Заң кеңесі берілді

Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» тұжырымдамасында сотты ізгілендіру, алқа билер институты жұмысын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын.

Соған байланысты Махамбет ауданында да «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы аудандық сот, басқа да құқық қорғау саласының бірлескен жобаларын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Белгіленген жұмыс кестесіне сай аудандық сот судьясы А.Ерғазиева бастаған ақпараттық-насихаттық топ Махамбет көпбейінді ауылшаруашылығы колледжі ұжымымен кездесу жиынын өткізді.

Аудандық соттың бас маманы Ә.Қосымбаева сот тиімділігі деген тақырыпта хабарлама жасап, колледж студенттерінің сауалдарына жауап берді. Аудан прокурорының көмекшісі Ж.Орақов сотқа дейінгі татуласу, екі тараптың медиацияға жүгіну заңдылығы, ықпалы жөнінде қысқаша түсінік беріп өтті. Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат депутаты, Махамбет ауданы бойынша билер кеңесінің мүшесі Н.Ерғалиев өзінің қатысуымен қаралған сотқа дейінгі істерге қысқаша шолу жасап, әсіресе, жас отбасылар арасындағы кикілжің, түсінбестік жиі орын алатындығын қынжыла баяндады.

Колледж директоры П.Дүйсеев осындай құрамда келіп, заң кеңесін бергендері үшін ақпараттық топ мүшелеріне алғысын айтып, болашақта оқу орнынан медиация кабинетін ашып, бірлесе жұмыс істеуге ықыласты екендігін білдірді. Жиынды қорытындылаған аудандық сот судьясы А.Ерғазиева кәмелеттік жасқа толмаған жастар арасында орын алатын қылмыс, құқық бұзушылықтар, оларға, ата-аналарына қолданылатын жаза туралы тарқатып айтып, жастарды аяқты шалыс басып, қателесуден сақтандырды. Заңды білмегендік жазадан құтқармайтындығын да шегелеп айтты.

Н.Тельман

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521