Көктем шықса Жайықты жайлаған жұрт бірден өзен жаққа көз жүгіртеді.
Сонау Орал тауынан бастау алып, жолында көптеген су арналарын толтырып келіп, қарт Каспийге құятын оның төменгі сағасына судың келу деңгейі жыл өткен сайын азайып барады. Яғни, «биыл су былтырғыдан көп келіп жатыр, Жайық таситын шығар» деп жыл сайын ел арасында желдей есіп жүрген әңгімелер қаншалықты шындыққа жанасады, анықтап көрдік.
Биыл су былтырғыдан аз келуде
Аудан әкімдігінің ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Нұрболат Бердіғалиевтың жауабы бойынша:
- Биылғы көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына сәйкес, Жайықтың көтерілу деңгейін күнделікті бақылап отырмыз. Аудандағы ауа-райын болжау стансасының мамандарының мәліметі бойынша биылғы судың келу деңгейі өткен жылға қарағанда әлдеқайда төмен. Мысалы, 2019 жылдың 28 сәуірінде су деңгейі 445 см болса, осы жылы 399 см көрсетіп отыр. Соңғы рет 2017 жылы Жайық суы өз деңгейінен 752 см көтерілген болатын. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш деп айта аламыз. Су тасқынына тосқауыл туралы айтар болсақ, қазіргі таңда Махамбет ауданы бойынша өзен жағалауында 79 шақырым бөгет бар. Бірақ, олардың барлығы да қолдан жасалған жасанды бөгеттер болғандықтан, заманауи күрделі жөндеуді, қыруар қаржыны қажет етіп отыр. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасына Талдыкөл аймағындағы 2,4 км бөгетті қайта қалпына келтіру мақсатында 39 млн теңгенің жобасына өтінім жолдап қойдық.
«Халқымыз суды тілсіз жауға бекер теңемеген. Жайық әзір арнасынан аспайды деп, бейқам отырғанда аяқасты апат болса не істейміз? Техникалық құралдардың күші жеткілікті ме?» - деген сауалға маман:
- Әзірге қолда бар техниканы дайындап отырмыз. Қажет болған жағдайда жеке кәсіпкерлердің де көмегіне жүгінеміз. Су деңгейі 930 см асып кетсе, төтенше жағдай жарияланып, қауіпсіздік шаралары қолға алынатын болады,-деді.
Браконьерлерге бас көтертпейміз
Жайық қашанда балығымен бағалы. Көктемгі судың келуі өзенге қара балықтың қонақтауы десек, артық емес. Дәл осы кезеңде аудандық балық қорын қорғау инспекциясының мамандары қызу жұмыс науқанына кіріседі. Жайықтың балығын баласындай баптап- қорғап, қорып жүретін олардың бір күндік жұмысымен біз де танысып қайттық. Алдымен бөлім басшысының міндетін атқарушы Бектұрған Сұпығалиев:
- Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктің және құқық қорғау саласының мамандарымен бірлескен көктемгі «Бекіре-2020» кең ауқымды іс-шарасы жүзеге асырылып жатыр. Бөлімде 6 - инспектор, 1-іс-жүргізуші, 1-ихтиолог, кіші өзен кемесінің 3 - қызметкері, 3 - автокөлік жүргізушісі күнделікті қызметтерін атқаруда. Бөлімге бекітілген аймаққа Жайық өзенінің екі жақ жағалауы, Атамбаев және Талқайраң ауылдарының маңы жатады. Күні бүгінге дейін біздің мамандар өзен бойын күндіз-түні бақылап, табиғат заңнамаларын бұзушыларын анықтау іс-шарасын жүргізуде,-деп бөлімнің құрамы мен атқарылатын жұмыстардың барысын айтып берді.
Балық басын көбейтіп, уылдырық шашар уақытында браконьерлер де бас көтере бастайды. Әрине, жегенде жеңсік асқа айналатын Жайықтың қара балығының өзі бұл уақытта бал татиды. Десе де, табиғаттың заңдылығын бұзып, аталмыш тіршілік иесінің көбеюіне бөгет жасау, адамзаттың өзіне жасап жатқан қастандығы екенін әлі де түсінбей келеміз. Себебі, биылғы жылдың 1-28 сәуір аралығының өзінде Бекіре-2020 акциясының аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383- бабының 1-тармағымен 14 хаттама жасақталып, 14 жеке тұлғаға жалпы сомасы 191285 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілген. Иесіз ау-құралдарын тәркілеу бойынша да аталмыш баптың 3-тармағымен 7 хаттама толтырылып, 14 дана қара балық құрма аулары тәркіленген. Жалпы салмағы 107 кг құрайтын қара балық осы айдың көлемінде Жайық бойындағы заңсыз аулаушылардан алынып, «Надежда-1» ЖШС –не тапсырылған.
Балық неге көбеймейді?
Осындай маңызды ақпаратты катермен Жайық бойын аралау барысында бөлімнің ихтиолог маманы Тілекші Есмұханова айтып берді. Бір салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатырған ол өз жұмысын қиындығына қарамастан жақсы көретіндігін де жеткізді. Себебі, судың бетіндегі салқын температураға қарамастан, ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, қажет кезінде құрлыққа да қатар жүріп, көктемгі шабақ құтқару жұмыстарына да белсене араласуы оның өз ісіне деген адалдығы мен құрметі шығар.
Жалпы Махамбет ауданы бойынша 18 су айдыны болса, қазіргі таңда, соның 7-де ғана су бар, ал қалған 11 көл су деңгейінің жеткілікті дәрежеде көтерілмеуінен құрғап жатыр. Ал ихтиолог бұл ең алдымен балықтар үшін өте қолайсыз дейді. Себебі:
- Көл қара балықтың перзентханасы саналады. Біріншіден, Жайықтың температурасы балықтың уылдырық шашуына қолайсыз. Екіншіден, жыртқыш балықтар уылдырықты жемтік қылса, оның көбеюі екіталай. Соңғы жылдары шабақ құтқару жұмыстары да жиілеп кетті. Себебі, көлге құйылған су деңгейін сақтап тұра алмағандықтан уылдырық шабаққа айналған уақытта су тартылып, жаппай қырылуға ұшырайды. Жайыққа судың аз келуі осылай балықтардың да азаюына әкеліп соқтыруда. Жергілікті әкімдіктің, еріктілердің, Теңізшевройл компаниясының қолдауымен құтқарылып жатқан шабақтар Жайықтан уылдырық шашқан балықтың өкінішке орай бір бөлігі ғана.
Балықтың баласын қалай құтқарамыз деп ой толғандырып келе жатырғанда біз отырған катер №12 ауылдың тұсындағы Жайықтан су келетін көлдің жырасына да жетіп қалыпты. Жан-жағын ошаған басып, мал жайлап кеткен көл жырасының аңқасы кеуіп жатыр. Тіпті, бұрын су келген деп айтудың өзі қиын. Себебі, Жайықтың арнасы бұл жерден әлдеқайда алыстап кеткен.
Жарты өмірім Жайықта өтіп жатыр
Қайтар жолда жарты өмірі су үстінде өтіп жатқан «Күзетші – 021» кемесінің капитаны Қабижан Жұмағалиевтан да Жайықтың жайын сұрап, біраз әңгімелестік. Көпті көрген капитан да: - Жайықтың жайы толғандыруға тұрарлық. Жыл өткен сайын арнасы кішірейіп, маңындағы көл мен көлшіктері тартылып, балығы да бытырап кетті. Көзбен бір қарағанда бұл байқалмауы мүмкін. Алайда, күні-түні осы судың үстінде жүрген, өзеннің бір кездегі асып-тасқан шағына куә болған біздер үшін бұл өте аянышты. Әлі есімде 1993 жылы Жайықтың суы тасып, ауылдың тең жартысын алып кеткен еді. Сол кезде қазіргі жасыл белдеудің маңында бал соғу жұмысына қатыстым. Судың деңгейі балдың бойынан қарағанда ар жағындағы үйдің шатырымен теңескен еді. Содан қайтіп Жайықтың тасығанын көрген емеспін,-дейді.
Түйін:
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» дейді халқымыз. Мыңдаған халықты, мыңдаған жылдар бойы тіршіліктің нәрінен үзбей келе жатқан Жайығымызға көзіміздің қарашығындай қарайтын кез келген сияқты. Әлеуметтік желіде «Ресейдің Ирклинский қоймасы ашылыпты» деген ақпарат жалған болып шықты. Мұны мамандар да растап отыр. Осындай жел әңгіменің жетегіне еріп, аяқ асты бір ғажайып орын аларын күтпей қазірден-ақ өзен маңын таза ұстауды, тұрмыстық қалдықтарды лақтырмауды өзіңізден бастаңыз. Жайықтың жайын оның жағасын жайлаған халық ойламаса, өзге жұрт өзенінің сағасын бізге бұрып бермейді.
А.САТАЕВА