Cоғыс және еңбек ардагерлеріне тағзым етейік!(ВИДЕО)

«Соғыс» сөзі қандай қорқынышты. Осы сөзді естігенде денем түршігіп, бойымды қорқыныш пен үрей бейлейді. Ал «Жеңіс» сөзі ше? Жоқ, бұл сөз жүрекке жақын, жанға жылы. Естігенде кеудеңе шаттық орнап, бойыңды қуаныш кернейді.

Ұлы Отан соғысы – адам баласының адамдық қасиетке жатпайтын өзімшілдігі, аярлығы, зымиян ойлылығы мен озбырлығынан басталды. Қанша адам жақындарынан айырылды? Соғыс жылдары қанша адам туған жерден жырақ жүріп, қаншасы жат жерде жерленді? Қанша жас қыршын кетті? Бұл соғысқа көптеген қазақстандықтар да қатысты. Солардың ішінде менің атам – Төлеуғали Қашаубаев болды.

Төлеуғали Қашаубаев 1925 жылы Есбол ауылдық кеңесінің 13- ауылында дүниеге келді. Осындағы бастауыш мектепте оқуын бастаған ол онжылдықты 1942 жылы Сарайшық орта мектебінен бітіріп шығады. Үздік оқыған атам сол жылдың жаңа оқу жылынан бастап Егізкөл қазіргі (Қосарал орта мектебі) орта мектебіне жұмысқа жіберіледі. Бірақ көп ұзамай бұл сүйікті ісінен қол үзуіне тура келеді. Сұм соғыс талай жасты арманына жеткізбей,талай адамның тағдырына сын болды емес пе?

1943 жылдың көктемінде атам әскерге шақырылды. Ол IV Украина майданының құрамында пулемет взводының командирі болып ұрысқа кірісті. Талай қиян- кескі шайқастарды бастан өткерген. Атам өзі туралы әңгімелегенде: «Қарша бораған оқ, жарылған мина-бомбалар жап-жас жауынгерлер өмірін қыршыннан қиды. Жолдастарыңның көз алдыңда о дүниелік болуын көру қандай қиын», –деп күрсінуші еді.

Атам жауынгерлік ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен наградталды. 1946 жылы елге жеңіспен оралды. Сол жылы аман-есен келгеннен кейін, оқытушылық жұмысын жалғастырып, «Қызыл жұлдыз», «Редут», «Жаңа шаруа», «Еңбекшіл», «Талқайраң»орта мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, директоры болды.

Атам өз немерелеріне татулық, достық, бауырмалдылық, кішіпейілділік, секілді адами асыл қасиеттерді насихаттап отыратын. Өтірікті жаны сүймейтін. «Адамға жақсылық жаса, қолыңнан келсе көмектес. Біреудің ала жібін аттама. Адамның наласына қалма»,- деп отыратын. Жаны жайсаң атамды қатты сағындым. Оның өсиет сөздерін жадыма тоқып, жақсы адам болуға барынша тырысып, ізгілікті іс жасауға талпынып жүрдім. Өйткені, атамның жеңісі –менің жеңісім. Мен атамды мақтан тұтамын. Менің жүрегімде Төлеуғали атамның орны бөлек.

Жан ата, қатал әскери сынақ жылдары белсенді Отанын қорғағандардың қатарында болдыңыз. Сіздің Ұлы Отан соғысы кезіндегі жетістіктеріңіз бен ерліктеріңіз біздің, жас ұрпақтың жадында мәңгілік сақталады. Өміріңізбен де, аталық мейіріміңізбен де, жадымызда жатталған әрбір ғибрат сөзіңізбен де тағылымды тәрбие тамшысы болдыңыз. «Ер есімі ел есінде» деген сөзді халық текке айтпағанына көзім анық жетті.

Замандастар, аға буынға, соғыс және еңбек ардагерлеріне тағзым етейік! Оларды қадірлейік!

Гүлназ Аманғалиева,

К.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің

9 сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521