Матадан жасалған бетперде қаншалықты қауіпсіз?

Бүкіл әлемге қауіп төндіріп, бір сәтте жер шарын жайлаған қатерлі пандемия коронавирусты жұқтырғандар саны соңғы мәліметтерге сәйкес 1,5 млн-нан асып кетті.

Ал, көз жұмғандар саны 100 мыңға жуықтаған. Соңғы үлгідегі жанармайсыз көлік, сымсыз телефон, түрлі нанотехнологиялар мен тіпті адамды алмастырғыш роботқа дейін ойлап тапқан ғалымдар әзірге бұл ауруға қарсы вакцинаны таба алмай жатыр. Адамдардан талап етілетін ең тиімді әдіс әзірге карантинде үйден шықпай, тазалықты сақтау және қорғану болып отыр. Жасыратыны жоқ, карантиннің алғашқы күнінен-ақ біздің елімізде медициналық бетперделер мен қолғаптардың, антисептиктер мен дәрі-дәрмектің тапшылығы бірден сезілді.

Облыс орталығы мен аудандардың арасына блок посттар қойылғанымен, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тасымалдауға рұқсат етілді, бірақ дәріханаларда маскасы да, басқасы да жоқ. Көп түкірсе көл демей ме? Халықтың денсаулығы мен өмірі сынға түскен шақта ешкім аянып жатқан жоқ. Еріктілер мен тігіншілер қолдарынан келгенше матадан бетперде тігіп тегін, тіпті арзан бағада үлестіріп жатыр. Ал, осы бетперделер қаншалықты қауіпсіз? Оларды қаншалықты жиі ауыстыру керек? және т.б маңызды сауалдарға Махамбет аудандық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Сара Қабазова жауап берді:

-Медициналық стандартқа сай бетперде қанша қабат болуы шарт?

-Медициналық бір реттік пайдаланатын бетперделер екі қабатты болады. Ал, матадан тігілген маска кем дегенде 4, 8 қабат болуы қажет. Матадан тігілген бетперде неше күнге жарамды? -Жалпы медицинада бетпердені қайта пайдалану деген түсінік жоқ. Матадан тігілген бетперденің өзін күніне кем дегенде екі рет ауыстырып кию керек. Әр пайдаланған сайын антисептикалық құралдармен жуып, стерильдеп, үтіктеп тағу қажет.

-Бетпердеге таңдалатын матаның материалы қандай болады?

-Әрине, тыныс алуға ыңғайлы, синтетикасы жоқ таза мақтадан дайындалған мата қажет. Негізінен бетперде үшін ең тиімді әрі ең қауіпсіз ол - дәке болып табылады. Мүмкіндік болса, дәріханадан стерильденген, болмаса дүкеннен алынған дәкені жуып, үтіктеп 4,8 қабаттап бетперде жасаған жөн.Себебі, дәке арқылы тыныс алу оңай әрі микроб, шаң-тозаң өтпейді.

-Карантин уақытында залалсыздандыру қалай жасалады?

-Жалпы кранантин уақытында залалсыздандыру ғимараттардың ауласына, есігінің алдына, көшедегі жаяу жүргіншілер жолына, саябақтар мен көпқабатты пәтерлердің кіреберісіне жасалады. Азық-түлік дүкендері мен жеке кәсіпкерлік нысандарға меншік иесі өзі жасатады. Химиялық қоспаның құрамы Қазақстан Республикасы аумағында пайдалануға рұқсат етілген заттардан тұрады. Көп жағдайда ДЕОХЛОРДЫ пайдаланады.

-Үй жағдайындағы дезинфекцияға қандай химиялық құралдар пайдалануға рұқсат етілген?

- Ең алдымен көбіне үй жағдайында дезинфекция жасау үшін пайдаланатын хлор таблеткаларын сатып алған кезде міндетті түрде сыртқы қорабын немесе қолдану жөніндегі нұсқаулықты сатушыдан сұраңыз. Мүмкіндік болса, оларды дәріханалардан алған дұрыс. Себебі, химиялық құрал болғандықтан оны нормадан тыс пайдалану, түрлі тері аурулары мен аллергияға әкеп соқтырады. Мәселен, үй жағдайында залалсыздандыру жасау үшін 1 дана хлор таблеткасын 10 литр суға езіп, сол бойда пайдаланасыз. Халық арасында суға езілген хлорды жабық ыдысқа сақтап қою деген түсінік бар. Бұл қате, себебі қоспа неғұрлым көп тұрса, соғұрлым күшін жояды. Сонымен қатар белизна дезинфекциялық құралға жатпайды. Ал, тазалықты аяқтаған соң міндетті түрде есік-терезелерді ашып, бөлмелерді желдетіп алыңыз.

- Есік тұтқаларына хлорлы дәке орап қою тиімді әдіс пе?

- Маман ретінде бұл мүлде теріс әдіс деп айтар едім. Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жариялаған қаулысына сәйкес азық-түлік дүкендері мен жеке кәсіпкерлік нысандарда, үкіметтік емес ұйымдарда әрбір 2-3 сағат сайын ылғалды залалсыздандыру жұмыстарын жасау тапсырылды. Демек есік тұтқалары, терезе жақтаулары мен еден үнемі ылғалды болуы қажет. Ал, таңертең байланған хлорлы дәке кешке дейін кеуіп тұра берсе, оны әрбір кіріп-шыққан адам қолымен ұстаса, инфекцияны жою емес тарату процессі жүріп кетеді.

Сұхбаттасқан: А.САТАЕВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT