Сәби жүрегіне қаяу түсірмейікші!

Өзінің туған баласын өлімші ғып сабап, қылмысын жасыру мақсатында жол жиегіне тастап кеткен қатігез әке туралы БАҚ дабыл қағуда. Әлеуметтік желідегі пікірлер де сан алуан.

Шалажансар күйінде аурухананың жансақтау бөліміне түскен періште сәбиінің алдындағы кінәсін мойындаған безбүйрек әке сот алдында жауап беруде.

Ал, бауыр еті баласына қасақана ауыр дене жарақатын салуға итермелеген қандай күш? Жантүршігерлік оқиғаны ойлағанда төбе шашың тік тұрады. Алдынғы күні ұжымдастарымен сыралатқан әке сол компандарымен хабарласып, «бас жазуға» асығып бара жатқанда қыңқылдап аяғына оралғы болған баласына әбден ызасы келді ме екен? Сонда басынан таспен ұра ма, гүрзі жұдырығы жетпей ме? Қалай болғанда да басы ашық тұрған сұрақ көп. Әлде тұрмысты да, сананы да ақша билеген заманның күйбең тірлігі адамдарды титықтатып, жүйкелерін жұқартып бітті ме екен?

Өйткені таспен ұрып сұлатып салмағанмен осыған ұқсас көріністермен күнде кездесетініміз жасырын емес. Алда-жалда шаруаң түсіп, базарға бара қалсаң, қос-қостан бала жетектеп жүрген адамдардың кейбір тірлігіне еріксіз қынжыласың. Тәтті әпер деп етегінен тартқан сәбиін жұрттың көзінше «жап аузыңды!» деп бір ұрған келіншекті көріп, жағамызды ұстағанымыз бар. Әлгі өзінше әп-әдемі боп көрінген келіншек осы әрекетіне ұялып, қымсынып, қысылмайды да. Сәбиін шаштаразға апарып, «тәртіпке» салған әкенің қаталдығы да тым шектен шыққан. Бұл жерде бала құқығын қорғау туралы әңгіме айтудың өзі артық. «Күшігінен таланған ит түлкі алмайды» деген тәмсіл бар қазағымызда. Баланы жастайынан тұрса сирақтан, отырса бастан ұрып, әбден моральдық тұрғыда тұқыртып, жігерін жасытып жібермейміз бе? Ол болашақта қандай азамат болып өседі?

Барлық өмір туралы пәлсапасын бір ауыз сөзге сыйдырған қазағымнан сөз артылған ба? Жоғарыдағыдай әрекеттерді «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп жуып-шаюға да болады. Бірақ біз баяғы «аюға намаз үйреткен таяқ» деп шәкірттерін бишікпен ұратын, немесе бір аяқ ас үшін байларда жалшылықта жүрген балаларды еш себепсіз сілейтіп салатын келмеске кеткен ескі заманда өмір сүріп отырған жоқпыз ғой. Түсінеміз, балалар да қиғылықты салып, еркелеп, кейде шектен шығып кететіні бар. Әрине, ата-аналар да балаларын ұрайын деп ұрмайды, тек байқамай қолы тиіп кетеді... Мынау тұрлаусыз тірлікте сәбилердің алаңсыз ойнап, шат күлгеніне не жетсін! Сәбилеріміздің көңілдеріне қаяу түсірмейікші, ағайын!

Н.ТЕЛЬМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521