Президент ел мүддесін айқын көрсетті

Күні кеше Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 56-шы рет өтіп жатқан Мюнхен конференциясына қатысып, өз ойы мен пікірін ашық жеткізуі әлем саясаткерлерінің назарын бізге аудартты десе болады.

Конференция аясында ол "Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме" тақырыбында сөз сөйлеп, Ауғанстан президенті Мохаммед Ашраф Ғанимен панельдік дискуссия жүргізді. Пікірталастың модераторы болған америкалық дипломат, Халықаралық байланыстар жөніндегі кеңес президенті Ричард Натан Хаастың тосыннан қойған сұрақтарына да мемлекет басшысы өте ұтымды әрі сауатты жауап қайтарды. Әсіресе, көршілес ірі державалар Қытай және Ресеймен байланыстың өз орны, маңызы бар екендігін, әрбірімен бейбіт мақсатта, ел экономикасын дамыту үшін қарым-қатынас жасалып отырғанын нақты түсіндірді.

Сонымен қатар «2-3 жылдан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз?» деген сауалына: « - Азаматтық қоғамды дамытуға күш саламыз, Парламенттің ықпалы күшеюі қажет» деп жауап берді. Жалпы Мюнхен конференциясына жыл сайын әлемнің 70 мемлекетінен 400-600 адам қатысады. Олардың арасында мемлекет және үкімет басшылары, әскери әрі саяси көшбасшылар, министрлер кабинетінің мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері қамтылды.

Мюнхен конференциясын өткізудің алғашқы жылдарында бірінші кезекте Еуро-Атлантикалық аймақтағы қауіпсіздік қатерлерін болдырмауға назар аударылды. Бұл жолғы 56-шы конференцияда сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылады.

Екі күндік іссапар барысында бірнеше мемлекет басшылары мен дипломаттармен келіссөздер жүргізіп, ірі көлемді компаниялардың басшыларымен кездесіп үлгерген ел перзиденті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылғы Мюнхен конференциясына да шақырту алып қайтты. Демек, Қазақстанның әлемдік қауіпсіздік деңгейіндегі мәселелердегі көзқарасы мен позициясы шет елдер үшін маңызды болып отыр.

Әділ ЖҰБАНОВ,

Облыстық мәслихат депутаты

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT