Ұлтым - неміс, болмысым - қазақ

Атам Василий Шилинберг Егорвич бір уақыттары қазіргі Махамбет, бұрынғы «Яманкаға» жұмыс барысымен келіп, әжеммен танысып, көңіл жарастырып, отау құрады. Кейін олар Қостанай қаласындағы атамның туыстарына көшіп барып, ұзақ жылдар сол жақта қоныстанған.

Мен ата-әжелеріміздің ерте кездегі тарихын көп біле бермеймін, бірақ, үлкендердің қолында тәрбиелендім. Көзімді ашқалы осы Махамбетте, қазақтардың ортасында өсіп-өндім. Әжеміз орыс, анамыз қазақ болғандықтан біз екіжақты тәрбие алдық. Отбасында қазақ-орыс тілінде емін-еркін сөйлейміз. Мәселен, бізде қазақтың ұлттық мейрамы Наурызды да, сонымен қатар құс келетін көктем уақыты болғандықтан «жаворонка» мерекесін де тойлаймыз. Бірақ қашанда қазақ халқының салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне құрметпен қараймыз.

Тағдыр бізді ұлтымыз неміс болса да Германияда емес, дәл осы қазақ жерінде туылып, осы елдің азаматы болуымызды бұйырған соң, ешқашан отанымызға оралуды ойламадық. Әкем өмірлік жары ретінде қазақ қызын таңдаса, мен қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, екі қыздың анасы атандым. Қайын жұртым мені қазақ келіндерінен де артық қызмет көрсеттің деп мақтап жататын. Демек, бұл менің отбасымдағы қазақы тәрбиенің берік сақталғанының көрініс болса керек. Қазіргі таңда Германиядағы атамның туыстарымен жиі байланысып тұрамыз және Қазақстандағы соңғы жаңалықтардан олар да хабардар. 130-дан астам ұлт пен ұлысқа есігін айқара ашып, кеңпейіл құшағын жайған қазақ еліне, жеріне, заңдарына құрметпен қарау әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білемін.

Мен қыздарыма немістің салт-дәстүрін, тұрмысын айтып бере алмаймын. Себебі, мен қазақтың ортасында тәрбиелендім, қағаз жүзінде неміс болғаныммен, табиғатым мен болмысым қазақ. Жолдасым о дүниелік болып кетсе де, қыздарымды ата-әжесімен бірге қазақы тәрбиеде, барынша жан-жақты қылып өсіруді қалаймын. Бұл жерде біз өзімізді еш уақытта бөтен сезінген емеспіз және қазақтардың да басқа ұлт өкілдеріне деген құрметі мен сыйластығын көріп жүрміз. Жаман ұлт, жаман Отан болмайды, тек теріс түсінік пен қате пікір, тәкаппарлық адамдардың ойын, ортаны бұзады.

Қандай да бір заман болып, қазақтардың басына күн туса, қай мемлекет пана болып, елін-жерін ұсынар еді? Бүгінгідей нарықтық, дамыған қоғамда, бұл әсте мүмкін емес. Ал, қазақ халқы қиын-қыстау заманда қаншама жер аударылған, теперішке ұшыраған, қудаланған ұлт пен ұлыстарды өз үйіне паналатып, бір үзім нанды бөліп беріп, аштық пен соғыстан аман алып қалды. Осы қамқорлық пен ерлікті біз болашақ ұрпаққа жеткізіп, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті оятуымыз керек.

Ольга Беккулова (Шилинберг),

аудандық ауа-райын болжау стансасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT