Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама бала мен жасөспірім бар.
Көлік апатының кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр дейді статистика. Бұдан бөлек, жыл сайын миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.
Қазақстанға келсек, жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болу факторлары автокөліктер санының өсуімен бірге көбейіп барады. Қаза тапқандардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жаста. Республика ауруханаларына түскендердің 1/3 жол-көлік оқиғасынан жараланғандар.
Жаяу жүргіншілер жолағы қайда?
Жалпы, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалуда. Апатты жағдайға 90% жағдайда жүргізуші кінәлі екендігі анықталған. Сол 90%-да жүргізушілер жол қауіпсіздігі белгілеріне мән бермегендіктен, қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан, жылдамдықты асырып, бағдаршамның жасыл түсіне тоқтамай кетуінен орын алуда. Ал, жолдағы жүргізушіге бағыт-бағдар беріп, ескерту жасап тұратын жол қауіпсіздігі белгілері бізде қаншалықты жеткілікті орнатылған?
Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары А.Сапаровтың берген мәліметіне сәйкес:
-Ауылішілік автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау бағдарламасы бойынша 2018-2019 жылдарға Махамбет ауылына 4 дана «Жасанды бұдырлық» жол кедергісі және 39 дана жол белгісі орнатылған. Тағы 10 дана «Жасанды бұдырлық» жол кедергісі және 94 дана жол белгілерін орнату жыл аяғына дейін жоспарланған, алайда іске аспаған. Себебін, аталмыш жобаға жауапты мердігер компания жұмысты толық атқармаған. Оған, қаражаттың жеткіліксіз болуы қоса бар.
Ал, күрделі жөндеуден өткен 10,35 шақырым ауылішілік жолдарға дер кезінде 117 дана жол белгілері қойылыпты. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында, республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолын күрделі жөндеу жұмыстары да күні кеше бітті. Аталған жоба аясында ауылымызға 15 жерге 30 дана «Жаяу жүргінші өткелі» белгісі орнатылды. Осы орайда кез келген сауатты адамның ойында мынадай заңды сауал туындайды: «белгі бар, ал жаяу жүргіншілер жолағы неге жоқ?»
Өкінішке орай, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі осы жаяу жүргіншілер өткелінде орын алып жатады және оның салдары адам өліміне әкеліп соқтыруда. Бірер ай бұрын Атырау облысын ғана емес, күллі Қазақстанды жылатқан жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы да осы жаяу жүргіншілер өткелінде болған еді. Ең, сорақысы шаңқай түсте үйіне асыққан жасөспірімнің денесін қатты жылдамдықпен келіп соққан көлік бөлшектеп тастады. Белгінің тұрғанына қарамастан жүргізушілеріміз осындай орны толмас ағаттық жіберіп жатқанда, жайбарақат отырғанымыз қаншалықты дұрыс?
Шыны керек, күрделі жөндеуден өткенімен ауыл көшелері тар, қолайсыз. Әсіресе, көлік саны да, қозғалысы да күннен-күнге артып келе жатқан орталық көшелерде бала түгілі өзіміз, жан-жағымызға қарап, жалтақтап өтеміз. Күндіз осындай қарбаласта жолаушы да, жүргізуші де жаттанды, үйреншікті жолымен өте шығып, ережені бұзбауға, бұзса да білдіртпеуге тырысады. Ал, кешқұрым ауыл ішін жақсы білмейтін әлдебір жүргізуші жол жиегіндегі тұрған жаяу жүргінші белгісін көрмей, сол тұста жылдамдықты қатты асыра өтіп, бір тұрғынның өміріне қауіп төндірсе кімді кінәлаймыз?
«Сол қиылыста көзіміз байланып қалады»
Тыңдап отырсаңыз адам ойына сыймайтын бұл әңгіме қаншалықты қисынды? Әйтсе де, жүргізушілердің бірқатарынан естіп жүрміз. Солардың бірі Төре Пангерей:
- Рамазан айы болатын. Достарымызбен мешіттен шығып А.Тұржанов көшесін бойлай келіп, ережеге сәйкес, А.Құнанбев көшесінің қиылысында тоқтадық. Көлік ішіндегі бес адам да қос бағытты анықтап қарап, кедергі жоқтығына көз жеткізіп, жолға шыға берген бойда бір көлік зу етіп сол жағымыздан келіп қалды. Менде жылдамдықты барынша басып жолды қиып өтуге тырыстым. Өйтпегенде, өмірімізге қауіп төнетін еді. Кейін, бәріміз есімізді жиып, Аллаға шүкіршілік етіп, жаңағы көліктің қайдан, қалай шыққанына бас қатырып, ұзақ таңдандық. Бір емес, бес адам қарап отырғанда көрінбей қалатындай, ол жерде не құдірет болды деп ойладық расымен. Бейне бір, көзімізді шел басып көрсетпегендей күй кештік. Қазір сол жолайрықта 5-10 минут бойы жан-жағымда асықпай қарап, аса сақтықпен өтуді әдетке айналдырдым.
Иә, бұл бір ғана Төренің оқиғасы. Бірақ, ел ішінде мұндай түсініксіз оқиғаға тап болғандар жетерлік. Жолайрықта көзбайлағыштың бар-жоғын біз де білмейміз. Ал, аудандық Исатай-Махамбет мешітінің бас имамы Ержан Иманғалиевтың айтуынша:
- Дініміз жолайрықта жын-шайтан, көзді арбап-алдайтын белгісіз бір тіршілік иелері бар деген түсінікке мүлде қарсы. Халқымыз «асыққан шайтанның ісі» деп бекер айтпаған. Адамдарға қауіп төндіретін сол асығыстық, жүргізушілердің ойының бөлінуі, бір нәрсені уайымдап, пендешілікке салынуы болып отыр. Шариғат бойынша көлікке отырып, жолға шығар уақытта оқылатын дұғалар да бар. Соларды жаттап алып, жиі оқып, діттеген жеріңізге аман-есен жетуді Алладан сұраған абзал.
Жолға шығарда садақа беріп жүріңіз
Ал, жолайрыққа тиын тастап садақа беру немесе көлік ішіне түрлі таспих моншақтар, Алла есімі жазылған әсемдік белгілері мен кішкентай құран кітаптарын іліп қою қаншалықты дұрыс деген сауалымызға бас имам былай жауап берді:
- Садақаны жол бойына емес, қанша болса да мешітке келіп құранын оқытып, «Алла жолымызды оңғарсын» деген ниетпен берген дұрыс. Ал, көлік ішіне ілінетін дінімізге қатысты заттарға жай ғана зат ретінде қарау керек. Мәселен, таспихты санаңыз жол бойы, құран болса ашып бір дұғаны оқыңыз. Ал, сол нәрселердің жай ғана бұйым ретінде ілініп тұрғаны бізді бәле-жәледен қорғайды, жолымыздың оңғарады деп ойлау қате түсінік. Кез келген пенденің, жолаушының, жүргізушінің де қорғаны Алла және оның атымен сұралған дұғасы.
Бағдаршам бізде бола ма?
«Сақтықта, қорлық жоқ» дегендей, аталмыш көшелердің қиылысына бағдаршам қою мәселесі бұл көпшіліктің сұрауы, әрі мәселенің басты шешімі болып отыр. Өйткені, жол-көлік оқиғасы жиі орын алатын осы тұста кінәлы тарапты анықтау да қиынға соғып жатады. Бұған жауапты жергілікті полиция қызметі мамандарының айтуынша, бағдаршам орнату жөніндегі ұсыныс бұған дейін де аудандық әкімдікке жіберілген. Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары А.Сапаровтың берген жауабына сәйкес: Махамбет ауылдық округінің А.Құнанбаев пен «Жайық шұғыласына-50 жыл» және «Жайық Шұғыласына -50 жыл» мен Ө.Есмағамбетов, А.Тұржанов көшелер қиылыстарына бағдаршамдар және «Жаяу жүргінші – Жасанды жарық шамымен» орнату үшін зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылдың 14 қазанда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына №10-01-02/2338 санды хатпен қаржыға сұраныс жолданған. Бірақ, тиісті қаражат биылға бөлінбеген.
Түйін:
Бұдан шығар түйін мынадай: 34 мың халқы бар Махамбет ауданында аталмыш көшелердің қиылысына бағдаршам қою мәселесі келер жылдың еншісіне қалды. Ал, жол-көлік оқиғалары күнаратпа болып жатыр. Ақиқаты сол, ата-бабамыз армандап кеткен, айшылық алыс жерлерге жедел жеткізетін темір тұлпар қажетімізге жарап қана қоймай, қатерімізге де айналғаны жасырын емес.
Сондықтан, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер жол бойындағы тәртіп пен талапқа бірдей бағынып, өзінің ғана емес өзгенің де өміріне жауапты екенін ұмытпағаны жөн.
А.САТАЕВА
Сурет:ашық дереккөз