Саңқылдап қыран құстай Ораз өткен...

Талай ғасырдың сырын ішке бүгіп жатырған мынау Көздіқара алқабы қаншама тарихтың тірі куәсі болмады десеңізші.

Округ орталығы Таңдай ауылынан 13 шақырым асқан соң түлкі құйрығындай бұлаңдаған жол Көздіқарадан әрі асып, Ащықұдық қыстағына қарай бет алды.Күзгі жаңбырдан соң сәл-пәл көгеріп қалған маңғаз далада маң-маң басқан түйелер, жалдары желкілдеген жылқылар,мүйіздері қарағайдай сиырлар алаңсыз жайылып жүр. Сәлден соң сондайдан көрінген Бала Ораз кесенесі төрттағандап менмұндалай берді.

Бала Ораз ақын мен оның қасындағы Мырзалы әулиеге арнайы дұға оқылған соң әңгіме басын топ басшысы,Бақсай ауылдық мәдениет үйінің директоры Кадыржан Қазымбекұлы алды.

oraz091020

Бала Ораз ақын негізінен Жылыой өңірінің тумасы болатын. Жастайынан өлең-жырға құмар өскен Ораз кейіннен талай ақындармен айтысқа түсіп, атағы мәлім болған.1882 жылы Бала Оразды қазіргі Жалғансай ауылының тумасы,Себек руынан шыққан Шомажан деген азамат біздің өңірімізге ертіп келеді. Келуінде ақынның қасында анасы Несібелі мен әйелі болады. Сірә қазіргі ақын зираты маңына келіп қоныстанса керек. Қазіргі Көздіқарада Кәкен деген Себектің қызы тұрмысқа шығатын болып, соның ұзатылу тойына Ораз бен Шомажан да қатысады. Ақын-серілер жиналған тойда Ораз да ән айтады. Бірақ сол тойда ақынның даусы шығыңқырамай, онысына өзінің де көңілі толмағанға ұқсайды. Түнімен тойды дуын көтерген тойшы жігіттер ертемен мүшеге шабуды ұйғарады.Осы мүшеге шабуда Бала Ораз мінген аттың алдыңғы аяғы інге кіріп кетіп,Ораз ат-матымен омақаса құлайды. Мойын омыртқасы үзілген ақын сол жерде қапияда жан тапсырған. Күннің ыстығынан дене бұзылып кетер деп Шомажан бастаған жігіттер сүйекті киізге орап, Ораздың әйелі мен анасы отырған күркеге қарай жақындайды да төбе басына ақынның денесін тас-тап Шомажан барып анасына болған жайды естіртеді. Қаралы хабарды естіген анасы:

- Оразымнан айырылатынымды түндегі түсімнен біліп едім- ау. Өйткені, омырауымды екі қара жылан еміп шықты, күн райы ыссы ғой,баламды сол төбеге жерлерсіңдер,- деген екен.

Бала Ораздың жамбасы тиген осы төбе киелі де жер. Осы жерде Мырзалы деген Кердері руының азаматы өмір сүріпті. Мырзалы әулие адам болған. Ол да осы жерге жерленген. Әулиенің қасында апан шұқыр болыпты. Осы шұқырға келіп түнеген талай адамдар дерттеріне шипа алған деседі. Ал Мырзалыға қосарланып жүрген Балпан атауы Мырзалының бауыры болғанға ұқсайды.

Арғы-төргі тарихынан сөз еткен Қ.Қазымбекұлы Бала Ораз ақын зиратының табылуы кезінде Бақсай кеңшары құрылысшыларының күшімен белгі қойылуы,сонымен қатар Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 155 жыл толуының аталып өтілуі, 2007 жылы ақынның 170 жылдығына орай «Бақай» корпорациясының осы кесенені пайдалануға беруі туралы естеліктерді егжей-тегжейлі айтып берді.

oraz91020-

Кесене басына келушілер зират айналасын тазартып,гранит тақталарды жуып-сүртіп, тазалық жұмыстарын жүргізді.Мұнан соң Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі,тарихшы Мәжит Ерғалиев, жас тарихшы Дәулет Дощатов сөз алып, өлке тарихы мен осы өңірдегі танымал адамдар туралы әңгіме қозғады.

balaoraz91020-1

Мұнан соң мектеп оқушылары Бала Ораз ақын жырларын жарыса оқыды. Жас ақын, студент Нұрлыбек Бағыттың «Дала туралы» толғамды өлеңі Бала Ораз ақынның кесенесі басында тебіренте,толқыта оқылды. Сөз өнеріне күй өнері жалғасты. Жас күйші Ерік Шәмшиден де қос ішектен төгілген күйді Бала Ораз ақынның рухына тарту етті. Осы сапарда ауылдық кітапхана меңгерушісі Күләш Есмурзина Бала Ораз ақын туралы жазылған кітаптар мен басылымдарды таныстырып өтті. Мінеки, осылайша бақсайлық өнерпаздар дауылпаз ақын, әнші әрі жыршы Бала Ораз Өтебайұлының рухына тағзым етіп, оның шығармаларының өміршеңдігін тағы да паш етті. Кең даланы танымал өнерпаз Өмірбек Нәжмеденовтің кең тынысты әні кеулеп кетті.

Ж.ЕСЕНОВА,

Бақсай ауылдық мәдениет үйінің әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT