Үш айдың үстінде Қытай елінен тараған қауіпті де қатерлі дерт «Коронавирус» жұқпалы ауруы бүкіл жер шарына тарап, әлем халқын әбігерге салуда.
Осы орайда көпті көрген ақсақал ретінде халқымды сабырлыққа, үрейге бой алдырмауға, шыдамдылыққа шақыра отырып, қиын-қыстау кезде, Нарын елінде болған жұқпалы ауруларды басынан кешіріп жеңіп шыққан адамдар туралы мысалдар келтіргенді жөн көрдім.
Шашымызды тақырлап алып тастады
Менің анам Марфуға Сисенғалиқызы ол кісі 1916 жылы туған 1920-1927 жылдар аралығында Нарын құмында «шешек» ауру өршіп, халықтың бір шамасы қайтыс болғанын айтқан болатын. Анам кішкентай кезімде шамамен он екі жас шамасында болсам керек деп айтушы еді, әкем Сисенғали мені бір ағайынның үйіне әкеліп тастады. Ол үйде түгелге жақын шешек шыққан үсті басы жарадан іріп жатырған екен. Мені соларға тамақ пісіруге әкелген екен. Әкем маған сен қорықпа, бұларға саржара шыққан деді. Бұл үйді біздер «үлкен үй» деп атаушы едік. Шаруасы жақсы, бай болса керек, тамақ көп екен. Мен тамақ пісіріп жатқанда екі - үш күннен кейін орыс дәрігерлер келді. Үйге иісі жаман сұйық дәрілер шашып, бір ыдысқа құйып беріп кетті. Олар келген бойда барлығымыздың шаштарымызды тақырлап алып тастады. Менің ұзын шашым болушы еді, қанша жыласам да оған қарамады. Не керек екі кісіні алып кетті, қалғанымыз сол үйде қалдық. Барлығыда ауру меңзеген тұра алмайды. Бірақ маған ауру жұққан жоқ. Шашымды алғанға жылап жүрген мені ауырып жатқан апаларым шашың күн ертең өседі деп, шамасы келгендер жұбатып қояды.
Менің тамақ пісіруден басқа, бітіретін шаруам даладан «адыраспан» жұлып әкеліп, үш аяқты шоқ аяққа жанған тезектің қызыл шоғының үстіне адыраспан салып, үйге түтін қойып түтетем. Далада орнатылған қазандыққа су құйып, үстіне адыраспан салып қайнатамын. Қайнап шыққан адыраспанның сары түстес суын ағаш шелекке құйып ауырып жатқандардың ортасына әкеліп қойып кетемін. Әлі барлар шелектегі адыраспанның суына шүберекті малып, жараларына жағып жататын. Екінші бір жұмысым, оларға құмаршықты ұндай қылып, тартып беремін. Суланып жатқан жаралар үстіне құмаршықтың ұнын қалың қылып сеуіп тастайды. Сырттан келген кісілер үйге жақын келмей, мені айқайлап шақырып алып, амандықтарымызды алыстан біліп кетеді. Оншақты күннен кейін жаралары қара қотырланып қабыршақтанып түсе бастап, алып кеткен екеуінен басқасы жазылды дейтін анамыз.
«Анамыздан ауырған кісілер не болды?» деп сұрағанымызда оны сұрап қайтесіңдер, қиын жағдайлар болды ғой дейтін. Шамасы туыстарын өлдіге қимайтын секілді. Шешеміз шашты жинап жүруді қыздарына қатаң талап ететін. Шашын жуғаннан кейін кептіруге жайып жүргізбейтін де. Шаштарыңның арасына шайтан паналайды деп қорқытатын. Қыз балалар түгіл, сол кезде ер бала біздерге де, түнде сыртқа шыққанда жалаңбас шықпаңдар деп айтатын. Қазір шаштарын жайып жүру үрдіске айналды. Ол, олма жасы бір шамаға келген әйелдерде шашын жайып жүргенге таң қалмайтын жағдайға жеттік. Егерде сіз шашыңызды тарап болып жердегі жатқан қағаз киқымына не қылшық қыбырға тарағыңды тақасаң, тарақ магниттеліп жердегі қылшық қыбыр тараққа жабысатынын байқап қарауларыңызға болады. Шаң тозаңмен шашқа ұялаған микробтар ошағы болады деген пікір туындайды.
Жиырма күн бойы құдықта жаттық
Екінші кезекте Сахымбетұлы Дайыр атамызбен әкем Бектен екеуінің арасында болған әңгімесінен естіген, болған оқиғаны келтірсем деймін. Дайыр атамыз былай қарағанда тұмаға тұйық болып көрінгенмен әңгімешіл болатын. Нарын жерінде отырған отырықшы халық өзінің мал шаруашылығы болмаса, басқаша табыс көзі болмайтын. Ел азаматтары 1905 жылы солардың ішінде Сахымбет екі баласы Әбілхайыр мен Дайыр да бар Астрахан жерінде балық аулайтын орыс байларының «батағасына» барып жалданып, балық аулайды. Ағайындылар жұмыста жүргенде елден жайсыз хабар болып, ауылға қайтады. Елге келсе, ауылдағы қалған әке-шешесі бауырлары барлығы да обадан қайтыс болған екен. Олар туыстарының қайда жерленгенін де біле алмайды. Шамасы қайтыс болғандарды бір жерге жасырын жерлесе керек. Қыстайғы табысымызға керек жарағымызды алып, ағам Әбілхайыр екеуміз мінгесіп барған атанымызға, ағайындардың барлық затын артып, жаяу-жалпылап ауылға келсек, тірі жан жоқ. Бізді ауылға келген бойда, әскери дәрігерлер ұстап, қыстауымыздың қасынан суы шыққанша құдық қазып, ішіне дәрі құйып сонда ұстады. Алғашқы кезде өте қиын болды. Келесі күні құдықтың жел жағынан Дәулетәлі деген ағамыз келіп, алыстан айқайлап амандығымызды біліп, дорбамен тамақ лақтырды. Біз күрек сұрадық. Ағамыз сендерге шығуға болмайды, тірі қалғыларың келсе шыдаңдар мен сендерге тамақ киім-кешек әкеліп тұрамын деді. «Біздер жоқ шықпаймыз кезектесіп жататын тере жасап аламыз» деген соң күрек әкеліп берді. Жағдайымыз бұрынғыдан шүкір кезектесіп ұйықтайтын дәрежеге жеттік. Жиырма күнді де жылдам өткізіп сыртқа шықтық. Екеуміз де елге келіп, үйлі- баранды болдық.
Біз ағайынды екеуміз осындай жағдайға 1928 жылы тағы да тап болдық. Жұқпалы «шешек» аруы елге тарап, елдің біршамасын қамтығаны белгілі еді. 1927 жылдың қысына таман құмаршық шауып бастырып, пішенімізді жинақтап болғасын күздің қара суығы басталғанда Айбас ауылының ер азаматтары ұйымдасып, Забурын балық аулайтын батағасына барып жұмыс жасадық. Жазғытұрым елге оралсақ, елде шешек шығып, ауыл ала сапыран екен. Біздер ауылға жақындағанда Әбілхайыр ағамның әйелі Балқаш «қырға шығып үйге келмеңдер, шешек шығып жатыр» деп, орамалын бұлғап, айқайлап хабар берді. Амал жоқ сол жердегі обаға қарсы күрес мекемесіне жұмысқа кіріп, бір ай шамасында отбасымызбен аман-есен қауышқан едік. Қызым Хатима мен қарындасым Иісті шешек шарпып аман қалған деген еді. Осы бір әңгімені ағайындылардың немерелері Сатқан мен Мақсоттың балалары Мәлік, Тұхпатолла, Арыстанда естіп-білгендерін әрқашан еске алып отырады.
Менің айтпағым, осы өтпелі бүкіл жер шарына «Коронавирус» жұқпалы ауруы тарап тұрған кезеңде, халық бір жұдырықтай түйіліп, бір ауыздан сөз, бір жағадан бас шығарып, мемлекетіміздің шектеу шарасын орындап, жалған лепірме сөздерге ермей, әркім өзін сақтаса, өзгені де сақтайтынын ұққан жөн.
Қазақ халқы бұдан қиын кезде де талай қиыншылықтарды бастан кешіріп, жеңіп шыққан халық. Жинақы жүрсек, тазалық сақтап, бұл обырды да баршамыз болып ауыздықтайтынымызға сенуіміз керек. Қазақ халқында «шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өз кәпір» деген мақал тегін айтылмаса керек. Мен өз өмір тәжірибемнен көріп, естіп білгендерімнен сөз қозғадым. Мына жұқпалы дерттің таралмауына менің пікірім себебші болар ма екен деген ой ғана.
Мұрат Бектенов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Исатай ауданының Құрметті азаматы