Жол ережесін бұзып, жазаға тартылды.
Махамбет ауылында кәсібімізді өзгерткен бір күнде бірнеше жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтадық. Махамбет аудандық полиция бөлімінің жол патрульдік полиция тобымен және де «Атырау» телеарнасының тілшілерімен бірлескен «Телепатруль» рейдтік шарасында жол полициясы болудың қандай маңызды міндет екенін түсіндік.
Айыппұл көлемі өсіп келеді
Жалпы елімізде жол қозғалысы ережелерін бұзғандар үшін айыппұлдардың бірнеше ондаған түрі қарастырылған және оның мөлшері де жыл сайын артып келеді. Айыппұлдар сомасы 2 651 теңгеден басталып, 53 000 теңгеге дейін және одан жоғары болып белгіленген. Ең кең тараған түрі – 13 255 теңге. Жолда жүріп бара жатып, ұялы телефонмен сөйлескен және оны қолданған жүргізушіге 5 АЕК немесе 13 255 теңге көлемінде айыппұл салынады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 600 теңгеге қымбаттаған. Ал жылдамдықты сағатына 20-40 шақырымға арттырған жүргізушіге 10 АЕК – 26 510 теңге айыппұл салынады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1260 теңгеге көп. Егер жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өтсе немесе басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзса, оған 2 АЕК – 5 302 теңге айыппұл салынады. Былтырғы жылмен салыстырғанда 150 теңгеге өскен. Бағасы қаншалықты өссе де, тәртіп бұзушылар азаймай тұр өкінішке орай. Бір ғана Махамбет ауылында тілші кәсібін өзгерткен бір күнде бірнеше жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтадық. Махамбет аудандық полиция бөлімнің Жол патрульдік Полиция тобымен және де «Қазақстан-Атырау» телеарнасының тілшілерімен бірлескен «Телепатруль» рейдтік шарасында жол полиция болудың қандай маңызды міндет екенін түсіндік.
Тыйым салынған шамды қондырған
Кешкі сағат 19:00-де қызметке кіріскен топ алдымен ауыл ішін, кейін көршілес Сарытоғай елді мекенін шолып шықты. Халық жұмыстан қайтатын кешкі қарбаласта жол ережесі жиі бұзылатыны белгілі.Әркім өз ісінің маманы болады деген расқой, біз мүлде мән бермеген автокөлікті ЖПП қызметкерлері байқап қалып, бірден тоқтатып жатты. Сөйтсек, ВАЗ 2114 маркалы жеңіл автокөлігі тыйым салынған жарық шамды қондырып алыпты. Осы әрекетіне аса қатты қынжылып тұрған жүргізуші жоқ. «Елдің бәрі салғанды салдым, несі бар дегендей» алаңсыз тұр. Мамандар болса өз жұмыстарын тыңғылықты атқарып, сол бойда жүргізушіге қателігін түсіндіріп, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590 –бабы, 7-бөлігінің жол жүру ережелерінің 7.17 пунктіне сәйкес «Көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарын қайта жабдықтау» қаулысымен әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды. Оның сомасы 39765 теңгені құраса, еліміздегі заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сай жүргізуші 1 аптада айыппұлдың 50%-н, яғни 19882 теңге, 50 тиынды ғана төлей алады. Базардағы құны 5 мың теңге тұратын осындай жарық шамды қондырамын деп, 40 мыңдап айыппұл төлейтіндер қашан ақылға келер екен. Мұндай шамдардың кеселі өзіне емес, өзге жүргізушілерге кедергі келтіретінін ескермей жүргендер жетерлік.
«Тоқта» белгісіне тоқтамай өтті
Ары қарай рейдтік шарамыз Махамбет ауылының ішінде жалғасты. Газетіміздің өткен сандарында жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын zh-shugylasy.kz «Жайық шұғыласына -50 жыл» және Тұржанов... көшелерінің қиылысына бағдаршам немесе басқа да жол белгілері керектігін жазғанбыз. Көп ұзамай сол көшенің бойына «Тоқта» белгісі қойылып, жасанды жол кедергісі салынған еді. Бірақ, біздің қырағы жүргізушілер бұл белгілерді әлі-күнге байқамапты. Солардың бірі Армениялық нөмірлі көлік тізгіндеген Махамбет ауданының азаматы болды. ЖПП тобының қызметкері Исатай Атшыбаев барлық талаптарды сақтай отырып, жол жүру ережесін бұзған азаматқа кінәсін толықтай түсіндірді. Алайда, камерадан қашып, бетін жауып әлек болған «Б» есімді азамат бұл жол белгілерін бұрын-соңды көрмегенін айтып ақталып жатты. Иә, камераға түсуге қорқамыз, көпшілік көрмесін деп ұяламыз, бірақ неге сол жерден тоқтамай өткенде әлдекімнің өміріне зиян келтірем деп қорықпаймыз? Неге адамнан емес, заң алдында жауап беруден ұялмаймыз. Заң білмегендік, жауапкершіліктен құтқармайды, сондықтан жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге сол бойда айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды. Келесі кейіпкеріміз де дәл осы қателікті қайталады.
Бір ережені екі мәрте бұзған
Бұл жолы қарама-қарсы бағытта, яғни «Жайық шұғыласына -50 жыл» және Ө.Есмағамбетов көшесі бойымен асығып бара жатқан «Нива Шевроле» ескертуге де мән бермеді. Біздің ЖПП тобының қызметкерлері Болатбек пен Исатай өз міндеттерін үнсіз атқарды. Оқиға барысында анықталғандай жүргізуші бұған дейін де қала ішінде дәл осы жол белгісінен асып өтіп, айыппұл төлеген екен. «Аузы күйген үрлеп ішер» деп жүрсек, «Махамбетте кім көредіге» салған секілді ағамыз. Осылайша бір ережені екі мәрте бұзған азаматқа заңға сәйкес екі еселенген айыппұл салынды. Күннің суығына тоңып, әбден шаршаған біздер сағат 23:00 шамасында үйге қайттық. Ал, патрульдік полиция таңғы сағат 7:00-гі ауысым біткенше қызметтерінде қалды.
«Қозғалыс бір бағытта» белгісіне бағынбады
Келесі күні жалғасқан рейдтік шара барысында такси қызметімен айналысатын жүргізуішілер бірден көзге түсті. Арнайы белгіленген такси тұрағында емес, тыйым салынған аумақта тұрғаны үшін бірнешеуіне әкімшілік хаттама толтырылды, айыппұл салынды. Сонымен қатар, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің маңындағы көлік қозғалысын реттеу мақсатында «қозғалыс бір бағытта» белгісі орнатылған еді.
Алайда, бұл жерде де белгіні көрмеген, байқамаған жүргізушілер көптеп кездесті. Солардың бірі Ваз-2171 маркалы жеңіл автокөлігін тізгіндеген ауыл тұрғыны. Басқа ауылдан, басқа ауданнан емес, осы ауылдың ішінде, күнделікті өзгерістерді көріп жүрген ағаларымыздың іс-әрекетіне еріксіз таң қаласың. Бұл кісіге де Қазақстан Респбуликасы әкімшілік құқық бұзуышылық кодексінің 601-ші бабының, 1-бөлігінің 1.5.2 тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Осылайша, аудандық ЖПП тобының қызметкерлерімен ұйымдастырған екі күндік рейдтік шарамыз өте қызықты өтті. Қиындығын да көрдік. Тұрғындардан неше түрлі балағат сөздер де естідік. Аудандық полиция бөлімінде 5 жылға жуық еңбек еткен ЖПП тобының қызмет инспекторы, полиция кіші лейтенанттары Исатай Атшыбаев пен Болатбек Есенжановтың жаңа қызметке ауысқандарына 6 айдың көлемі болса да, тәжірибелі маман екендері жұмыс барысында көрінді. Ең бастысы, тұрғындармен талапқа сай қарым-қатынас жасап, мәдениетті сөйлеуі, жылдам әрі тиянақты әрекет ету жол патрульдік полициясының басты қағидаты екенін түсіндік.
Айнұр САТАЕВА