«Өнерпаз» мәдениет үйінде алдағы Мәжіліс және жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты облыстық сайлау комиссиясының мүшесі К.Нуржигитова ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі жандарымен кездесу өткізді.
Кездесу жиынын аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақов ашып, облыстан келген сайлау комиссиясының мүшесі, «Мүгедектер әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі К.Нуржигитованы көпшілікке таныстырды. Ол әр сайлаушының құқығы, мүддесі Ата Заңмен қорғалатынын, ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси көмек көрсететінін, енді басқалармен бірге мүгедектер де сайлау учаскесіне бара алатынын, оларға арнайы кабина жасақталғанын айтты.
-Енді мүгедектер дені сау адамдармен қатар сайлау учаскесіне барып, дауыс бере алады. Алдымен оларды апаратын жерде, сайлау учаскесінде инватакси тұратын арнайы белгі болуы тиіс. Зағип жандар сары жолмен кіре алады, сонымен қатар мүгедектерге арналған пандус та қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт-сурдоаудармашының аздығы. Сайлауға келген мүмкіндігі шектеулі жандарға сурдоаудармашы қызмет көрсетеді. Көп аудандарда сурдоаудармашылар жоқ. Облыстың өзінде тек 5 сурдоаудармашы ғана қызмет көрсете алады. Жалпы облыс, ауданда сурдоаудармашыны көбейткен дұрыс. Ол шетелге шықсаңыз да, көршілес Ресейге барсаңыз да керек. Бұл мәселе үкімет тарапынан шешіледі деген сенімдемін.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау құжаты дайындалып жатыр. Соңғы уақыттары мүмкіндігі шектеулі жандар көбейіп кетті. Бұған экологияның да әсері басым. Олардың жан-дүниесін ешкім түсіне қоймайды. Қазіргі адам болмысында түсінбеушілік басымдау екенін жасырмаймыз. Еріктілер көп. Демеуші болып, көмек көрсетіп жатқандар қаншама. Көбі өзін жария еткісі келмейді, қайырымдылығын жасырын жасап жатады. Мүгедектерді қоғамға көптеп тартып, оларды қоғамдық жұмыстарға араластырған дұрыс. Мүгедектерді оқытып, белгілі бір мамандық алып берген дұрыс деп ойлаймын. Оны демеушілер көмегімен де жүзеге асыруға болады. Кейін кейбірі өз кәсібін ашып кетеді. Сонда табысқа-табыс қосылады-деді К.Нуржигитова.
«Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ж.Ойлданова аудандағы инватакси қызметінің жұмысына тоқталды. Ол инватаксидің мүгедек балаларды спортклубқа, оңалту орталығына, емханаға апаратынын, бірақ ол балалардың қасына ешкім ермейтінін, бұл жүргізушіге біраз қиындық туғызатынын қынжыла баяндады.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақов мүмкіндігі шектеулі балалар жанына ата-анасы, күтушісі болсын ергені дұрыс екенін, ең болмаса еріктілерді тартуға болатынын еске салды. Сондай-ақ сурдоаудармашылыққа әр мүгедектің отбасы мүшелерінен бір адамды оқытса деген ұсынысын білдірді.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал-актілер тіркеу бөлімінің басшысы А.Қабдолова да сайлау жөнінде біраз мағлұматтар алғанына ризашылығын білдіріп, сонымен қатар инватакси мәселесін қолға алатынын жеткізді.
Кездесуді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Шотпақов қорытындылады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА