Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Фото: zh-shugylasy.kz

Аудандық  тарихи өлкетану музейінде Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел  өткен еді.  Іс-шараға ардагер аналар, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі, кітапханашылар, ауылдық округ, музей қызметкерлері қатысты.

Әйелдерді  зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндені инспектор Арайлым Сапарғалиева акция ана мен баланың, отбасының рөлін нығайту мақсатында ұйымдастырылып жатқанын, полиция  бөліміне 79 хабарлама түскенін, бірақ ауданымызда отбасылық қылмыс тіркелмегенін мәлімдеді.  Көбінесе отбасында ер азаматтар ондай қылмыстарды ішімдік ішкен масаң күйде жасайтынын, оған ақша жетіспеушілігі, енемен келіспеушілік себептері де әсер ететінін меңзеді. 

Отбасындағы зорлық-зомбылық жас ерекшелігіне, әлеуметтік, экономикалық, діни, нәсілдік, материалдық, гендік немесе білім шекараларына қарамайды.  Отбасындағы зорлық-зомбылық нашар көңіл-күйден, психологиялық қысым көрсетуден басталып, дене жарақатын келтіріп, ұрып-соғуға, үйден қуып жіберуге ұласады.  Спиртті ішімдіктер мен есірткі пайдаланып, әйелге, балаларға жаман қылықтар мен зәбір  көрсетеді.  Көптеген зардап шегушілер қорлыққа ұшырап жүргендері туралы ешкімге айтпай, тығырықтан қалай шығарын білмей, көп уақыт зорлық-зомбылық әрекеттеріне көніп жүреді.  Зардап шегушінің өмірінде келеңсіздіктер пайда болып, жағдайы қиындайды.  Дегенмен, қандай қиыншылықтан болса да қажетті ақыл-кеңес пен көмек ала отырып, шығуға болады.  Өзің әрекет етпесең, мұндай жағдайлардың көбі ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Егер сіз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрсеңіз, мына жағдайларды үнемі есте ұстаңыз:

-Егер сіз менің серігім  уақыт өте келе өзгереді, оның мінез-құлқын бақылауда ұстай аламын десеңіз, үлкен қателесесіз.  Зорлық-зомбылық әрекеттері қайталанбалы, сізге зәбір көрсетуші  осыдан бірнеше күн бұрын сізді ренжітіп, ұрыс-керіс шығарып, қол көтерген болса, бүгін сізден кешірім сұрап, сыйлық беріп, кінәсін мойындап, алдыңа келеді. Сіз өзіңізді сүйікті де қажетті адам сезінесіз, кешегі зорлық әрекеттері келмеске кеткенде болады. Жоқ, ойланыңыз, бұл жағымды көріністер уақытша ғана.  Біршама уақыт өте келе серігіңіз бұрынғы қылықтарын қайта көрсетіп, сізді бұрынғыдай ренжітеді, міне, зорлық әрекеттерінің шегі жоқ дегеніміз осы.  

Махамбет ауылдық округінің әйелдер кеңесі төрайымы Тойған Сариева да өз ойымен бөлісті.

-Отбасындағы зорлық-зомбылыққа  ұшырауына әйелдердің өздері  де кінәлі ме деген ой келеді.  Себебі, тәрбие осалсып кетті.  Әсіресе, қыз тәрбиесі уыстан шығып кеткені өкінішті.  Бәрі қыздың анасына байланысты.  Өмірге бейімделмеген, ештеңе білмейтін қызды келін етіп,  түсіріп жатамыз. Шынын айту керек, біздің қыздарымыз әлі тұрмыс құруға бейімделмеген.  Оны үйрететін енелер бары рас.   Көп жас келіндер үй шаруасына әлі бейімделмеген, өз бетімен үйренуге  құлқы жоқ.   Тағы бір айтарым, мектептің 10-11 сынып қыздарын осындай іс-шараларға қатыстырса, қандай ғанибет болар еді.  Көбінесе мәдениет үйінде өтетін іс-шараларға мектептен озат оқушыларды ғана жіберіп жатады.  Осындай өнегелі   іс-шараларға орташа отбасынан шыққан, аз қамтылған  жанұяның қыздарын қатыстырса деймін, - деп сөзін аяқтады Т.Сариева. 

Дөңгелек үстелді Махамбет ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Б.Сисенова қорытындылап, іс-шараға қатысқан ақ жаулықты аналарға сый-сияпатын ұсынды.

А.Қуанышқалиева

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521