Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы.
«Тіл тағдыры - ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры - ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын- қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Сонау кеңестік заманда тіліміздің дәрежесі төмендеп, жабырқау кейіптегі өгей баланың күйін кешкені белгілі. Жоғалудың аз-ақ алдында қалғанда Одақ ыдырап, ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өз рәмізіміз, өз Ата Заңымыз қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған маңызды құжаттың 7-бабының 1-ші тармағында былай деп атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі».
Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Ұлттың мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байла¬нысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезеңнен баста¬луы тиіс. Айналаңды танып білу, туған тіліңді білуден басталады.
Тіл - ұлттың жан дүниесі. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атаме¬кен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы - ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана. Тіл - тек қарым - қатынас құралы ғана емес, ол - ұлттық дініміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры.
Ана тілі мәселесі - сол тілде жасаған, жа¬сап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемле¬кет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде ең бірінші кезекте мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға ат салысуы керек деп есептеймін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты қағида жүрегіміздің төрінен орын алып, жолбасшымыз болуға тиіс.
С. ҚҰЖЫРБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі