«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өтті», - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Санитария нормаларын сақтай отырып ұйымдастырылған жиында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов атыраулықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, атаулы датаның маңызына тоқталды. «Бұл - ұлт арманы ақиқатқа айналған күн. Біз, тасқа тарихын жазып іргелі мемлекеттер құрған елдің ұрпағымыз» деген облыс әкімі еліміз егемендік алған жылдан бүгінге дейінгі жетістіктерді де атап өтті.
- Отыз жылға жуық уақыт ішінде ордалы елге айналдық. Кезіндегі Түркі Қағанаттарының қаһарын, алапат Алтын орданың айбынын Ақ орда салтанатымен асқақтатты. Халықаралық қауымдастықтың төріне шығып, іргелі кеңестерде төрелік айтқан сәттеріміз де көп. Аумалы-төкпелі шақта Елбасы ел тізгінін қолына алды. Нұрсұлтан Назарбаев байсалды саясат жүргізіп, бай-қуатты елге айналдық. Қысқа уақытта «Қазақстан» деген айбынды елдің есімі әлемнің саяси картасына шегеленіп, жаһан жұртының жадына жазылды. Қазір саяси-экономикалық даму қарқынымыз стратегиялық мақсаттарымызға сай өрістеп келеді. Елбасы салған сара жолды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтіп, тың серпінмен дамытуда. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу, халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер керек» деп атап көрсеткен болатын. Біз де осы бағыттағы іргелі жұмыстарды жалғастырып келеміз, - деді аймақ басшысы.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ президентінің кеңесшісі Тасқира Мүрсалиеваға, еңбек ардагері Мақсым Ізбасовқа «Парасат» орденін табыс етті. Атырау инженерлік – гуманитарлық институтының ректоры Ерсайын Ихсанов, еңбек ардагері Амангелді Құлбатыров, «Атырауинжстрой» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Пак, еңбек ардагері Любовь Монастырская «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тағы бір топ атыраулыққа ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордені, "Шапағат" медалі, "Ерен еңбегі үшін" медалі, ҚР Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Бұдан бөлек, жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін өңірдің төрт бірдей азаматына "Атырау облысының құрметті азаматы" атағы берілді. Оған Нұғман Қарабалин, Төкен Жұмағұлов, Қуанышкерей Самешов, Жайдарбек Зайдуллин лайық деп танылды.