Дүкен сөрелерінен "Снюс" кәмпитін көрсеңіз, дабыл қағыңыз!
Өткен жылдың соңында Атыраулық дәрігерлер «Снюс» кәмпитінен уланған баланы өлім аузынан аман алып қалған болатын. Мектептен шыққан соң жолында кездескен дүкеннен 7-8 дана "Flush UP" энергетикалық кәмпитін сатып алып, бәрін бірден жеп тастаған баланың, жағдайы күрт нашарлап,ес-түссіз күйде облыстық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің анықтауынша, бала кәмпиттегі кофеинмен уланған екен. Жансақтау бөліміне түскен бала асқазаны тазаланып, бір сағаттан соң есін жиған.
Естіген жанды елең еткізердей оқыс оқиғаның орын алуына себепкер болған «Снюс» туралы не білеміз? Балапанды ауруханадан бір-ақ шығарардай оның құрамында қандай улы заттар бар? Мұндай қауіпті кәмпит қалайша еліміздің дүкен сөрелерінде емін-еркін сатылып келді?
Төрт темекінің дозасы бар
«Снюс» шайнауға және соруға арналған құрамында никотині бар кәмпит тектес өнім. Бұл түтінсіз темекіні өндіруші ел Швеция болып табылады. Есірткі заттары қатарына жататындықтан бұл өнімді бүкіл Еуропада сатуға және қолдануға тыйым салынған. Тек өзінің өндірушісі болып табылатын Швецияда ғана ересектерге сатуға рұқсат етілген. Ұсақталған ылғалдандырылған темекі, еріннің жоғарғы және төменгі жақтарының астына салып қоюға арналған. 5-30 минут аралығында темекі никотині ағзаға түседі.
Еліміздің тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мониторингі мамандары снюстарға жасалған сараптама нәтижесінде оның құрамында 20 мг-нан 250 мг-ға дейін никотин бар екенін анықтаған. Бұл соратын кәмпиттің бір түйірінде 4 темекінің дозасы бар деген сөз. Бір қызығы сыртқы қаптамасында құрамында никотиннің үлкен дозасы жоқ деп көрсетілген. Осыдан кейін елімізде «Снюс» шегуге арналмаған темекі және темекісіз өнімдерін әкелуге, өндіруге, сатуға, және таратуға тыйым салу туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2019 жылғы 12 желтоқсандағы №7-ПГВр қаулысы қабылданып, бұл өнімдерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынды. Қаулы шыққаннан кейін бір аптадан соң, 19 желтоқсанда Атырауда осы кәмпиттен баланың улану фактісі тіркелді.
Бұл қаулының қабылданғанына қарамастан сауда орындарының сөрелерінде соратын кәмпитті сату жалғасын таба бергенін көрсетеді. Nege.kz сайтының мәлімдеуінше көршілес Ресейде Снюсті сатуға 2016 жылы заңмен тыйым салынған. Кейінгі кезде снюстің өзі болмаса да, құрамында никотині бар конфет, сағыз, таблетка секілді заттар нарықта қайта қаптап кеткен. Жыл басынан бері Роспотребнадзор мамандары тексеру жүргізіп, миллионнан аса снюс өнімін тәркілеген, 6,5 млн сомнан аса айыппұл салған. «Снюс пайда болғалы елде түрлі жаман аурулар көбейіп, адамдардың денсаулығы күрт нашарлап кетті. Психикалық ауытқу, улану, есірткіге құмарту секілді дабыл қақтырарлық мәселе көбейді. Енді міне, адам өліп отыр», – дейді Ресей Денсаулық министрлігінің бас наркологі.
Ресейде темекі орнына қолданылатын никотинді снюс қалташасын тұтынған алғашқы адам көз жұмған. Құрамында никотині бар, темекі түріне жатпайтын барлық өнімдерді Ресейде сатуға тыйым салатын заң жобасын Мемлекеттік дума көктемде қарамақ.
Обыр ауруына шалдықтырады
Адам өміріне қауіпті кәмпиттен аудан тұрғындарын сақтандыру бағытында қандай шаралар қолға алынып жатқанын білу мақсатымен Махамбет аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына хабарласқан болатынбыз.
Осы мекеменің бас маманы С.Қабазованың айтуынша, жергілкті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларымен, жастар денсаулық сақтау орталықтарымен бірлесіп балалар мен жасөспірімдердің организміне никотин бар қоспалардың және психикалық-белсенді заттардың әсерін түсіндіру бойынша кең ауқымды акциялар жүргізу тапсырылып, қаңтар айында алғашқы қадам ретінде аудандық білім бөліміне, денсаулық сақтау орнына, кәсіпкерлік палатасына, жастар орталығына хат жолданыпты.
Аудан орталығында өткен аптада өткізілген ауылшаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде аудандық кәсіпкерлік палатасымен бірлескен алғашқы акция өткізіліп, жергілікті және көршілес Батыс Қазақстан облысынан келген жеке кәсіпкерлер мен жәрмеңкеге қатысушы аудан тұрғындары құлақтандырылып, бұл шара әрі қарай да жалғасатыны түсіндірілген.
-Бұл өнімді негізінен жастар пайдаланады. Жасөспірімдер арасында ғаламтор арқылы алдыру сәнге айналған. Әлеуетті канцерогендік әсері бар 28 химиялық заттан тұратын снюс адам бойында обыр ауруы дамытады. Никотиннің өлімге әкелетін орташа мөлшері бір килограмм салмаққа 0,5-1,0 мг құрайтынын ескерсек, салмағы аз балалар мен жасөспірімдерді мұндай мөлшер өлімге алып келуі мүмкін. Снюсті тұтынған кезде ең бірінші ауыз қуысының шырышты қабығы зақымданады, бастағы ауырлық, апатия, күрт сілекей бөлу және бас айналу түріндегі жағымсыз әсерлер пайда болады. Ауыз қуысының, ұйқы безінің, өңеш пен өкпенің онкологиялық ауруларының дамуына әкелуі мүмкін.Түтінсіз темекіні ұзақ уақыт пайдалану парадонтозға, тістің бұзылуына, ауыздан жағымсыз иістің пайда болуына, тахикардияға, гипертония, бедеулікке әкеледі.Темекінің осы түрін пайдаланушыларда жоғары агрессивтілік және қозу немесе керісінше, апатия және эмоциялық дисфункция байқалады Сондай-ақ түтінсіз темекі ағзаның жұқпалы ауруларға төзімділігін әлсіретеді. Снюсті пайдаланудан бас тарту - шылым шегуден бас тартуға қарағанда әлдеқайда қиынырақ.
Никотіннің өлімге әкелетін орташа мөлшері бір килограмм салмаққа 0,5-1,0 мг.құрайтынын ескерсек, балалар мен жасөспірімдердің аз салмағында мұндай мөлшер өлімге алып келуі мүмкін. Сондықтан жастарға айтар кеңесім, егер сізге біреу снюс ұсынған жағдайда таныс немесе бөгде адам темекінің осы немесе басқа түрін ұсынса, ешқандай жағдайда оның дәмін татып көруге келіспеңіз. Егер сізге шайнайтын кәмпиттер ұсынылса, олардың шығу тегі мен қауіпсіздігіне сенімді болмасаңыз, жеуге асықпаңыз. Достарыңызды және таныстарыңызды осы затты пайдаланудың зияны туралы ескертуге және оны пайдаланбауға сендіруге тырысыңыз дегім келеді ,– дейді С.Қабазова.
Түсінік жұмыстары жиі жүргізіледі
Өзіме қарасты Қосарал орта мектебінде 7-11 сынып оқушылары арасында кездесу өткізіп, қазіргі кезде елді алаңдатып отырған адамның құмарын тудыратын күмәнді заттар, соның ішінде Швецияда өндірілетін, денсаулыққа аса зиян шайнамалы темекі - снюс өнімі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келемін. Оқушыларға бұл өнімді пайдаланған жасөспірімдердің өспей қалатыны, мінез құлқы өзгеріп, тіпті агрессивті болатыны, үнемі көңілсіз жүретіні, ұйқысы келе беретіні айтылды.Сондай-ақ асқазан ішек-жолдарының түрлі жараларына, тіпті онкологиялық ауруларға шалдықтыратыны түсіндірілді.
Н.Ураков, Қосарал орта мектебі бойынша мектеп инспекторы
Балаларымыз үшін қорқамыз
Әлеуметтік желілерден дүкен сөрелерінде балалардың өміріне қауіпті энергетикалық кәмпиттердің емір-еркін сатылып жатқанын естіп қатты қорқып қалдық. Әрбір жасөспірім ұл мен қыз өсіріп отырған ата-ана балалардың қауіпсіздігіне қатысты елімізде орын алып жатқан барлық мәселеге бей-жай қарай алмайды деп ойлаймын. Сол себепті өзім бас сұққан дүкен сөрелерінен «әлігі аты өшкір кәмпит тұрған жоқ па екен?» деп қарап жүремін. Біздің ауылда ол пәле мүлде сатылмаса екен. Ауылымыздың кәсіпкерлері өз жерлестерінің балаларына қастық ойламайды, біздің ауданға қарасты дүкендерде «снюс» кәмпиттері сатылмайды деп сенемін.
А.Жұмабаева, ауыл тұрғыны
Түйін
Мамандар қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынғаннан кейін жасөспірімдердің снюске деген сұранысы арта түскенін айтады. Соңғы кездері Google ғаламтор желісінде осы кәмпитке қатысты ақпаратта көп қаралған көрінеді. Бұл елімізге контрабандалық жолмен жеткізілуі мүмкін бұл тауарға деген сұраныстың барлығын дәлелдейді. Сыртқы қаптамасы жалт-жұлт етіп көз тартатын, жегеннен кейін өзіне тәуелді қылып алатын сиқырлы кәмпиттен балаларды сақтандыру, түсінік жұмыстарын тыңғылықты жүргізу ата-ананың да, ұстаздың да,қоғамдық ұйымдардың да, мектеп инспекторларының да басты міндеті екені сөзсіз.
Қадірлі оқырман! Қандай да бір сауда сөресінен қауіпті энергетикалық снюс кәмпитін көзіңіз шалса, Атырау облысы, Махамбет ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына хабарласа аласыз. Сенім телефоны 5 -57 – 09.
Баян СҮЙЕУОВА