«Бақсай» каналына – 80 жыл

Аудан көлемінде облыстық маңызы бар «Бақсай» каналының орны ерекше.

Климаты континенттік және жазы құрғақ, ыстық, ұзаққа созылатын, қысы суық, қар аз жауатын аудан үшін каналдың тіршілік көзі ретінде алатын рөлі айрықша десек, артық айтқандық емес. «Бақсай» каналы бүгінгі күндері Махамбет, Исатай аудандары жеріндегі суару-суландыру жүйесі болып табылады. Суы Жалғансай ауылы тұсынан Жайық өзенінен алынады.

Каналдың ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Кеңестік кезеңде аталған су жүйесімен жылына 3271 га егістік суарылып, 11,3 мың га шабындық және 70 мың га жайылым суландырылған. Биыл аудан экономикасының дамуына игі ықпалын тигізген «Бақсай» каналы арнасы кеңейтіліп, қазылғанына 80 жыл толып отыр.

«Судың тұнығы, шөптің шүйгінін қуалап өскен» халқымыз ғасырлар бойы топырақ басып, тайызданып қалған Жайық өзенінің оң саласы Бақсай өзенін тереңдетіп қазу туралы 1940 жылы Гурьев облыстық партия комитетінің бюросы мен облыстық кеңес атқару комитеті бірігіп қабылдаған шешім бойынша, Жалғансай ауылынан Забурын (Исатай ауданы) елді мекеніне осы жұмысқа Бақсай (Махамбет), Новобогат (Исатай), Есбол (Индер), Гурьев, Мақат, Жылыой және Теңіз (Құрманғазы) аудандарынан жұмыс күштерін жұмылдырып, екі ай ішінде бұл аса маңызды істі толық аяқтау міндеттелді. Штаб бастығына облыстық атқару комитетінің төрағасы Х.Тастайбеков тағайындалды. Штаб – Таңдай ауылында орналасты.

Архив қорындағы облыстық «Социалистік құрылыс» («Атырау») газетінің осыдан 80 жыл бұрынғы сарғайған беттерін парақтап үңілсек, канал жұмысына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінгендігіне куә боламыз. 12 қыркүйек күні «Қуанышты митингі» атты мақалада алты мыңдай колхозшы Бақсай каналы құрылысын социалистік жарыстың ұлы туы астында зор белсенділікпен бастады: 210 адам қатынасқан митингі болып өтті. Еспол колхозының шақыруын түгел қарсы алдық!», - деп жазды.

Аталған газеттің 1940 жылғы 29 тамызындағы №200 санында «Бақсай каналы құрылысының барлық жұмыс колхозшылардың өз күш-көліктерімен істеледі. Каналды қысқа мерзімде тез бітіру үшін 6100 адам колхозшылар, 730 көлік арбасымен қатынасуға тиіс. Каналдың құрылысы жұмысын бітіріп, іске қосу үшін 400 мыңнан аса шаршы метр жерді қазу және плотиналар салу жұмыстары істелінбек. Құрылыста істейтін колхозшылар үшін екі мыңнан аса күрек, бір мыңнан аса қайла-кетпен керек, мыңдаған зембіл, тәшкілер және ағаш материалдары керек», - деп құрылыс көлемінің ауқымды екендігін қалың жұртшылықтың назарына береді. Бақсай және Есбол аудандық штабтарының барлық учаскесінде қыркүйектің 10-ы күні таңертеңгі 7-де канал қазу жұмысы басталды.

Ал газеттің 1 қыркүйек күнгі №202 санында каналды қазу мақсатын Бақсай каналы құрылысының бас инженері М.Кульбатский былайша айқындайды. «Бақсай каналын бүкіл облыс болып құрайық» атты мақаласында: «Бақсайды қазу жұмысының негізгі мақсаты – Орал өзенінен Бақсайдың төменгі құйылысына су жіберу болып отыр. Осы мақсатпен Бақсай бойында Есмақан плотинасына дейін тереңдету жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар судың төменгі жүрісін 7 шақырым қысқарту үшін екі жерде өзеннің құйылысы тегістеледі. Бақсайдағы екі су қоймасының запасы 300 гектар егіс алаңын дұрыс суаруды қамтамасыз етеді. 50-60 гектар егістік жерді Ащысайдан да және Томаннан да сумен қамтуға болады. Бақсай каналы 10 мың гектарға дейінгі егістік жерді суаруға, 20 мыңнан аса малдың жайылатын жерін суландыруға жағдай туғызатын болады», - деп жазды. Сол жылдың 5 қыркүйек күні жарық көрген газетте облыстық су шаруашылығының гидротехнигі С.Ермолаев канал қазу жұмысының барысы туралы «Есмақан плотинасын қазу арқылы бөлінген су тек қана 25 тамызда ғана ағызыла бастады, мұнда 40 сантиметрдей ғана су ақты, бұл жеткіліксіз. Бақсай өзенін кептіру үшін жақындағы 2-3 күн ішінде Есмақан плотинасын және бөлініп қалған сулардың арасын кеңейтіп (3 метрдей) қазу қажет. Бұл жұмысты орындау үшін 800-1000 адам қатынасу керек. Бөлініп қалған суларды ағызып жіберу жұмысына бөлінген Бақсай ауданының 160 колхозшысы 23, 24, 25 тамыз күндері жұмыс істегенде жұмыстың жақсы үлгілерін көрсетті. Мәселен, «Вперед» колхозының мүшелері нормаларын 152 процент орындады», - деп ақпар береді. Осы екпінді құрылыс барысының жүру қарқынынан ақпарат ұйымдастыру мақсатында газет редакциясы «Бақсай каналы құрылысында» айдарымен газеттің 6 қыркүйек күнгі №207 санында «...Жұмысқа бас сауғаламай жалықпай, батыл кіріскен, әсіресе Бақсай ауданындағы Құмшығанақ советінің «Энгельс» колхозы мен Сарайшық советіне қарайтын «Павловский» колхозының колхозшылары және олардың активтері болды», - деп жазды.

kanal91020

Бұл жұмысқа мысалы, «Есбол» колхозы тарапынан 70 колхозшы, 5 түйе, 4 жылқы, екі пар өгіз, 70 күрек, 25 носилка, 6 киіз үй бөлінген. 20 қыркүйек күнгі мәлімет бойынша Жылыой ауданының «Жаңа күш» колхозынан келген 10 адам өз алдына бір звено болып жұмыс жасады. Бұл звеноның бастығы «Сталин» атындағы колхоздан келген Қ.Қосов болды.

Звено жұмысқа 10-шы қыркүйек күні шығып, бұл күнгі 10 адамның істелетін күндік нормасы 15,5 кубометр жер қазу болатын болса, олар мұны 92 кубометр етіп, артығымен орындаған. 1940 жылдың 4 қазан күні құрылыс бастығы Х.Тастайбеков, құрылыс бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары И.Д.Волков, бас инженер М.Кульбатский Гурьев облыстық ҚК (б) комитетіне жолдаған жеделхатында: «Бақсай каналының құрылысы 2-ші қазанда мерзімінен бұрын аяқталды. Небәрі 401 мың м3 жер қазылды. Канал құрылысына 5700 колхозшы қатынасты. Құрылысшыларға медициналық жәрдемдер де жұмыс барысында берілді. Атап көрсетер болсақ, 9 жерден саулық пункттері ұйымдастырылып, оларда 3 дәрігер, 4 фельдшер, 110 мейірбике жұмыс істеді. Мейірбике қызметкерлері 4156 адамға тиісті, дәрігерлік жәрдемдерін берді, сонымен бірге 3300-ге жуық құрылысшыларға дәріс, әңгімелер өткізілді. Колхозшылар – канал құрылысшылары партия мен үкіметтің қандай тапсырмасы болса да дайын екендігіне Сіздерді сендіреді», - деп жазды. 1940 жылдың 13 қазанында Бақсай каналы құрылысы жұмысын мемлекеттік комиссия қарап қабылдады. Комиссияның берген бағасы бойынша канал құрылысының жұмысы «жақсы» деген бағамен қабылданған. Бұл оқиға ауданның шежірелік жылнамасының бір парағы ретінде тарих қойнауына енді. Аталған канал күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған емес, аудан экономикасының дамып, өркендеуіне аса қажетті су көзі болып табылады.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

«Мәңгілік Ел» ғылыми- зерттеу орталығының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT