Кең жазира даласындай пейілі кең қазақ елі сан түрлі ұлт өкілдерін қиын-қыстау кезеңдерде құшақ жайып қарсы алып, бауырына басты. Тарыққанда қол ұшын созып, демей білді. Түрі басқа болса да, тілегі бір отандастарымыздың өмірі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткені сонша олар әдет-ғұрпымыз бен салт- дәстүрімізді жатсынбай, өзара қазақ тілінде еркін сөйлесетін деңгейге жетті. Біз сөз еткелі отырған кейіпкердің түрі басқа демесеңіз, тілі де, жүрегі де қазақша сайрап тұр.
Оның есімі Махамбет жұртшылығына жақсы таныс. Пейілі таза, көңілі кең, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, күлкісі күндей шуақ шашатын, тұрмыс тауқыметін тартса да, өмірге деген құлшынысы ерекше жан – Юн София. Ол Махамбет ауылының тумасы, көп ұлтты отбасында дүниеге келген.
- Әкем Юн Осип кәріс ұлтының, ал анам Юн Надежда орыс ұлтының өкілі. Екеуі де көп жылдар ауданда қызмет етті. Әкем ПМК-4 құрылыс мекемесінде құрылысшы болса, анам сүт зауытында диетмедбике, кейін басшылық жұмыстарды атқарды. Ата-анам да, мен де осы киелі Махамбет топырағында туып-өстік. Е.Ағелеуов атындағы мектептің орыс сыныбында оқып-білім алдым. 1995 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдап, 1999 жылдан 2003 жылға дейін О.Шонаев атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет еттім. Кейін еңбек жолым Махамбет газ шаруашылығы мекемесінде жалғасты. Міне, он жеті жылдан бері аталмыш мекемеде инженер лауазымын абыройлы атқарып келемін. Халықпен тікелей жұмыс жасайтындықтан асқан жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Мекемеге келетіндерді ертең, арғы күні деп әуре-сарсаңға салмай, құжаттарын сол мезетте аяқтап беруге тырысамын. Арада көп жылдар өтсе де, кездесіп қалғанда мені танып, алғысын жаудырып жататындар да баршылық, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
София күнделікті қат-қабат жұмыстарымен қатар, қоғамдық мәдени шараларға атсалысудан тартынған емес. Көп жылғы еңбегі бағаланып, әр жылдары басшылықтың, аудан әкімінің Алғыс хаттарына да ие болған. Ал, оның қазақ тілін жетік білетінін ерекше атап өтуміз қажет.
- Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары, әлі күнге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Өзге ұлт деп жатсынбай, бізде қандай да бір мереке болмасын бір-бірімізді құттықтап, атап өту әуелден қалыптасқан. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті десем болады. Жақын құрбыларымның бәрі де қазақтар. Көп тіл білу адамның мінезіне де, қызметтік өсуіне де, өміріне де оң әсер етеді. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға, кез келген тығырықтан жол тауып кетуге үлкен септігін тигізеді. Мен қазақ тілін үйренгеніме қуанамын. Соның арқасында бүгінде өз қажеттілігіме жарауда,- дейді.
Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрлерін де өте жақсы білетін София қазақ елінде тұрып ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды. Сондай ақ ол қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді әзірлеп, сүйсініп жейтінін айтады. Соның ішінде ең ерекше ұнататыны – бешбармақ екен. Айтуынша, мереке, демалыс күндері бешбармақ дайындау отбасында әдетке айналған. Әсіресе мамыражай мамырдың алғашқы күнімен келетін бірлік мерекесінің маңызын жоғары бағалайды.
Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда ауданымызға табан тіреп, киелі мекеннен пана тапқан түрлі ұлт өкілдері бұл күнде ауызбіршілікпен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың арасында қазақ халқымен бір нанды бөлісіп жеп, бір үйдің баласындай етене араласып, тілі мен дінін, салт-дәстүрі мен мәдениетін жатсынбай, тіпті, қыз алысып, қыз берісіп құда-құдандалы болып отырғандары да жетерлік.
Балнұр САПАРОВА