ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Н.Балғымбаев атындағы даму және коммуникация орталығында Қазақстанның балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі кездесу кезінде оның ректоры Гүлзада Шакуликова Үкімет басшысымен «Балық шаруашылығы және кәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша мамандар дайындау мәселесін талқылады.
Премьер-Министр ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзом Мырзағалиевке ЖОО-ның бастамасын қолдауды және өңірге де, жалпы елге де қажет балық саласы мамандарын дайындауда қолқабыс етуді тапсырды.
Г.Шакуликова нақтылап айтқандай, тиісті кадрларды дайындау «Ихтиология, кәсіптік балық аулау және балық шаруашылығы» мамандығы бойынша 2001 жылдан, ал, «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Балық шаруашылығы саласының ардагерлері де аталған саланың мамандарын дайындау бүгін өңір үшін аса өзекті мәселе екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Атырау облысында балық аулайтын 18 өндірістік кооператив қызмет етеді. Өткен жылы өңірге 15 464 тонна балық аулауға квота бөлініп, ол 84,7% игерілді.