Құрылғанына небәрі 1 ай 20 күн ғана болған Атырау облыстық «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Махамбетке келіп, «Өнерпаз» мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесті.
Кездесуде қоғамдық бірлестіктің ұйымдастырушы-кеңесшісі А.Досаманов ҮЕҰ Әділет министрлігінде тіркелгенін, заңды құжаты барын айтып, одан әрі жеткен жетістіктерге тоқталды. Ол ел Президенті Қ.Тоқаев әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлгенін, бірлестікте көз мүгедектеріне, әсіресе, жастарға бар жағдай туғызып, оларды қолдайтынын жеткізді.
Қоғамдық бірлестік әлеуметтік желіде тіркеліп, ватсапта 150-дей адам барын, сондай-ақ «Зағиптар арманы» сайты ашылғанынан да хабардар етті. Кезінде өзі де ТШО-да 15 жылдай жұмыс істегенін айтып, зағиптардың балаларын «Достық» секілді оқу орталықтарында оқыту мақсатында Құлсарыдан-6, Атыраудан-7 нүкте ашылғанын айтып, онда балалар тегін оқып жатқанын айтты. Жұмыссыз жүрген 11 адам түйіндемесін тапсырып үлгерген, енді олар мамандығына сай жұмыспен қамтылатын болады. Алдағы уақытта жастарды жұмыспен қамтып, өндірісті ұлғайту ойда бар.
Иә, мүгедек те адам баласы, оның да өз армандары бар. Дүниежүзілік зағиптар күнінде «Байзар» сауда орталығынан тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға азық-түлік кәрзеңкесі үлестірілгенін, жаңа жылдық шырша 120 адамға арналып, оған демеуші де табылғанын, Құлсары, Атырау қалаларында «Жүрегім соғып тұрғанда» атты концерт өтетінін қаперге берді. Алдағы уақытта аудандардағы бірлестік мүшелерін Атырауға жинамай-ақ ҮЕҰ түрлі жиын-жиналыстары онлайн түрінде ұйымдастырылатын болады.
Ұйымдастырушы-кеңесші А.Досаманов «Зағиптар арманы» ҚБ Махамбеттегі филиал төрағасы болып, Қайдарбек Құрмашев тағайындалғанын хабарлады. Оған бірлестіктің ұйымдастырушы-кеңесшісі К.Бисенов қызметке қабылданған бұйрығын, қызмет куәлігін тапсырды. Қ.Құрмашев та өзіне үлкен сенім артқан «Зағиптар арманы» ҚБ-не алғыс айтты.
А.Қуанышқалиева