«Қолжетімді әрі сапалы білім беру» мәселесін көтерген Президент елдегі ахуалға байланысты білім беру жүйесіне жан-жақты, терең талдау жасап, оны түбегейлі оңалту бағытында тапсырма берген болатын.
Иә, өкінішке орай, платформалардағы ақаулардың салдарынан мүмкіндігін 100 пайыз пайдалану, баланы оқытуды, мұғалімнің жұмысын сәл де болса жеңілдетуді жүзеге асыра алмай отырғанымыз, жасырын емес. Жаңа оқу жылы басталған уақытта нақты, оңтайлы онлайн-платформаның жоқтығы ұстаздар қауымы үшін оңай болмағаны анық. Осындай күрделі кезеңдегі ұстаздың еңбегін ескерген Президент өз Жолдауында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдады.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектеп жасындағы балалары анықталып, міндетті оқу орнынан және демеушілер есебінен көмек көрсету, мектептегі компьютерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Аудан мектептері «Дарын», «Онлайн Мектеп» платформаларымен келісім-шартқа отырып, қашықтан оқытуды өз мәнінде жалғастыруға тырысуда. Ал Жолдауда айтылған қала мен ауылдағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқарту жол ашу үшін мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетуі өте орынды.
Сондай-ақ, Президент өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін шегелеп тапсырды. Осы тапсырма аясында спортзалы жоқ немесе талапқа сай емес мектептер жағдайы түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз.
Ж.Дүйсенғалиева,
О. Шонаев атындағы орта мектеп директоры