Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ: «Туған жерге қызмет ету парыз»

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл - Еріктілер жылы болып жарияланды. Осыған орай Таңдай ауылында белгілі журналист Қадыржан Қазымбекұлының бастамасымен «Парыз» еріктілер тобы құрылды.

-Қадыржан аға, еріктілер тобын құруға не түрткі болды?

-Біздің қазақ халқы әуелден де қысылшаң шақта біріне-бірі көмек қолын созып, қамқор болған, жүрек әмірімен жүріп, иманды қалпынан айнымай, тар жерден жол тауып, қиналғанға жәрдем берген, жанына жалау,тарыққанға демеу, жақсылыққа жақын болған. Бұл жақсы дәстүр мен әдет қазіргі заманда да өз қалпын жойған жоқ. Еріктілер тобын құруға осы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға деген құлшынысымыз және Мемлекет басшысының биылғы жылды еріктілер жылы деп жариялауы түрткі болды.

- Топ құрамында неше адам бар?

-«Парыз» еріктілер тобы негізінен Бақсай ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылды. Әзірге тобымызда 30 адам бар. Ерекшелігі топқа жас айырмашылығына қарамастан кез-келген адам мүше бола алады. Алға қарай тобымыздың мүшелерін 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тобымызға ерікті түрде тілек білдірген Таңдай ауылының әр азаматы мен азаматшасы мүше бола алады. Сондықтан ауыл азаматтары мен азаматшаларын «Парыз» еріктілер тобының қатарына шақырамыз.

-Жоспар демекші, атқарып жатқан, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарыңыздың бағыты туралы айтсаңыз?

-Бұл топ - жоқ-жітіктер мен ерекше туылған жандарға көмектеседі. Ауылдың көркеюіне, экологиясының жақсаруына, реттілігі мен тазалығына үлес қосады. Адамдардың рухани жан дүниесін байыту мақсатындағы іс-шаралар ұйымдастырады. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы тәрбиені, дене шынықтыру мен спортты дамытуға, саламатты өмір салтын орнықтыруға үлес қосады. Діни жөн-жоралғылардың өтуіне, қоғамдық тәртіптің сақталуына, қылмыстылықтың алдын алу жұмыстарына ерікті түрде араласады. Топтың әр мүшесін айқындайтын өз логотипі белгіленген эмблемасы болады. «Парыз» еріктілер тобы өздері белгілеген іс-шараларды кез келген уақытта атқара алады.

-Топтың атын не себепті «Парыз» деп атадыңыздар?

-Әр адамның туған жері өзі үшін Мысыр шаһары. Өмірге адам болып келгеннен кейін кіндік қаны тамған жерге өлшеусіз қызмет ету әр азаматтың парызы. Ауыл еріктілерінен басты мақсаты да осы туған жер,туған ауыл үшін ерікті түрде қызмет ету болып табылады. Топтың атының «Парыз» деп аталуының сыры осында жатыр.

- Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік!

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT