«Түркияда бетперде тегін, азық-түлік арзан» дейді жерлесіміз Әсел Карабаг және жолдасы Хюсейн Карабаг (+видео)

Жер-жаһанды жаулап келе жатқан коронавирус індетімен өзге елдер қалай күресуде? Шет елдердегі ахуал қандай? Ол елдерде халық дертті қалай қабылдауда?

Әрине, ғаламторды ашсақ, қажетті ақпаратқа қол жеткізе аламыз. Десек те бұл жолы ғаламтордағы құрғақ ақпараттан гөрі, өзге елде тұрып жатқан жерлестеріміздің тыныс-тіршілігін өз ауыздарынан есту үшін бүгінде Түркияның Измир қаласында тұрып жатқан жерлесіміз Әселге бейнеқоңырау арқылы хабарласқанды жөн көрдік.

- Қазақстандағы қандастарымыз секілді қазір Түркия мемлекеті де осы бір аты жаман аурумен күресіп, ауыр күндерді бастан өткеріп жатыр. Бұл жақта әзірге барлық ақпарат айқын әрі нақты күнделікті халыққа жеткізіліп отыр. Тіпті тест жасалғандардың, ауру жұқтырғандардың және көз жұмғандардың санын бақылап отыратын арнайы ұялы телефон бағдарламасын да ойлап тапқан. Жуырда оны қайта өңдеп, ауру жұқтырған адамның тұратын қаласын, мекен-жайын нақты көрсететін функцияларды қоспақ. Бұның барлығы бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалуда. Елде бетперде тапшылығы бастапқыда болғанымен, қазір оларды тегін таратып жатыр. Тіпті дәріханаларда да тегін таратып, сатуға барлық жерде тыйым салды. Медициналық антисептикалық құралдар, дәрі-дәрмек барлығы жеткілікті. Қазіргі таңда біз тұрып жатқан көлемі бойынша Түркияның ең үлкен үш қаласының бірі саналатын Измирде жалпы карантин жарияланған жоқ. Тек, уақытша шектеулер қойылды. Мәселен, жасы 65-тен асқандарға және 20-ға толмағандарға мүлдем үйден шығуға болмайды. Барлық компаниялар мен мектептер, білім беру орындары онлайн жұмысқа ауысты. Азық-түлік дүкендері мен үлкен супермаркеттердің, халық көп шоғырланатын орталықтардың жұмысын 4 сағатқа шегерді және адамдары кезекпен ғана кіргізуде. Жалпы елде бұл вирусты жұқтырғандар саны күннен-күнге артып жатыр, десек те ішкі ахуал тұрақты. Азық-түлік бағасы көтерілмеді, жанармай мұнай құнының төмендеуіне байланысты арзандады. Мемлекет тарапынан және көптеген компаниялардың қолдауымен қайырымдылық қоры ашылып, ол жерге 7 млн АҚШ долларына жететін қаражат жиналды. Бұл әрине, әлеуметтік осал топтарға, көмекке мұқтаж адамдарға жеткізіледі деп ойлаймыз. Түрік дәрігерлері мен мамандар да аурумен күресіп жатыр, ал қарапайым халық карантин жарияланбаса да тәртіпке бағынып, жеке басының амандығы үшін үйден шықпауға тырысуда. Тіпті, танымал актерлардың өзі жарнамалық роликтерге, баннерлерге түсіп, тұрғындарды тазалықты сақтауға, бетперде тағуға, көшеде жүрмеуге үндеуде. Меніңше бұл әдіс сәтті іске асып, пайдасын тигізуде. Махамбеттік жерлестерімді, достарым мен жақындарымды сабырлы болуға және тәртіпке бағынуға шақырамыз, –дейді Әсел Карабаг.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT