Ертеректе халық киімдерінің ең мәнерлісі саналған әйелдердің бас киімдерінің ішіндегі тақияның орны ерекше болған. Тарихқа үңілер болсақ, XVIII ғасырда сәнге айналған тақияны бұрындары кию міндетті саналмаса да тұрмысқа шықпаған қыздар киген. Тақияның шеттері ақ тиіннің, сусар мен бұлғының үлбірімен көмкерілген, күміс және алтын әшекеймен сәнделіпті. Одан кейін тақияны тек ер адамдардың ғана киіп жүргенін білеміз. Ер адамдардың тақиясында моншақ, ақша, әшекейлер болмайды.
Ал соңғы кездері әлеуметтік желі арқылы әшекеймен көмкерілген, қазақтың ұлттық оюларымен зерделенген тақиялардың жарнамасын жиі байқап жүрміз. Қыздардың бүгінгі трендтегі осы дүниеге деген қызығушылығы күн сайын артып келеді. Бұл жаңалықтан біздің ауданымыздың да қыздары қалыс қалмай тұр. Орталық көшелерде әшекейлі тақияны киіп жүрген қыздарды көргенде бастапқыда таңқалғанымыз жасырын емес.
«Адамға үш күннен соң көр де жат емес» демекші, көзіміз үйренгеннен кейін қыздарымыздың ұлттық киімді жаңартып, заманауи стильге лайықтағанына қуандық. Бүрмелі көйлек киіп жүрмесе де ең кемі осы тақияны насихаттағаны, күнделікті киім-кешектердің қатарына қосуға ұмтылғаны – қазақтығымызды өзге ұлттарға танытуға қосқан үлесі. Жас жігіттер насихаттай алмаған тақияны трендке айналдырып, дизайнерлік салада «төңкеріс» жасаған қыздарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Ертең тақияны қыздар ғана көпшілік ортада киіп, жігіттер жалаңбас қалмайық» десек қолымызда барды қадірлейтін уақыт келді емес пе?!
Тақиямен жүрген жастарды көрсе жұрт «мешітке барып, уахабист болып кетіпті», «жап-жас болып, тақиямен жүрген несі?!», «садақист болып кеткен бе?» деген сөздерді ол кісінің артынан гуілдетеді-ай кеп. Ұлттық бас киімді ұлықтайын деген жастың кейін тақияны кимек түгілі атын естісе, шошитын жағдайға жетеді ғой. Шыны керек, жас жігіттердің көшеде тақия киіп жүргенін әбестік көретін уақыттан өткен сыңайлымыз. Ұлттық бас киімді тек садақаға, мешітке киіп баратын, былайғы уақытта сандықтан табылатын, қонақтардың қолына ұстата қоятын арзан дүниеге айналып барады.
Тайлақ десе, «Тақиялы періште» фильмі бірден еске түсері хақ. Қанша уақыт өтсе де көрерменін жоғалтпаған фильмнің басты кейіпкері кино аяқталғанша тақиясын басынан тастамайды. Сол арқылы фильмді түсірген топ қазақы болмысты көрсете білген. Сондықтан ерлерге де, қыздарға жарасар, сән әлемінің төріндегі Dolge&Gabbana да, Zara да тікпейтін ұлттық бас киіміміздің қадірін түсірмей, дәріптеуді жалғастырған абзал. Не десе де қазір ұлттық киімдерді заманауи стильде кию трендке айналып үлгерді. Әсіресе, қазақы нақыштағы сәнге жастардың қызығушылығы жоғары. Тіпті шолпы тағудың өзі жастардың арасында сәнге айналған.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ
«Жайық шұғыласы» газетінің ІІ санатты тілшісі