Конституция – жарқын болашағымыздың кепілі

1995 жылдың 30 тамызы күні бүкілхалықтық референдумда Қазақ мемлекетінің халқы Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, бостандықты, гүлдену мен демократияны қолдады, мемлекеттің ұзақ жылдарға қарышты дамуының стратегиясын анықтады.

Конституция — әлеуетті бірлік пен болашақ жетістіктерге жол ашатын алтын кілт. Сондықтан заңмен жүру, заңды сыйлау — әр азаматтың борышы. Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, Конституция білім алуға, ерікті еңбек етуге, өз азаматтығымызды ашық білдіруге құқық берді.

Еліміздің Ата Заңының негізгі құндылықтары ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, халық бірлігі және ортақ тарихы тағдырлас барлық ұлт өкілдерін қазақ жерінде біріктіру болып танылған. Конституцияның «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы…» деп басталуы тегін емес.

Ата Заңда барлық қазақстандықтарға ортақ құндылықтар бекітілген. Бұл — жүздеген этнос, ондаған діни қауым өкілдері тату- тәтті, достық пен келісімде өмір сүріп жатқан қазақ жерінің қасиеттілігі мен біртұтастығы. Сонымен қатар, бұл азаматтарды ұлты, тiлi, дiні немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсiтуге қатаң тыйым салынуы. Осы құндылықтардың негізінде басты конституциялық принциптер — бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі — еліміздің бас байлығы және өзгелерге үлгі боларлық ең қымбат қазынасы. Дәстүрлі түрде 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні Отанымыздың игілігі жолында алға қойылған барлық мақсаттарға қол жететіндігіне сенімімізді арттыра түседі. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның арқасында кез келген қоғам үшін аса маңызды болып табылатын мәселелер шешімін тапты: мызғымас мемлекеттігіміз орнап, халқымыздың әл-ауқатының өсуіне жағдай жасалды, республика халықаралық қоғамдастықтағы өзінің лайықты орнын алды. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы мемлекеттің ұстанған бағыты мен даму жолының тиімді және қауіпсіз екендігіне көз жеткізді. Бірлік пен келісім, саяси жігерлілік, даму стратегиясының басымдықтарын анық түсіне білу — мұның бәрі «қазақстандық даму жолын» сипаттайтын көріністер және олардың барлығы конституциялық нормалардан бастау алады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабында: «Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік- аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асыры¬луын бақылайды» - делінген.

Махамбет аудандық мәслихаты да өз қызметін ұйымдастыруда еліміздің Ата Заңымызда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» заңында және өзге де заңнамаларда, мәслихаттың регламентінде белгіленген өкілеттіктерді, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырып келеді. VI шақырылған аудандық мәслихаттың және тұрақты комиссиялардың жұмыс жоспарларына сәйкес, мәслихат кезекті және кезек¬тен тыс сессияларында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын және инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік қолдау, денсаулық т.б. өзекті мәселелер талқылап, тиісті шешімдер қабылдады. Осы жылдар ішінде аудандық мәслихат депутаттары аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, мүгедектер мен жалғызбасты қарттарға азық- түлік пакетін, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы бойынша және тағы басқа қайырымдылық акцияларына өз сайлау округтеріндегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға оқулықтар, оқу құралын, киім-кешек сатып алуға қаржылай көмек көрсетіп, азаматтық қоғамды дамытуда, қоғамдық бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас жасап, бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Аудандық мәслихаттың депутаттары ауданымыздың барлық саласында белсенділік танытып жүр, қандай да болмасын көтерілген мәселелердің түптамырына жетуге, оны шешуге ынта-ықыласпен кірісіп, оңды нәтиже шығаруға ұмтылуда.

Конституция —қоғамдық өзара келісім мен азаматтардың теңдігінің нышаны, біздің шынайы өміріміз бен әлемдік деңгейдегі беделіміздің айқын көрінісі, жарқын болашағымыздың кепілі.

М.МЫРЗАШЕВ,

аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT