыз ғой, сол мардымсыз тиын-тебенге бола түнімен мейрамхана жағалап жүргенің қалай десем, өзіме дүрсе қоя береді. Мен не істерімді білмеймін, анау үш құлыншағымды қимаймын,-дейді Нұрислам бізден бір көмек күткендей дәрменсіздік танытып.

-Сенің арақ-шарапқа әуестігің бар ма?

-Аузыма алып көрмеппін.

-Әйеліңе ашуланып, қол көтерген кездерің болды ма?

-Құдай сақтасын, ондайым жоқ

-Сонда не жетпейді сендерге?..

Алқа билер Кеңесінің де тығырыққа тірелген жері осы болды. Бар кепиет Жұпар қарындастан екендігін бағамдап, түнде иесіз қалдырып, балаларды сыртынан кілттеп кетуге болмайтынын, ол үшін заңға тартылатыныңызды білесіз бе? деп Жұпарға сұрақ қойып, осындай қараусыз қалған бес бірдей бір үйдің балалары өртке оранып, өліп кеткенін білесіз бе, бала алдындағы аналық жауапкершілігіңіз қайда, Үкімет берген үйді заңсыз біреулерге жалдап қойсаңыз жаза бар деген сияқты сұрақтарды бірінен соң бірін жаудырып, бастырмалатсақ та Жұпарға бит шаққандай білінбеді.

Ақыры біздің әңгімеміз көңілсіздеу болды ма, сіздермен тәжікелесіп отыратын уақытым жоқ дегендей, орнынан тұрып жүре берді. Мұндай бейәдеп жанға бостан-босқа сөз шығындағанымыз бекер болды.

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT