Ауданымызда аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдау басталды.
Осыған орай халықты мазалаған сауалдарға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Алмажай Картжанова жауап береді.
1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс алынып тасталады?
АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды: 1. 4 және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы; 2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы; 3. баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы; 4. студенттердің стипендиясы; 5. жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.
- Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар? Олар бойынша толық және дұрыс ақпаратты қайдан ала алады?
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар: - көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын; - тұрғылықты мекенжайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариаттық және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және т.б. төлеуден босатылады. Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Бұдан басқа, Министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі, оны АӘК алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде :
• 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету
• Балалар мен аналар үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру
• Мектеп формасымен, оқулықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету
• Балабақшаларда орын алуда басым құқық беру • Балалар лагерлерінде тегін демалу
• Коммуналдық қызметтер бойынша өтемақы төлемдері, көмірмен және отынмен қамтамасыз ету
• Газоанализаторларды, жарық пен су есептеуіштерін тегін орнату
• Көп балалы отбасыларға үйде әлеуметтік жұмыс орындарын құру, гранттар мен микрокредит беру
• Барлық еңбекке қабілетті АӘК алушыларға жұмыспен қамту шараларын қолдану (оқыту, жұмысқа орналастыру, жастар практикасы, гранттар және микрокредиттер)
• Тұрғын үй жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту
• Біржолғы әлеуметтік көмек ұсыну Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңірлерінде мұқтаж азаматтарға бірдей әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. АӘК тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен, әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығынаy (төлем орталығы), ауылдық әкімдіктерден алуға болады.
- Қандай жастағы балалар АӘК ала алады?
Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.
Сурет:Дереккөзден