Лариса ХАБИРОВА: «Әкем – татар, анам – орыс, өзім – қазақпын!»

Әке жолын жалғауды мақсат тұтқан қыз Атыраудағы балық шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Содан жатақханада бірге тұрған қызылордалық, кәріс ұлтының өкілі Аркадий деген жігітпен танысып, таныстық соңы достыққа, махаббатқа ұласып, 1983 жылдың 29 қаңтары күні Махамбет аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде некелерін қияды. Сол жылдың соңында Дмитрий есімді ұл дүниеге келді.

Бұл – жерлесіміз, татар ұлтының өкілі Ларисаның үлкен өмір жолындағы алғашқы қадамдарының бірі. Анасы Клав­дия – орыс ұлтының өкілі, мектеп-интер­натта жұмыс жасаған болса, әкесі Фарит балық шаруашылығында қызмет етіп, бүгінгі таңда қызының қамқорлығында.

– Жолдасым екеуміз жолдамамен жұмыс жасау үшін Шығыс Қазақстан об­лысы, Тарбағатай ауданы, Зайсан қаласына бардық. Бірақ ол жерде ұзақ болмадық. Тұңғышымызды күтіп жүргендіктен ауылымызға қайтуға тура келді. Сәбиімді аман-есен өмірге әкелген соң ол жаққа қайта бармай, осы жерде тұрақтап қалдық. Аркадий аудандық балық инспекциясы бөлімінде 80-ші жылдардың соңында басшылық қызметтерді де, ихтиологтың да жұмысын атқарды. Ал мен метеостанци­яда гидролог болып жұмыс жасадым. Ди­мадан кейін Сергей ұлымыз өмірге келіп, қуанышымыз еселене түсті,- дейді жастық шаққа ой жүгірткен кейіпкеріміз.

1aefb9cd-97df-4307-b5c7-8fc6e0b0da1c

Лариса – үйдегі үш қыздың ортаншысы. Татьяна және Галина есімді апа-сіңлісі қыз-қыз қайнаған қаланың тіршілігіне еніп, сол ортада өз шаңырақтарының түтінін түтетіп отыр. Ал ақжарқын, жай­дары жүзді Лариса ауылдағы қарт әкесін бағып, өзінің шаруашылығымен отырған жайы бар. Қаладағы ірі компаниялардың бірінде 12 жылға жуық жұмыс жасағаннан кейін денсаулығы сыр беріп, бұл қызметті доғару қажеттігі туындайды. Ал жолдасы Аркадий жұмыс бабымен Орал қаласында лауазымды қызметте болғандықтан отба­сынан жырақта.

Қос ұлы да шаңырақ көтеріп, бірі қазақтың, бірі кәріс ұлтының қыздарына үйленіп, өз алдарына бөлек отау тігіп кеткен. Үлкен ұлы Дмитрий – қазақ отбасының күйеу баласы. Бір қызығы, келін қазақ болғанымен, оның да әжесі орыс ұлтынан көрінеді. Ал кіші ұлы Сергей кәріс ұлтының қызымен отау құрып, бір ұл, бір қыз өсіріп отырған жай­лары бар. Газетіміздің өткен сандарында «Жайық жағалағанның өзегі талмас» атты мақалаға арқау болған Сергей Ким есімді азаматтың анасы осы Лариса Фаритқызы екенін естігенде таңданысымызды жасыра алмадық.

81dacdf2-c22d-4843-83da-e36e570c75f6

– Менің әкем немересі Сергейге кішкентайынан көлік жүргізуді үйретті. Балық аулауға барғанда қасынан қалдырмай алып жүрді. Қармақты қалай жасауды, құруды, түрлі тәсілдерін үйреткен әкемнің айтқандарын екі етпей қағып алатын ұлымның балық аулауға деген құлшынысы одан сайын артты. Бүгінгі күні Youtube желісінде өзінің балық аулаудың әдіс-тәсілдерін үйрететін, балыққа шыққандағы сәттерін салып оты­ратын арнасы бар. Отбасымызбен балық шаруашылығына жақын жандармыз. Мұның бәрі әкемнің бізге берген тәлімінің, тәрбиесінің нәтижесі. Немерелерім кел­генде үйіміз азан-қазан болып, құдды бір үйге бақыт кіріп келгендей болады,- дейді Лариса Хабирова.

«Хоббиім – іс тігу» деген кейіпкеріміз бұл ісінің анасынан дарығанын ай­тады. Анасы аудан орталығында шалғай ауылдардың балаларына арналған мек­теп-интернатта іс тігумен айналысып қана қоймай қыздарға іс тігуден дәріс те берген.

– Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде сабақтан кейін анамның жұмыс орнына баратынмын. Анамның қолынан шыққан киімдерге, оның сол киімдерді тігу өнеріне қарап, қатты қызығатынмын. Мек­теп-интернатта ауылдағы шопандардың балалары оқыды. Олар тек қана қазақша сөйлейтін. Мен орыс тілінде зуылдап сөйлеп жатқан кезде, «сен өтірік сөйлеп жатқан сияқтысың» деп таңқалатын. Қазақ тілін ең алғаш сол ауыл балаларынан, сол жерден үйрендім деп айта аламын. Балала­рым да қазақшаға судай. Сол жердегі мен құралпы балалардың жүздері әлі күнге дейін көз алдымда,- дейді Лариса.

f1d02127-e1ff-4c71-a606-05f8c246f244

Қазақ отбасымен көрші де тату тұратынын айтқан Лариса орыстың да, кәрістің де, қазақтың да салт-дәстүрлерін, ұлттық мерекелерін құрмет тұтатындығын, қалай орындалатындықтарын жақсы білетінін жеткізді.

– Көрші-қолаңмен қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасу азаматтық парызым деп білемін. Қазақтардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы ерекше сүйсінтеді. Құдаларымыз Рамазан айында ауызашарға шақырады. Қалмауға тырысамын. Өзім де ораза ұстағым келеді. Бірақ денсаулығым ұзақ уақыт бойы ашқұрсақ жүруге шыда­майды. Ораза ұстап жүргендерге қызыға қараймын,- дейді татар ұлтының өкілі.

Қаладағы қызметінен шығып қалғаннан кейін уақытша ательеге жұмысқа орналасқан Лариса ауылға қайтып келген соң да, қолы қалт етсе, ұлттық киімдерді тігіп, тұрғындардан күнделікті жағдайда киюге арналған киімдерге тапсырыс қабылдайды. «Әкем – татар, анам – орыс, өзім қазақпын» деген Лариса Фаритқызының бар тілегі – еліміздің тыныштығы мен қаймағы бұзылмаған бірлігінің сақталуы.

 

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT