Осы аптада ел Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту жөніндегі үндеуі жарияланғанын жақсы білесіздер.
Онда карантин режимін біртіндеп жеңілдету, санитарлық нормаларды сақтай отырып, өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыстарына кірісу қажеттігі айтылды.
«...Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн. Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар» деп Президентіміз айтқандай, карантин аяқталады екен деп сақтық шараларынан қол үзуге әсте болмайды. Қалай десек те, талапты бұзудың арты опық жегізуі мүмкін екенін есте ұстағанымыз жөн.
Еліміздегі күрделі кезеңде мемлекет тарапынан көмек-қолдау шараларының дер кезінде қолға алынып, ешкім де қиындықта қалмай, халықтың жағдайы басты назарда тұрғанын көріп отырмыз. Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері табысынан айырылған азаматтарға төлене бастаған әлеуметтік төлем 42500 теңге келесі айда да жалғасын табатынын, мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамту шарасының да тоқтамайтынын атап өтті Президентіміз.
Аталған әлеуметтік төлем қиын жағдайда қалған отбасыларға айтарлықтай көмек болды деп айтуға болады. Оны алушылар саны күн сайын артуда. Бұл жерде айтарым, егер сіздің табысыңыздан айырылғаныңыз, жеке басыңыз туралы берген мәліметтеріңіз рас болса, сізге төлем ерте ме, кеш пе, міндетті түрде төленетін болады. Ал, келесі айда жалғасын табатын бұл төлемді алу үшін қайтадан өтінім берудің қажеттілігі жоқ, бастапқыда берген құжат бойынша жүзеге асырылатын болады.
Ажар Қабдолова,
аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін
тіркеу бөлімінің басшысы
Сурет:дереккөз