Егемендік елге оңай келген жоқ

Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.

Әлемдік саясат аренасында, ата-бабаларының ежелгі жерінде Қазақстан мемлекеті пайда болды. Сөйтіп, тарихы тереңде жатқан елдің жаңа за- манда өз алдына қайта тәуелсіз ел болған тарихы басталды. Міне, биыл сол Тәуелсіздігімізге,азат мемлекет болғанымызға 29 жыл толып отыр.

Тәуелсіздік қазаққа оңай келді дегендермен келісуге болмайды. Оларға қазақтың ұлы жазушылары Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаhар» романдарын, Әбіш Кекілбайдың «Үркер», «Елең-алаң» романдарын оқып шығуға кеңес берер едім. Тәуелсіздік, егемендік,бостандық туралы ойласам, менің құлағыма «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Ел-жұртынан айрылған жаман екен, қара көзден мөлтілдеп жас келеді.Атадан ұл, енеден қыз айрылды, көздің жасын көл қылып ағызамын. Мына заман қай заман? Қысқан заман, бақыт құсы алаштан үшқан заман, елім-ай, елім-айлап» үміт еткен ұрпағынан,кіндік қаны тамған атамекенінен айырылып,жан сауғалап, босқан алаш жұртының зарлы үні келеді. Қазақ жерінің, қазақ елінің ең сұрапыл қасіреті — Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы тәуелсіздігіміздің қадірін түсіну үшін қазақ халқының шежіресінен мәңгілікке орын алуы тиіс деп есептеймін. Елiмiздiң аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшiн Елбасы шын мәнiнде орасан зор жұмыстар атқарып, нәтижесiнде бiздiң мемлекеттiк шекарамызды толық айқындап, келiсiп, заңдық тұрғыдан көршiлерге ғана емес, халықаралық қауымдастыққа бiржола мойындатты.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары бәріміздің қиындықтарды бастан кешіргеніміз есімізде. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, бесеу түгел болса төбедегі келеді» деген аталарымыздың өсиетін бұлжытпай орындап, татулық, бірлік, ынтымақ, бауырмалдық, сабырлылық пен байсалдылықты ту еткен халқымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүруде. Кейбір бауырлас елдерде болып жатқан келеңсіз жағдайларды көргенде,егемендігіміздің тұғыры берік болып, алаңсыз өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етуіміз керек-ақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – егемен еліміз үшін аса маңызды меже.Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз»,- деген болатын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай!

Қайыржан МӘЖИЕВ,

Бақсай ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT