Індетті жеңіп шыққандар мыңнан бір болды

Мен қос ғасырдың қиындығын да, қызығын да көрген қарт анамын.

Сонау ашаршылық жылдары, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы уақытында аурудың да, ауыртпалықтың да біразын бастан өткердік. Қазір есіме алсам, біз туып-өскен Құмшығанақ ауылында да соғысқа дейінгі уақыттарда шешек, кезік, ентікпе деген ауруларды жиі кездестіретінбіз.

Өз әкем Есмағамбет пен апам Ынташ сол демікпеден көз жұмса, екі бауырым кезіктен тұра алмады. Кезікке шалдыққан адам 3 күн бойы бас көтермей жатып қалады. Сол 3 күнде ауруды жеңіп тұрмаса, өліп кете береді. Кейде, бүтіндей бір отбасы кезіктен тұра алмай қалып жатты. Бұл да бір сол уақыттардағы аштықтың, қиындықтың салдарынан пайда болған індет шығар деп ойлаймын. Шешекті де өз көзіммен көрдім, ол кезде мен 9-10 жасар баламын. Ол жаман аурудың үлкендер атын атауға да қорқатын. Адамның денесіне, әсіресе бетіне қанды жара болып толып кететін, кейін ізі қалып қоятын бұл ауру да қызулатып, қинайды деседі. Шешекті жеңіп шыққандар да мыңнан бір болушы еді. Солардың бірі менің аталас немере ағам Құрмет. Өкінішке орай сол әулеттен 2 жас бала шешектен өліп кетті. Ал, аурудан айыққан ағамыздың бетінде кейіннен шұбарланып, жараның іздері қалып қойды.

Бір қызығы шешек бәрімізге, тіпті маған да бірен-саран шықты, бірақ тез кетіп қалды. Ал, көп адамдарда ол асқынып, арты өлімге соқтырып жатты. Ол күнде бүгінгідей медицина дамымаған, дәрі-дәрмек те жоқ. Шөп дәріні де жасайтындар ел арасында аз болды. Соның салдарынан мыңдаған адам шешектен көз жұмды. Соғыс уақытында безгек деген бәле де ел ішін жайлап кетті. Безгекпен ауырған адам түске дейін қойдың терісіне оранып жатса да денесі жылымай, қалшылдап тоңады, ал түс ауа күйіп-жанып, шөл қысады. Осылай, безілдетіп бір ай ауырғанда адамның тек қу сүйегі қалушы еді. Бірақ, бұдан үлкендер жағы жазылып шыққанымен, балалар шыдас бере алмады. Міне, осындай аурудың сан түрін көрдік,бірақ күресуге дәрменсіз болдық. Қазіргі әлемде жайылып жатқан жұқпалы ауру біздің елімізге де жеткенін теледидардан естіп, күнде бақылап отырамын.

Президентіміздің, дәрігерлердің айтқанына құлақ асып, үйден шықпай отыр десе тыңдап, тазалық сақтау қажет. Мен мұны жасы жүзге таяған, саналы ғұмырында біраз бейнетті көрген, соның ішінде аурудан қиналып өлгендердің куәсі болған кейуана ретінде айтып отырмын. Кезінде шешек жұқтырғандарға да жақындатпай, барынша оқшаулағанның арқасында аурудың алдын алды.

Заман қанша дамыса да адам мезгілсіз келген ажал мен мезгілі асқан ауру алдында дәрменсіз болып қала береді. Біздің халық басынан бірталай бейнетті де, індетті де өткерді. Мұны да бірлік пен тәртіптің арқасында жеңіп шығатынымызға сенемін.

Дәметкен Тлекбаева,

Алтын құрсақты ана, «Тыл ардагері»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT