Талапты сақтап, індетті жеңеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдаған мәлімдемесінде карантин мерзімін мамыр айының 11-ші жұлдызына дейін ұзартқанын жеткізді.

Мұнай мен теңгенің құны құлдырап, ел бюджетіне түсетін қаражаттың да кем түсетінін болжап отырған шақта, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы, көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлу, кейбір кәсіпорындардың жұмысын тоқтатып немесе онлайн режиміне көшіру, үйде болу жағдайындағы жұмыссыз азаматтарға 4 миллион 250 мың қаржылай көмек көрсету, үйде отырған 1 миллион 100 мыңнан астам адамды азық-түлікпен қамту, 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсету мемлекетке оңай болмай отырғаны түсінікті. Еліміздің Ата заңында атап көрсеткен «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» үшін мемлекет басшысының қандай қадамдарға да баратынын көрсетті.

Індетпен күрестің алдыңғы шебінде халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге, қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға уақытпен санаспай атсалысып жүрген мемлекеттік қызметшілердің жұмысына оң баға беруі мемлекет басшысының мемлекеттік биліктің ең төменгі сатысы ауылдық округтердің атқарып жатқан жұмысына дейін бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді.

Аудандық төтенше жағдайлар штабымен бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес Бақсай ауылдық округі әкімі аппараты аудандық аурухана және полиция бөлімімен бірлесіп, жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруда. Барлық коммуналдық шаруашылық нысандары үздіксіз жұмыс жасап тұр. Тұрғындардың зейнетақы, жәрдемақылары мезгілінде төленіп, газет-журналдар үйлерге жеткізілуде. Басқа облыстардан келген 27 адам, шет елден келген бір адам және Теңіз кенішінен босаған ауыл азаматтары 14 күнге үй карантиніне алынып, дәрігерлік тексеруден өткізілді. Жеті дүкеннен үкімет бекіткен шекті бағамен сатылатын тоғыз тамақ өнімдерінің бұрышы ашылды.

«Еркежан» дәріхана жеке кәсіпкері тұрғындарды қажетті дәрілермен қамтып, күнкөрісі төмен көп балалы аналарға жеңілдіктер жасап, сауда жасауға келген азаматтарға тегін бетперде таратып отыр. «Нұр Отан» партиясы «Біз біргеміз» акциясы аясында 24 жағдайы төмен отбасыларына азық-түлікпен көмек көрсетті. Ауылымыздың «Парыз» еріктілер тобы 300 бетперде, ауыл тұрғыны Мұхамбетова Рысгүл үйінен 110 дана бетперде тігіп, көп балалы отбасыларына таратты. Ауылдағы мекеме қызметкерлері мұқтаж отбасыларына өз еңбек ақыларынан қаржылай қолдау көрсетсе, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат «Асанғали» шаруа қожалығының басшысы Қуатов Жауынбай екі бас ірі қара малын сойып, 24 аз қамтылған отбасына қайырымдылық жасады. Қайырымдылық істерінен ауыл жастары да сырт қалған жоқ. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер 250 түп терек ағашын мекемелер мен тұрғындарға тегін таратса, биыл 40 жыл толған түлектер жол жиегіне 200 түп тал отырғызды.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел қандай қиындық болса да жеңіп шығатынын тарих дәлелдеген. Аталарымыз: «Алтау ала болса - ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса-төбедегі келеді»,-деп татулық, қамқорлық, ынтымақ бар жерде көркейіп, даму болатынын айтып кеткен. Олай болса, карантин қойған талапты бәріміз орындап, аты жаман індетті бәріміз бірлесіп жеңетінімізге сенімдіміз.

Қ.Мажиев,

Бақсай ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT