Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл-ел бесігі»бағдарламасы аясында 7-8 қараша күндері Қазақстан ауыл әйелдерінің II форумы болып өтті.
Форумға қатысуға еліміздің барлық өңірінен 220 делегат келді. Бұл форумның басты мақсаты - ауыл әйелдерінің әр салада қол жеткізген жетістіктерін насихаттау,ауылдық аумақтардың инклюзивтік,инновациялық және жасыл экономикасын дамытуға жәрдемдесу.
Өз істерінің үздік мамандары ретінде Махамбет ауданынан мен Сапенова Нұрбану,Түсекенова Роза, Ахметова Гулфайруз үшеумізге форумға қатысу құрметі бұйырып, Елордаға жол тарттық. Жолсапарымыз жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Делегаттар астанаға жетісімен жайлы қонақүйлерге орналастырылды.
Форумға Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы М. Айсина,Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Сабильянов, Мәдениет министрі А.Райымкулова, түрлі шетелдіктер өкілдіктері директорлары, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден арнайы өкілдер қатысып, сөз алып, ауыл әйелдерін дамыту, қолдауға қатысты түрлі бағдарламалар мен мәселелерді қозғады.
«Менің жетістігімнің тарихы» шеруінде бірнеше делегат қыз-келіншектер түрлі номинация лауреаттары атанып, «Алғыс хатпен» марапатталды.Солардың қатарында өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан азды-көпті үлесім мен жеткен жетістіктерім үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатына»ие болдым.
Ауылда отырып, өз ісінде із қалдырып, кәсібін жетілдірген ауыл әйелдерінің қала әйелдерінен еш айырмашылығы жоқ, тек сәл демеу болса болғаны. Тірліктің сан күйбеңін, отбасы алдындағы аналық міндетін қатар алып жүріп, елге де қызмет етуге болатынын мойындатқан форумға қатысушы нәзік жандылардың бірі-берекелі бизнеске ие, бірі-мемлекеттік қызметкер, бірі - мүгедек бола тұра өмірге құлшынысы жоғары жігерлі жандар.
Сондай-ақ форумның екінші күні секциялық жұмыстарда түрлі мәселелер талқыланып, қатысушылар «форум-театр» жобасы, кәсіпкерлерге арналған топ, қалаға саяхатқа топқа бөлініп, форумды қорытындылады. 2 күнге созылған бұл сапардан біз ерекше әсермен оралдық.
Н.Сапенова,
«Нұршуақ» бөбекжайының меңгерушісі