Аудандық сотта «Қылмыстық іс жүргізудегі медиативтік тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Оған сот судьясы А.Ергазиева, аудан прокуроры Н.Ещманов, билер кеңесінің мүшесі Н.Ерғалиев, аудандық полиция бөлімінің тергеушілер мен анықтаушылары қатысты.
Іс-шара барысында соттың судьясы А.Ергазиева 2019 жылдың басынан ауданда орташа және орташа ауыр қылмыстар бойынша алдын ала тергеу барысында, сот талқылауында, медиация тәртібі белсенді қолданатынын айтып өтті. Сонымен қатар медиация туралы келісімнің негізгі кезеңдерін атады. Прокуратураға қылмыстық іс түсіп, зерделеу кезеңінде тараптар татуласып, іс өндірісі тоқтатылады. Осыған байланысты сотқа келіп түсетін қылмыстық істер саны азаяды.
Кездесу барысында сот судьясы, сотталушы мен жәбірленуші арасында туындаған жанжалды шешу үшін медиатордың міндетіне қылмыстық процестің кез келген сатысында қатысуына назар аударды. ҚР ҚК-нің 68 бабында қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататындығы атап көрсетілген.
Медиация туралы заңнаманың қабылдануымен байланысты ҚІЖК-не өзгерістер енгізілген сәттен бастап сот процеске қатысушыларға медиация тәртібімен де қылмыстық жауаптылықтан босату, қылмыстық істі қысқарту қарастырылғанын азаматтарға кең түсінік беріп келеді.
Іс-шара соңында қатысушылармен медиация іс жүргізуіне қатысты қорытындылар мен ұсынымдар шығарылды.
К.Сапарқызы