Тағдыр табыстырған тамырлар мен бауырлар

Жайық атырабына жасыл көрпесін төсеп, керімсал мамыр да келіп қалыпты-ау!.. Бүгін Қазақстан халықтарының ынтымағы мен бірлігі күні мерекесі.

Иә, біз шын мәнінде ынтымақ сүйгіш халықпыз. Оған біздің өлкемізде тұрып жатқан әр алуан ұлт өкілдерінің тату-тәтті тірлігі куә. Кезінде қазақ жеріне тағдырдың желі айдап әкелген олар небір қиын-қыстау кезеңдерді осы бір бауырмал халықпен бірге көрді. Жайық беттен жұпар леп ескен мамырдың шуағымен жететін осы бір нұрлы мереке қарсаңында мен осынау тағдыр табыстырған тамырлар мен бауырлар мекендеген Сарытоғай және Сарайшық ауылдарына барған осыдан біраз жыл бұрынғы сапарымды ойға алдым. Дереу қойын дәптерімді парақтай бастадым...

Федя мен Жансұлу

Міне, мынау жасыл желекке оранған Сарытоғай ауылы. Ауылдың кіре берісіндегі бұрынғы алма бағы мен ауылды қоршай жатқан жиделі тоғай еріксіз көз тартып, өзінің сұлулық дүниесіне шақырады. Бұларды бір аралап шығуға уақытымыздың шектеулі екеніне қынжылған қосшы бала Арман екеуміз көлік тізгінін тура Роза Боброва апайдың үйіне бұрдық (ол кезде апай бар еді). Апай ауданды былай қойып, күллі облысқа танымал озат егінші болатын. Сол күні Роза апайдың өзімен жолыға алмадық. Шаһарға базарлап кеткен екен. Аулаға енген бойда бізді орта бойлы, қалың қабақты сұрша жігіт пен бидай өңді, ақ жарқын мінезді жас келіншек қарсы алды. Бұлар Семен ағай мен Роза апайдың бала-келіні Федор мен Жансұлу екен. Федя бізге қарай жедел аяңдап келген күйі:

- Ассалаумағалейкум, ағалар! – деді. Бұған риза болған біз де:

- Уағалейкумассалам бауырым ,– дедік.

Ауладағы дабырды естіп, Федяның Аида, Лаура деген қыздары да үйден жүгіре шықты. Олар да қазақша сәлемдесіп жатыр. Әңгімеміз жарасып жүре берді.

- Осы Сарытоғайда туып-өстім, - деді Федя таза қазақ тілінде.

- Осы жерден 1987 жылы орта мектепті бітірдім. Отбасында жеті ағайынды едік, екеуі дүние салып, қазір бесеуміз жер басып жүрміз. Леонид, Станислав, Андрей атты ағаларым және мен қазақтан қыз алдық. Апам Люда да қазаққа тұрмысқа шықты. Мен кенже бала болғандықтан Жансұлу екеуміз қара шаңырақта тұрып қалдық. Жұбайым Жансұлу осы Сарытоғайдың қызы. Екеуміз үйленгенде анам: «Қазақтың дәстүрінде үйді кенже бала ұстайды. Сондықтан әкеңнен қалған шаңыраққа сен ие боласың» деді. Анамның бұлай деу себебі, бұл жақтағы орыстардың өміріне қазақтың дәстүрі әбден сіңіп кеткен еді. Осылайша, біз анамыздың қолын жылы суға малып, оған немерелер сүйгіздік. Мен сары алтындай Сарытоғайдан ешқашан көшпеймін. Сарытоғай мен үшін жердің кіндігі секілді. Оның үстіне әкемнен қалған, базарлы балалығым өткен қара шаңырақты қайда тастамақпын? Әйтеуір, мен жұмыспен жүргенде үйде Жансұлу бар. Сондықтан немерелерім үшін алаңдамаймын...

Міне, марқұм Семен ағай мен Роза апайдың балаларын қазақы дәстүрде тәрбиелегені соншалық, тіпті кенже баланың шаңырақ ұстауға тиіс екеніне дейін саналарына сіңіріп қойыпты. Ал орыспен тұрмыс құрған Роза апайдың өз ұлты татар екен. Сарытоғайға 1956 жылы келіп қоныстанған. Роза апайдың басқа қасиеттерін айтпағанда, оның «Дударай», «Су тасушы қыз» секілді қазақ әндерін ауыл сахнасында тамылжыта шырқайтын өнерін сарытоғайлықтар күні бүгін де мақтан тұтады...

Қазақтың кей қызынан тіл оздырған

Келесі тоқтағанымыз Нигайлар отбасы болды. Қырық жылға жуық уақыт Сарытоғайда дәрігер болып қызмет еткен кәріс қызы Любовь Федосеевна Нигайды мұнда білмейтін жан жоқ. Олардың да Сарытоғайға келгендеріне жетпіс жылға жуықтап қалыпты. Қазақша сөйлегенде қазақтың өзін жаңылдыратын Люба апа өзі туралы былай дейді:

- Ауыл жұртымен араласып, қазақ тұрмысына тез бейімделіп кеттік. Ауруханада ұзақ жыл жұмыс істегенде жеткен жетістігімнің бірі – қазақ тілін үйренуім.

Емделушілердің дені қазақтар болған соң маған олармен қазақша сөйлесуге тура келді. Орыс тілінде де жақсы сөйлеймін. Қазақшам мен орысшамды бірдей деуге болады. Өкінішке қарай, өз ана тілім кәрісшені жөнді білмеймін. Ауыз-екі тілден әрі айта алмаймын. Қазақтар арасында ұзақ жыл тұрсақ та салтымызды ұмытпай келеміз. Ас дайындаған кезде өзіміздің де, қазақтың да ұлттық тағамдарымызды дайындай береміз. Осы ауылдың тең жартысы менің кіндік балаларым.

...Бауырмал қазақ ауылынан бақыт тапқан мұндай отбасылар Сарытоғайда көп-ақ. Сонау соғыстың сұрапыл жылдарында жаппай қуғынға, жер аударуға ұшырап, ата қоныстарынан еріксіз көшірілген қырыққа тарта ұлттар өкілдері осы ауылдан тұрақ тауып, егіншілікпен айналысқан еді. Кейін Сталин дүние салып, заман түзелген соң еріксіз жер аударылғандардың бірқатары туған жеріне қайтты. Кейбірі Сарытоғайды тұрақты қоныс етіп қалып қойды. Күні бүгін ауылда 31 отбасын құрайтын 10-нан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың арасында орыс, болгар, неміс, грек, кәріс, татар және басқа да тамырлар бар.

Қайныларының атын атамайтын орыс келіні

Сарытоғайдан шығып, Сарайшыққа бет алдық. Он минуттай жүрген соң-ақ көз ұшынан бұлдырап «Қаратал» мен «Қазынаталдың» қалың тоғайы және сол тоғайдың арасынан жеті хан жатқан кесененің күмбезі көрінді. Жарықтық-ай, табиғат өз жарасын өзі емдейді екен-ау, селоға газ жүргізілген уақыттан бері «Қараталға» қайта жан бітіп, оталған ағаштардың орнына жас шыбықтар өздігінен қаптап шыға бастапты. Тек адамдардың мейірімсіз қолы тимесе болды. Жайықтың суының өзі-ақ табиғатқа қайта жан бітірері сөзсіз. Әйтеуір, үкімет күзетіндегі қорықтық тоғай – «Қазынатал» дін аман. Оған да шүкір. Жолда қосшы бала Арманға: «мен сені орыс қайнылары мен қайынсіңлілерінің атын атамайтын орыс келінімен таныстырамын» деп аузының суын құрытып қойғам. «Қойшы-ей, шынымен атамай ма?» деп қояды ол тамсанып.

Өзі әзірбайжан орыс келіні Гүлбике Маслованы жұмыс орнынан таптық. Жұмыстан қайтуға жиналып жатыр екен, редакцияның жеңіл көлігіне отырғызып, үйіне алып келдік. Үйге кірісімен-ақ лезде шай демдеп үлгерген ол әңгімесін дастархан үстінде асықпай отырып, баппен бастады:

- Әкем Байрам мен шешем Әмина кешегі кеңес саясатының сойқанын қатты көрген адамдар еді, - деді Гүлбике апа. – Олар кешегі соғыс жылдарында Әзірбайжан мен Қазақстанның шекарасында не әрі емес, не бері емес, жабайы тайпа секілді қуғын көріп ғұмыр кешіпті. Тек соғыс аяқталып, ел тоғайған соң ғана, елуінші жылдардың ішінде Қазақстан жағы біржола қабылдап алыпты. Сөйтіп, мен дүниеге келген 1956 жылы біз үй ішімізбен Шымкент облысы, Мақтарал ауданы, Береке ауылына көшіп келдік. Біз өзі анадан алтау едік. Бәріміз де өмірден өз орнымызды таптық. 1977 жылы Мақтарал ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша бітірген соң оқу орыны жолдамасымен Атырауға келдім. Облыстық агроөнеркәсіп басқармасы мені Сарайшықтағы ауыл шаруашылығын химияландыру жөніндегі жобалау-зерттеу және іздестіру стансасына жіберді. Сөйтіп, Сарайшыққа келіп қалдым,- дейді Гүлбике өз әңгімесінде.

Жиырма бір жастағы жас қыз Гүлбике сол 1977 жылы-ақ Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеп жүрген Борис Маслов есімді азаматпен танысып, отау құрып, одан Фатима, Мая, Халел және Фархат есімді ұл-қыздар сүйеді. Тек қызы Фатима мен күйеу баласы Тахирдің дүниеден ерте озып кеткені болмаса, Борис аға мен Гүлбике апаны бақытты әке мен ана деуге әбден болады. Әнші деген атағы күллі республикаға жайылған қызы Мая Маслова-Исмайлова Гумилев атындағы Еуразия университетінің музыка факультетін бітіріп, ұзақ жылдар Нұрсұлтан қаласында, президент оркестрінде жұмыс істеді. Одан кейінгі ұлы Халел де Еуразия университетін бітіріп, бүгінде сол оқу орнында ұстаздық етеді. Кенжесі Фархат пен марқұм қызы Фатимадан қалған жиені Наргиз де өмірден өз орындарын тапты.

Гүлбике апаның бүкіл сарайшықтықтар тәнті болатын бір қасиеті – ежелгі қазақ келіндерінен бүгінгі кей қазақ келіндеріне жетпей қалған бір тамаша дәстүрді өзінің орыс қайныларына қолдануы. Мәселен, Борис баланың үлкені болса, одан кейінгі Генаны Шырақ, Федяны Сәнқой қайным, Раухатты Қозы қайным, Коляны Құрттай папа (қайынатасының аты Николай болған соң – Т.Н.), қайынсіңлісі Наташаны Көркем қыз, Светаны Үндемес қыз деп атайды. Біздің қазақ келіндерінің арасынан қайнылары мен қайын сіңлілерін немесе қайын ағалары мен қайын апаларын осылай атайтын келіндерді қазір өте сирек көреміз ғой. Олай болса, Гүлбике апаның бұл дағдысынан үлгі алу керек-ақ.

Жалпы, Гүлбике апа келін боп түскен Масловтар әулеті де Сарытоғайдағы Бобровтар әулетіне ұқсас. Кезінде Белоруссиядан эвакуациямен келген Бористің әкесі Николай Петрович Сарайшықтағы мейірімділік үйінде аспаз болып істеп жүрген татар қызы Мариямға үйленіп, екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бористен басқа ұлдарының бәрі де қазақ қыздарымен бас қосып, түтін түтетіп отыр. Сондай-ақ, үлкені Розадан басқа қыздарының бәрі қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Бористің жұбайы әзірбайжан, яғни, біздің кейіпкеріміз Гүлбике апайдың нақ өзі. Роза апаның ері Николай осыдан бірнеше жыл бұрын дүние салған болатын. Осындай үлкен әулетке сыйлы келін болғанын Гүлбике апа зор мақтан тұтады...

"Қарағым, маған қазақша айтшы..."

Масловтар әулетінің, жалпы сарайшықтық орыстардың жергілікті қазақ жұртын тәнті қылар бір дағдылары – отбастарында да, жалпы қай жерде жүрмесін тек қана қазақша сөйлейтіндіктері. Мәселен, осы Сарайшықтың ежелгі тұрғыны Александр Николаевич Гиркиннің қазақша мақал айтысудан талай қазақты жеңіп кеткені бар. Сол секілді, бір жолы Бористің апасы, Гүлбикенің қайын апасы Роза апай әлдебір шаруасымен қалаға барады. Бір мекемеде шіреніп отырған қазақ келіншек Роза апаның сары алтындай шашы мен көгілдір көздеріне қарап, ыңқылдап-мыңқылдап бірдеңелерді түсіндіре бастайды. Сол кезде Роза апа оның сөзін шорт кесіп: «Қарағым, маған қазақша айтшы, орысша түсінбеймін» депті. Кезекте тұрғандар риза болып ду күліпті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жергілікті ұлттың тілін сыйлау деген осы емес пе? Сарайшықтың кез-келген орыс баласынан «орысшаң қалай?» деп сұрап көрші, «жөнді білмеймін» деп жауап береді. Әрине, араларында Абай аталарының «жеті жұрттың тілін біл» деген өсиетін үлгі тұтып, екі тілді де білетіндері жоқ емес. Бұл сөз жоқ, жақсы қасиет. Бірақ қазақ тілін көбірек білетіндері және мақалдап қойып тамаша сөйлейтіндері жүрекке жылылық ұялатады. Өйткені ауылдағы орта солай. Ауыл дегеніміз асыл тәрбиенің шағын ғана практикалық академиясы және ешқандай ұлтына қарамастан осындағы әр баланың алтын бесігі екенінде дау жоқ. Тағдыр табыстырған тамырлар мен бауырлар осынау аяулы алтын бесікте тату-тәтті тұрып жатыр.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT