Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Көне тарих беттерінің қайсысын парақтасақ та, халқымыздың асыл армандарының көш басында ең алдымен ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық тұрғанын аңғарамыз.
Елбасымыз: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», – деді.
Бәріміздің де арман-аңсарымыз – берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру, ел-жұрттың аман болуы, жас өскіннің бақытты да бейбіт күлкісінің бұзылмауы.
Кешегі мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қазіргі ахуалға байланысты мәлімдемесінде «Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ» - деген болатын.
Қазақ халқы қашаннан да бауырмал. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген әр ұлт өкілін бауырына басып, төрінен орын берді.
Махамбет ауданында да бір-бірімен бірлігі мен татулығы жарасқан қазақ халқын қоса есептегенде 19 ұлттың өкілі тұрады. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір, мақсат – мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды.
Жыл сайын көктеммен бірге келер осынау мереке ауданымыздағы түрлі ұлттардың тілі, салт-дәстүрі және мәдениеті күндерімен жалғасып, бейбітшілік бейнесін орнықтыра түседі.
Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы - ең алдымен халқымыздың ырысты ынтымағы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбірлігінің, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылықтың нәтижесі.
Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі - біздің еліміздің ең басты байлығы.
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтай келе, еліміздегі қазіргі төтенше жағдайды бірлесе еңсеріп, жеңіске жететінімізге сенемін.
Біз мақсаттарға бірге жететін боламыз. Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болсын! Еліміз жарқырап, жайнай берсін!
Әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін! Ынтымақ мерекесі құтты болсын!
Ж.Ахметов,
Махамбет ауданының әкімі