Елімізде киелі жерлер көп болғанымен, оның қандай қасиетті маңызы бар екенін сырттан келген туристер түгілі, өзіміздің ұрпағымыз түсіне бермейді. Сондықтан киелі жерлерді жүйелеп, зерттеп, жаңғыртып, халық назарына ұсынудың маңызы зор.
Киелі мекендерімізді, тарихымызды, мәдени мұрамызды, рухани құндылықтарымызды бойымызға сіңіріп, еліміздегі қасиетті орындарды жаңа деңгейде танып-білсек, мақсаттың орындалғаны. Махамбет ауданы қанша ғасырлық тарихты бастан өткерген киелі, тарихи орын екені мәлім. Аймақ тарихи орындар, сәулетті ескерткіштерге толы. Солардың бірі – «Алтын» қорымы.
«Алтын» қорымы Ортақшыл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 4 км, Атырау-Индер тасжолынан 63 км, шығысқа қарай 1,5 км жерде орналасқан. Кішкене төбенің үстінде «Алтын» атты көне қорым ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде іргесін көтерген. Ол солтүстік Каспий жағасындағы діни-мемориалды кешенінің ең ірісі болып табылады. Бұл қорым жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген. Қорымда 200-дей көзге түсетін құрылыстар бар. Олар зираттың орталық және батыс бөлігінде шоғырланған. Мазарлар осы өңірге көп тараған «үйтам» үлгісіндегі шикі кірпіштен салынған. Құрылысына ағаш бөренелер, жіңішке сырғауылдар, есік-терезелерінің жақтауларына жуан тіреулер, сондай-ақ күмбезді өзі қалағандай тіреулер қолданылған. Күмбездің төбесі киіз үйдің шаңырағы сияқты ағашпен бекітілген.
Қазіргі уақытта «Алтын» қорымындағы есепке алынған нысандардың жалпы саны 60-тан асып отыр. Керемет шеберлікпен қашап жасалып, көне сөздермен көмкерілген құлпытастардың әрбіреуі тарихи жәдігер болып есептеледі. Қорымда тек Атырау мен Орал өңірлеріне ғана тән дөңгелек пішінді құлыптастар бар. «Алтын» қорымы туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Ескендірұлы Әжіғалиев «Көшпенділер архитектурасы» деген кітабында былай деп келтірген: «Ортақшыл селосының төңірегінде Беріш-Себек руының екі қорымы барын, біріншісі «Алтын» және екіншісі одан 25 км жерде орналасқан «Қатын» қорымы екенін (әлі табыла қоймағанға ұқсайды), олардың апалы-сіңілі қыздардың атымен аталғанын жазады. Сол кездегі бір отбасындағы 9 қыздың тұңғышы Алтын болса, кенжесін ұл болады деп күткен әкесі оның атын «Қатын» қойғанын айтады. Қарақшылар қолынан қапыда қаза болған Алтын осы жерде жерленгендіктен қорым осы қыздың атымен аталса керек».
Біраз ескерткіштердің салынуы мен эпиграфикасы Еділ татарларының жер¬леу дәстүріне ұқсас келетіні байқалады. Бұл жерде тас қашау ескерткіштерінің де өте сирек түрлері кездеседі. Мәселен, қорымның батыс аймағында орнатылған өңделмеген тас бағана. Бұл тасты халық арасында жерден өсіп шыққан көк тас деп атайды. Бағананы жұртшылық киелі тасқа санайды. Маңызы жоғары, халық тарапынан ерекше құрметке ие табиғи немесе мәдени мұра және сәулеті айрықша діни мәнге ие ескерткіштер мен кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындардың барлығы елімізде осы киелі орындар санатына жатады. Ұлан-ғайыр жерге ғана емес, тарихи рухани мол мұраға да ие екенімізді болашақ ұрпаққа танытуымыз керек.
А.АМАНҒАЛИЕВА,
белсенді жас
Сурет: Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мұрағатынан алынды