«Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады».
Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы халыққа жариялаған Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігі турасында айтқан сөзі. Қай қоғамда, қай мемлекетте болмасын азаматтардың бейбіт шеруге шығып, өз ойын еркін айтуы орынды. Тіпті өркениетті елдердің өзінде ел тыныштығын бұзбай, ешкімге соқтықпай, тәртіпсіздікке жол бермей ұйымдастырылатынын шерулерді көптеп көруге болады.
Мәселен, АҚШ-тың әр штатында ережелері бектілген. Вашингтонда Ақ үй алаңына барып, арызыңызды айтсаңыз да өз еркіңіз. Тек заңнан аттамасаңыз болғаны. Өйткені мұнда бұқаралық жиындарды тек Ақ үйдің алдында, Лафайет саябағы мен Эллипс аумағында ғана өткізуге болады. Бұл қатаң түрде заңмен белгіленген. Ал, көршілес Ресейде бұқаралық іс-шаралар кемінде он күн бұрын жергілікті органдарға ескертіледі. Онда шерудің формасы, қашан басталып, қашан аяқталатыны және қанша адам қатысатыны көрсетіледі екен. Сондай-ақ оларда қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген.
Президент тапсырмасына сәйкес осыдан бір апта бұрын «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасын көпшіліктің талқылауына ұсынылғанын білеміз. Аталған құжатта бейбіт жиынды өткізу тәртібі, ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың және оқиға орнында жұмыс істейтін журналистердің құқықтары мен міндеттері тайға таңба басқандай толық көрсетіліп отыр. Қоғам талқысына түскен заң жобасына қатысты көптеген азаматтар өз пікірлерін білдіруде.
Әдетте шерулерде азаматтар билік тарапына сын айтып жатады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген халқымыз. Әрбір айтылған сынды орынды қабылдап, одан қорытынды шығара білсек, ортақ ісімізді алға жылжытудың бірден-бір жолы осы деп ойлаймын. Ақиқатында, өз кемшіліктерімізді өзіміз айтып, өзіміз түземесек, кім түзейді?
Мұрат ЕЩАНОВ,
Бақсай ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы,
медаиатор
Сурет:дереккөз