Рамазан айында жақсылық жасап, сауапты іске ұмтылайық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге ризашылық білдіремін» деген болатын өзінің 27 сәуірдегі мәлімдемесінде. «Жақсы сөз жанды жадыратар» демекші, бұл аудан еріктілері үшін алдағы атқарар жұмыстарына серпіліс бергені сөзсіз.

Біздер «2020 жыл – Еріктілер жылы» деп ресми түрде жарияланған уақытта көп созбай, «Жақсылық жаса» акциясын қолға алып, жұмысымызды бастап кеттік. Жастар ресурстық орталығы мамандары, қол ұшын беруге асыққан еріктілер жиналып, жұмыла іске кіріскен сәттен мүмкіндігінше қайырымдылық жасауға тырыстық.

Кейін әлемді жайлаған індеттің алдын-алу мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланды. Сол сәтте біраз адамдар жұмысынан айырылып, жалақысыз қалса, аз қамтылған отбасылар күнделікті азық-түлік алуға мұқтаж болып қалды. Осы қиын кезде Үкімет қолдау көрсетуге қашанда дайын екендіктерін көрсете білді. Еріктілердің жұмысы да осы кезде айқын көрінді. Елбасының бастамасымен басталған республикалық «Biz birgemiz» акциясына атсалысып, көпбалалы отбасыларды, жалғызілікті қарттарымызды, мүмкіндігі шектеулі жандарды азық-түлік, гигиеналық заттармен қамтамасыз етуде өз үлесімізді қостық. Жалпы аудан кәсіпкерлерінің, жаны жомарт жандардың қолдауымен бүгінде 200-ден астам жанұяға көмек көрсетіліпті.

Ерікті жастар қашанда қоғам игілігі үшін аянып қалмайды. Тек жастарға бағыт-бағдар жасап, бастамаларына қолдау таныту қажет деп есептеймін. Волонтерлардың еңбегі еленіп жатса, қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетіне сенім мол. Ауданымызда түрлі бағыттағы еріктілер топтары құрылып, жарқын істерімен халыққа үлгі көрсетіп келе жатқаны қуантады. Қасиетті Рамазан айында жақсылық жасап, сауапты іске ұмтылайық.

Елемес САБЫРЖАНОВ,

ерікті жас

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT