Тұңғиық "тұтқынына" тұншыққандар жүзе білмегендіктен өмірмен қош айтысуда

Қызылды-жасылды бояуларымен еліктіріп, жанды баурап алатын жадыраған жаздың қызықтары сірә естен кетер ме?

Жаз айларында балалар ата-аналарымен бірге саяхатқа шығып, арнайы сауықтыру лагерьлерінде тынығады, әрі денсаулықтарын түзейді. Жаңа достар тауып, қоңыр күзде мектептеріне ерекше көтеріңкі көңіл-күймен оралады. Өкінішке қарай, осы думанды жаздың кейбіреулерді ойламаған жерден қайғы-қасіретке душар ететіні де бар. Олай дейтініміз, Махамбет ауданы бойынша бас-аяғы бір жарым айдың ішінде үш жасөспірім суға кетіп, қайтыс болды. Оның екеуі еншілері бөлінбеген ағайынды жігіттердің қашанда жұптары жазылмай бірге жүретін желкілдеп өсіп келе жатқан ұлдары болса, енді бірі күні кеше алтын ұя мектебімен қош айтысып, ҰБТ-ден жоғары ұпай жинап, мемлекеттік оқу грантына ие болған өрімдей жас.

Қазаның артының қайырын сұрап, қаралы шаңыраққа жұбату айтқан қарасы қалың жұртшылық өкініштен өзектері өртеніп, іштері қан жылап тұрған шерлі жандармен бірге егіліп, марқұмдарды жер қойынына тапсырды. Көпшіліктің көңілінде: «неге, неге?» деген жауабы қиын сұрақ кетті. Шынында да мұндай қайғылы жағдайлар ұмыттыра беріп, жылда қайталанып тұратыны өкінішті. «Айналайын, ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?» деп дауылпаз ақын Махамбет бабамыз жырлап өткеніндей талай сырды ішіне бүккен жарықтық Жайық: «менің не жазығым бар?» дегендей, сол сұлу, сол маңғаз қалпында баяу ағып жатыр. Сонда кімді кінәлаймыз?

Жастайынан ересектермен бірге қармақ салып, балық аулап үйренген бала он жерден тыйым салсаң да таяқ тастам жердегі үй іргесіне тиіп тұрған өзенге бармай тұра алмайды. Құмдауыт жағалауында қыздырынып, суға шомылғанға не жетсін, шіркін! Әйтсе де өзенге үлкендердің бақылауынсыз өз бетімен барған бала кездейсоқ оқыс оқиғаларға тап болуы мүмкін. Өйткені, әлі оң-солын ажырата білмейтін ойын балалары жазатайым суға батып кетемін-ау деп ойламайды да. Тіпті суға жүзіп білетінін мақтаныш көріп, құлаштай жүзіп, жағалаудан тым алысқа кететіндері де бар. Солардан қалмаймын деп жүзуді шала-пұла жаңадан үйреніп жүргендер де ағысы қатты өзен ортасына қарай малтиды. Еркін тыныстай алмағандықтан дем жетпей, суға шашалып, қолдарын ербеңдетіп, аяқ астынан жанталасатын жағдайлар да болады. Ондайда өз қауіпсіздігін де ойлап, шұғыл суға батқан адамды құтқаруға көмекке келетін үлкендер болмаса, балалардың қорыққаннан қапелімде естері шығып кетуі мүмкін. Бір жылдары бірін-бірі құтқарамын деп бірнеше адам суға кетті. Ертеректе Құрманғазы ауданында арғы бетке өтпекші болып, қайыққа отырған сегіз мектеп бітіруші түлек түгелдей тұңғиыққа батып,бүкіл ауыл сегіз табытты серейтіп ортаға қойып, ес-түссіз теңселіп тұрғандарына куә болғанымыз бар. Онда да қыз-жігіті аралас романтикаға толы өмірді бастан кешіріп жүрген қимас достар бір-бірін құтқарамыз деп аласұрып, арпалысып, ақыры бәрі асау ағынды судың тұтқынынан құтыла алмай, бақилық болды.

Мұның бәрін тәптіштеп неге айтып отырмыз? Өйткені, «сақтансаң, сақталарсың» дегендей, аспан айналып жерге түскен аптап ыстықта өзенге суға шомылып, жан рахатына бөленгенмен күтпеген жерден өміріңе қауіп төндіретінін естен шығармау қажет. Әрине, қанша сақтансаң да қате аяқ астында екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Сонда не істемек керек? Біздіңше, өмір бойы табиғаты тамаша өзен жағасында тұрып, жүзіп білмеген үлкен кемшілік. Сондықтан бала дәрігерлерімен, спорт саласының мамандарымен ақылдаса келіп, баланы қанша жастан бастап суға жүзуге үйретуге болатынын зерделеп, арнайы бағдарлама жасау керек. Суға жүзу спорты бойынша арнайы оқу курстарынан өткен маман ауыл балаларын жинап, суға жүзу әліппесін үйретіп жатса, қандай ғанибет? Ол үшін ата-аналар да балаларының болашағын ойлап, балаларын суға жүзуге үйретуге ықылас білдіргендері жөн. Суға жүзуді ақылы түрде ұйымдастыруға да болады. Жаттықтырушыға төлейтін азын-аулақ қаржыдан ата-аналар тартынбайды деп ойлаймын. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай іріктеп, суға жүзуді үйреткен абзал. Әйтпесе, су астындағы майда шабақтарға күн көрсетпейтін азулы жыртқыш балықтар сияқты ересек балалардың айдын төсіндегі « ойындарынан» от шығып кетуі кәдік. Сондықтан бірінші кезекте қауіпсіздік жағына аса көңіл бөлінуі тиіс. Мұндай игілікті істі қолға алғанда алдымен қауіпсіз жағажай таңдалуы қажет. Арнайы рұқсат етілген орында жаппай суға жіберіп қоймай, әрбір баламен жеке-жеке белгіленген уақыт бойынша айналысса, жұмыс нәтижелі болмақ.

Елбасы табиғаты таңғажайып Қазақстанда отандық туризмді дамытудың мүмкіндігі мол екендігін айтудайын айтып келеді. Кеше ғана Каспий теңізінің мәртебесі жөніндегі мәселені талқылаған Ақтаудағы саммитте де Мемлекет басшысы шөл мен теңіз беттескен өлкедегі табиғат үндестігіне таң қалып, жанға жайлы жұмақ мекенді қыруар қаржы шығындап, алыстан іздемеу керектігін тағы бір қайтара ескертті. Ал қадіріне жетіп, бағалағанға біздің ару Жайықтың да құмдауыт жағалаулары туризмге сұранып-ақ тұр. Ендеше, жағажай қызметі кәсіпшілігін ашуға не кедергі болып тұр? Жалпы аудан аумағында, Жайық жағалауларында орналасқан демалыс орындары бар. Атын атап, түсін түстеп қайтеміз, олардың көпшілігін «жабайы жағалау» деуге келіңкірейді. Өйткені, түтінін көңірсітіп, кәуәп пісіріп, салқын сырасын ұсынған демалыс орындарының иелері алдымен өздерінің жағдайларын ойлап, мол табысқа кенелуді көксейді. Ол жағалаудан жартылай жалаңаш қыз-қырқынды, шала мас еркектерді көптеп кездестіруге болады. Ойынның қызығына беріліп, жағалауда шалпылдатып, бір-біріне су шашысып, рахаттанып жүрген балалар да сапырылысып жатады. Осындай көңілді отырыстардың соңы жаға жыртысқан жанжалға, тіпті кейде қайғылы жағдайға соқтыратыны жасырын емес. Осындай келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін өркениет елдерінен үлгі алып, мәдениетті түрде демалуды үйренетін кез келді. Ол үшін Жайық өзені жағалауларындағы барлық демалыс орындары құзырлы орындар тарапынан тексеріліп, есебі алынып, кәдімгі бизнес жоспар сияқты демалысқа келген адамдарға көрсетілетін қызмет түрлерін анықтап, содан кейін барып, кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беретін сертификат беріліп жатса, нұр үстіне нұр. Соның ішінде балаларға арналған жағажайдағы жүзу бассейндерінің қызметін ұсынған дұрыс болар еді.

Жайық жағалауында демалатын орын жоқ деп ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Махамбет ауданы аумағында орналасқан Атырау қаласының іргесіндегі «Мекен» демалыс орнын ұялмай талғампаз шетелдік туристерге көрсетуге болады. Онда талапқа сай заманауи үлгіде салынған жүзу бассейндері бар. Балалар үшін де демалуға бар жағдай жасалған. Сондай-ақ, Жалғансай ауылы маңындағы көптен бері істеп келе жатқан «Баклан» демалыс орнында да тынығуға келген адамдардың қауіпсіздігі үшін біраз жұмыс жасалған. Ең бастысы қара- пайым болса да Жайық өзенінің жағалауына әртүрлі көлемдегі полиэтилен материалынан жасалған үрмелі бассейндер қойылған. Суға жүзуді енді ғана үйреніп жүрген балаларға сақтандырғыш дөңгелектер ұсынылады. Үлкендер үшін Жайықты жалдап, қай шамаға дейін жүзіп баруға болатыны жөнінде арнайы қауіпсіздік белгілері қойылған. Кезінде құқық қорғау саласында қызмет істеп, отставкіге шыққан кәсіпкер азамат Қосжанов Жарастың ең алдымен адам өмірінің қауіпсіздігіне барынша көңіл бөліп отырғандығы құптарлық жайт.

Әрине, жоғарыда айтылған- дай, балалардың бәрі бірдей ата-аналарымен бірге жайлы көлікке отырып, су жағасындағы арнайы демалыс орындарына бара алмайды. Әрине, шауып шығып, ең жақын маңдағы жағалауға қойып кетеді. Сондықтан түрлі төтенше оқиғалар орын алмас үшін жағалаудағы көпшілік суға түсетін орындар үнемі бақылауда болуы тиіс. Бұл жұмысқа ата-аналар, құқық қорғау орындары, мектеп мұғалімдері тартылып, кезекшілік атқарса да артық болмас еді. Бұрынғы ДНД-ның ізінде жастар, қоғамдық емес ұйымдар бірлесе қимылдап, жағалау жасағын ұйымдастырса, балаларды жазатайым суға кетуден сақтандыруға септігін тигізер еді. Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында спорттың қолжетімділігін, бұқаралығын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Соған байланысты ауылдық жерлерде де спорт кешендері, ойын алаңдары бой көтеріп, спортпен шұғылданамын деген адамға бар жағдай жасалып отыр. Ал кенже қалып отырғаны – су спорты. Сондықтан ауылдық жерлерде де қаладағыдай суда жүзу бассейндерін салып, арнайы мамандардың көмегімен балаларды жастайынан суда жүзуге жаттықтырса, нұр үстіне нұр. Сонда жыл сайын қайталанып, су айдындарындағы ажал құштыратын қайғылы жағдайлар сейілер ме еді? Әйтпесе бары-жоғы белгісіз, материалдық техникалық базасы да жұпыны судан құтқару қызметінен қайран жоқ. Жалпы ауданда судан құтқарумен айналысатын аты дардай «Батыс» өңірлік аэромобильдік жедел құтқару жасағының Махамбет аудандық бөлімшесі жұмыс жасайды. Арнайы дайындықтан өткен үш сүңгуір, бір бас құтқарушы балық қорғау инспекциясы, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, су бойындағы қауіпті аймақтарға рейдтер жүргізіп, рұқсат етілмеген жерге шомылу адам өміріне қауіпті екендігін ескертіп, үгіт-насихат бетшелерін таратады. Иеліктерінде бір аспалы моторлы, бір үрмелі қайық бар. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Б.Абдуллиннен сұрастырып білгеніміздей, өткен жылы төрт адам, биыл бес адам суға кеткен. Өкініштісі, бәрі де ана сүті ауыздарынан кеппеген балалар. Бұл кім-кімді де ойландыруға тиіс.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521