Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді жаңашыл жолмен шешуге бағытталған әлеуметтік миссиясы бар бизнес. Оны әртүрлі елдердің азаматтары өз бетімен қоғамдағы өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін табысты қолданып келе жатыр.
Пайдасы қандай?
«Атамекен» ҰКП-ның Махамбет аудандық филиалының директоры Болат Рахметовтен әлеуметтік кәсіпкерліктің аудандағы дамуы жөнінде сұрағанбыз.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік көбіне, қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту, балалар демалысын тиімді ұйымдастыру сияқты қоғамда шешімін таппай, қордаланып қалған мәселелерді шешуге жұмыс істейді. Атырау облысында әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына қолдау білдіріп отырған - Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі мақсаты - Атырау және Маңғыстау облыстарындағы әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешудің кәсіпкерлік жолдарын қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық әлеуметтік бастамаларға көмек көрсету. Осы бағдарламаға Махамбет ауданынан қатысып, бағын сынап, жеңімпаз атанған азаматтарымыз да бар»,- дейді Болат Махонұлы.
Онлайн оқу
2020 жылдың 3 сәуірінде «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауының жартылай финалистерін онлайн марапаттау рәсімі өткен-ді. «Жарқыра» бағдарламасына осы жылы Атырау облысы бойынша 112 адам қатысуға өтініш білдірген. Бес адамнан тұратын сарапшылар комитетінің дауыс беруі нәтижесінде іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздік 30 қатысушы жартылай финалға өтті. Солардың арасында Махамбет ауданынан қатысқан Анаргүл Мұханова да бар.
Анаргүл Мұханова, көпбалалы ана:
«Менің пластик қалдықтарын жинау мен қайта өңдеуге бағытталған жобам сарапшылардың көңілінен шыққанына және келесі кезеңге өткеніме өте қуаныштымын. Сарапшыларға жобамды толықтай жүзеге асыруға пластикалық құтыларды престейтін арнайы аппарат қажеттігін жеткізген болатынмын. Енді 13 сәуірде басталатын бизнес жүргізуге қатысты 2 айлық оқуға қатысамын. Негізі оқу Атырау қаласында болу қажет болған. Еліміздегі бүгінгі ахуалға байланысты онлайн оқуға мәжбүрміз. Бірақ 30 қатысушының барлығы бірдей қаржылай қолдауға ие болмайды, сарапшылар тағы талдау жасайды. Жеңімпаздарға қайтарымды да, қайтарымсыз да қаржы беріледі»
Қаржылай қолдаудан кімдер үмітті?
«Жарқыра» бағдарламасына қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Әрі оны үйрену талаптары қарапайым. Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші – әлеуметтік идеяларды іріктеу кезеңі, екінші кезең - қатысушыларды таныстыру, семинар мен дәрістер оқу. Сондай-ақ тағылымдамадан өтіп, кеңес беріліп, бизнес-жобаларын қорғау. Яғни, әлеуметтік идеяны бизнес жоспарға дейін жеткізу барысын қамтиды. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге 1,5 млн-нан 3 млн теңге бөлінеді. Пайызсыз қарыз 5 жылға берілмек. Қаржылық көмектен бөлек «Жарқыра» бағдарламасының жеңімпаздары мамандықтары бойынша елде және шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Бағдарламасының игілігін көргендер
Махамбет ауданы орталығынан ашылған «Ер жүректілер» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының дамуына да «Жарқыра» бағдарламасының септігі тиген болатын.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарға тоғызқұмалақ, теннис, дойбы секілді спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасайтын спорт клубын ашқымыз келді. Осылайша 2018 жылы осы бағдарлама туралы естіп,өз жобамызды ұсындық. Бірнеше іріктеу кезеңінен кейін 8 адам қаржылай қолдауға ие болдық. Бағдарлама барысында қаржылық сауаттылық, маркетинг, ораторлық өнер секілді қажетті дүниелерді үйреніп шықтық. Жеңімпаздар тәжірибеге алмасуға көршілес Ресей еліне, Алматы қаласына жіберілді. Жолдасым Гүлден екеуміз Алматы қаласына барып, мен теннис, тоғызқұмалақ спорты, Гүлден «С-1: бухгалтерлік сауаттылық» бойынша тәжірибе алмасып келдік. Қазіргі таңда спорт клубтың жұмысы жақсы жолға қойылып келеді. Түрлі республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздарын дайындап отырмыз. Биылғы қатысушыларға сәттілік тілейміз»,- дейді спорт клубының жетекшісі Мұхадия Қуангереев.
Түйін
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 250-дей әлеуметтік кәсіпорын тіркелген екен. Ресми емес ақпаратқа сүйенсек, бұл көрсеткіштің жоғары екенін көруге болады. Алайда, бұл салада қарқынды даму үдерісі соншалықты байқалмайды. Қоғам тарапынан серпіліс керек-ақ. «Жарқыра» секілді бағдарламалар арқылы кәсіпкерліктің бұл түрі екінші тынысын ашып, жаңа қарқынмен дамиды деген сенімдеміз.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ