Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасын алға тартып, әділ шешім шығару, халық алдында ашықтықты жариялауға шақырды.
Бұған дейін сот саласында көптеген өзгерістер енгізіліп бұқаралық ақпарат құралдарымен соттар арасында тығыз байланыс орнатылды. Сотқа келіп түскен әрбір резонансты істер әлеуметтік желілерде және газет бетіне жарияланып отыр. Сауатты халықты, әділетті, болашағы жарқын елді қалыптастыру әрбір қазақ азаматтарының қолында, әрине ол үшін ең бірінші ұрпағымыздың білімді болып тәрбиеленуіне жағдай жасауымыз керек.
Қазақ текті халық, өз - Ана тіліміз, дініміз, көп ұлтты бірлігі жарасқан еліміз бар. Осындай бай жеріміздің, ұрпағымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, тер төгіп, Президент Жолдауындағы мақсат міндеттерді бірге орындауға, Еліміздің дамуына үлес қосуға міндеттіміз.
Сондай-ақ, Жолдауда дау-дамайды шешудің баламалы түрін, яғни медиацияның қолданылуын дамытуды алға тартты. Дамыған елдерде 80-90 пайыз істер медиация арқылы аяқталады. Ал қазақ үшін «медиация» сөзі жат болса да «татуласу, бітімгершілік» тараптардың өзара бір ортақ келісімге келуі жат жағдай емес. Жалпы бітімгерлік қазақта қалыптасқан ата-бабамыздан қалған өнегелі іс деп айтсам қателеспеспін. Тараптар татуласу арқылы ортақ бір келісімге келіп, араларында туындаған дауды еш ұрыс-тартыссыз шешуді қалыптастыру керек, ол үшін халыққа медиацияны көбірек насихаттап, дау-дамайды бітім арқылы шешуді қалыптастыру қажет.
Заңдарға енгізілген өзгерістерге сай, бүгінгі таңда барлық соттарда татуластырушы судьялар енгізіліп, ең бірінші түскен талап арыз бойынша татуластырушы судья тараптарды арнайы шақыртып, бітімге келу жөнінде хат жолдап, істің бітіммен аяқталуына жағдай жасайды.
Ә.Қосымбаева,
Махамбет аудандық сотының кеңсе-бас маманы