Ауданымызда аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдау басталды.
Осыған орай халықты мазалаған сауалдарға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Алмажай Картжанова жауап береді.
Әр балаға - 20789 теңге алу үшін қандай құжат керек?
Өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жоқ деректерді әкімдер, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері тиісті мемлекеттік органдардан сұрата алады.
Қай жерге жүгіну қажет?
Жаңартылған АӘК көрсетуге өтініштерді қабылдау 2019 жылғы 1 сәуірден басталды. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді.
- Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?
АӘК өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.
- АӘК алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуде болу қажет пе?
АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуде болу қажет.
- Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қаралады ма?
АӘК-ті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде бір мекен-жайда бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін отбасылардың барлық мүшелері есепке алынады. Алайда, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап Министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізді. Осылайша, отбасының құрамына тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар,ата,әже, немерелер есепке алынады.
- Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуға тиіс? Және жәрдемақының мөлшері қандай?
Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, отбасыға АӘК төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді. Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық. Ай сайынғы табысы: Әкесінің жалақысы – 150 000 тг. құрайды; Көп балалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 тг; «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 тг. Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге. АӘК-не отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 тг. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді. Балаларға АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 теңге*6 бала = 124 734 тг. Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 тг. – 18 750 тг. = 2 039 тг; 2 039*2 = 4 078 тг. АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг. + 4 078 тг = 128 812 тг. 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 тг. мөлшерінде АӘК алуға құқылы. Осылайша, жаңа АӘК-ті ескере отырып, отбасының жалпы табысы: 176 664 тг. + 128 812 тг. = 305 476 тг. болады.
- Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алынады ма?
Отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік АӘК алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Біздің өңірдің есебі бойынша: Сүтті ірі қара малы – 49338,75. Етті ірі қара малы – 46521,25. Жылқы еті- 50212,25. Түйе еті - 78329,00. Қой, ешкі – 5607,00. Жұмыртқалайтын құсы – 463 тг.
Сурет:Дереккөзден