Азаматтардың құқығын қорғауды күшейту үшін заңға енгізілген өзгерістер бойынша ІІМ әкімшілік полиция комитеті брифинг өткізді.
Орган өкілдері қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан әйелін ұрғандарға қатысты жаза туралы түсіндірді. 11 қаңтарда күшіне енетін заңда жұбайына күш көрсеткендерге енді айыппұл салынбайтыны, тек жазбаша ескерту берілетіндігі жазылған. Комитет өкілдерінің айтуынша, айыппұл отбасының өз бюджетіне зардабын тигізеді.
«Тәжірибе әйелін ұрғандарға салынатын айыппұл көбіне отбасылық бюджеттен алынатынын көрсетті. Кейде тіпті таяқ жеген әйел күйеуіне салынған айыппұлды өзі төлеген кездері де болды. Сондықтан айыппұл пайдасыз жаза түрі ретінде заңнан алынып тасталды», - деді комитет қызметкері Ақмарал Серікбаева.
Комитетке қарасы басқарма басшысы Алексей Малюк журналистердің «Сонда әйелмен ортақ бюджеті жоқ некеде тұрмаған азамат жазадан құтылып кете ме?» деген сауалына да жауап берді.
«Отбасылық-некелік қатынастардың мүшелері тұрмыстық зорлық туралы заңда айқын көрсетілген. Оған тек әйелі мен күйеуі емес, азаматтық некедегі жұбайы да, ердің бұрынғы зайыбы да, бірге тұратын азаматтар, туысқандар да кіреді», - деп жауап берді.
Алексей Малюк жазаның күшеюіне қатысты да тоқталды.
«Қазір полиция заң бұзғандарға ескерту берумен қатар, зорлықтың деңгейіне қарай 24 сағатқа дейін қамауда ұстай алады. Отбасылық тұрмыстық қатынастағы зорлықтың бәрі бұған қатысты. Егер сот ескерту жеткіліксіз деп тапса, 15 тәулікке дейін қамайды. Сонымен бірге жәбірленушіге жақындауға, қару-жарақ ұстауға, тіпті, алкоголь тұтынуға тыйым салуы мүмкін», - деді.
Комитет өкілдері жаңа заң бойынша істі тек сот қана тоқтата алатынын да айтты.
«Заңның екі жақтың татуласына байланысты тұсы қатаңдатылды. Тұрмыстық қатынастағы барлық іс бірден сотқа жолданады. Істі тек сот тоқтата алады. Ал бұрын әкімшілік істер кез келген кезеңде жаба салатын. Тіпті бөлімшелік инспекторлар да істі жауып тастай беретін. Сондай-ақ енді екі жақ татуласу үшін алған жарақаттың зардабы жойылып, медиация процесі өту керек. Оған дейін татуласу қарастырылмайды», - деді А. Малюк.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 845 іс тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 1025-ке жеткен.
Дереккөз: azattyq-ruhy.kz