Тілсіз түсініскен тағдырлар

Ерлі-зайыпты Бағытжан Аманғалиұлы мен Алмагүл Бағытқызы туғаннан мүмкіндігі шектеулі, бірін-бірі ұғынысқан жандар.

«Шұғыла» мөлтек ауданында тұратын ерлі-зайыпты Бағытжан Аманғалиұлы мен Алмагүл Бағытқызы туғаннан мүмкіндігі шектеулі, бірін-бірі тілсіз ұғынысқан жандар.Олар туралы «қолы шебер екен, диванды қайта жөндеп, реставрация жасайды, етік жөндеумен шұғылданады» дегенді жиі естуші едік.Бүгінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде жұмыс істеп жүрген Алмагүлге апасы Айнагүл Сүлейменова арқылы жолығып, кәсібінің нәсібі жайлы білдік.

Алмагүл Сүлейменованың айтуынша, отбасымен Құлсарыдан Махамбетке 2008 жылы көшіп келіпті. Он жылдай пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, аудан әкімінің қолдауымен 2018 жылдың 25 қазанында «Шұғыла» мөлтек ауданынан тұрғын үйге қол жеткізген.

- Әр жерде бір пәтер жалдап күн кешіп жүрген жерімізден отбасына көмек қолын созып, пәтер берген аудандық әкімдікке алғысым шексіз. Көп жылдай жолдасым Бағытжан інісі Руслан Сыдықов екеуі ескі жиһаздарды, дивандарды жөндеп, қайта қалпына келтірумен айналысты. Руслан екеуі «Нарын» базарынан арнайы орын алып, дивандарды жөндеп, қаптарын тікті. Талай махамбеттіктер дивандарын жаңғыртып, жөндетіп, жаңа қаппен қаптатқанын білемін. Кезінде жолдасым жиһаздарды жаңғырту үшін өзінен құралы болмай, керекті құрал-жабдықтарды жалға алып, жұмыс істеген-ді.

bagitjan-almagul1

Қазір біз бұл кәсіпті тоқтаттық, себебі, қайным Руслан Ақтөбеге жұмысқа кетті. Жалпы жақсы жұмыс істеу үшін үлкен ғимарат, үлкен іс машиналар, басқа да құрал-жабдықтар қажет дейді жолдасым. Оны сатып алатын, ғимаратты жалға алатын бізде көп қаражат жоқ. Осы кәсіпті әрі қарай дамытып, жұмыс істегіміз келеді, бірақ қаражаттың жоқтығы қолбайлау болуда. Кәсіпті тоқтатқаннан кейін заттарды кері иесіне тапсырдық. Өзім үйден іс тігемін, көйлек-көншекті, шалбарды қысқарту, сырма(замок) тігу секілді жұмыстарды да атқарамын.

bagitjan-almagul2

Соңғы кездері аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрмін. Апам Айнагүл де осы бөлімде қызмет етеді. Жолдасым арасында ауыл ішінде өз көлігімен жолаушы тасымалдайды, егер аяқ киім жөндеуге тапсырыс түссе, етік-туфлилерді түнімен жөндеп, тігіп, иесіне жеткізіп беріп отырады -дейді А.Сүлейменова бізбен әңгімесінде.

Шаңырақтағы екі баласының үлкені - Гауһар О.Шонаев орта мектебінде 8 сыныпта, ұлы Жанәділ 3 сыныпта оқиды. Отбасына мектеп ұжымы «Мектепке жол» акциясы аясында көмек қолын созып тұрады. Балалары мектепте ыстық тамақпен қамтылған. Сөз арасында ол кезінде атаулы әлеуметтік көмекке мүлдем қол жеткізбегенін, тіпті ел-жұрт таласа-тармаса қол жеткізген 21 мыңды да алмағанын айта кетті. Иә, бұл кісілер қоғам үшін пайдалы көзге көрінбейтін мамандық иелері ғой.

Бір кездері Қазақстанды басқарған Голощекиннің өзі етікшінің баласы болғанын білеміз. Ол ірі саясаткер, жоғары білімі болмаса да діни семинарияны бітіріп-ақ ел басқарды емес пе? Соңғы кездері елімізде кәсіпкерлікке кең өріс ашылып жатыр. Алайда, осындай жандарға бар жағдай туғызылып, кәсібін әрі қарай дөңгелетіп әкетуге барынша жағдай жасалса дейміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT